Алматыдағы опера түні
<p style="text-align: left;">Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-мау­сым­ның шымыл­­дығын «Опера­да­ғы түн» жобасымен жапты. Ашық аспан астында өткен мәдени іс-шара мың­­даған көрерменді жи­нап, қала өміріндегі айту­­лы оқиғаға айнал­ды.</p>

Театр алаңында ұйымдастырылған концертке 5 мыңнан аса адам қатысып, қала тұрғындары мен қонақтары классикалық және ұлттық опера өнерінің таңдаулы туындыларын тамашалады.
Кеш барысында театрдың симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуімен жетекші солистер әлемдік опера өнерінің жауһарларын орындады. Бағдарламаға Карл Орфтың әйгілі «O Fortuna» шығармасы, Джузеппе Верди мен Джакомо Пуччини операларынан үзінділер, сондай-ақ қазақ опера өнерінің классикалық туындылары – «Біржан – Сара» мен «Абай» операларынан ариялар енді.
Концерттің ерекше сәттерінің бірі – мыңдаған көрерменнің театр әртістерімен бірге «Гүл Алматы» әнін қосыла орындауы болды. Жобаны жүзеге асыруға 200-ден астам өнерпаз қатысты. Олардың қатарында театрдың тәжірибелі солистерімен бірге жас орындаушылар да өнер көрсетті.
Музыкалық жетекшілікті дирижерлер Нұржан Байбосынов пен Қуаныш Исмаилов атқарды. Бас хормейстер Әлия Темірбекова хордың орындаушылық деңгейін қамтамасыз етсе, қоюшы режиссер Наталья Кагадий мен режиссер Алуа Сабо концерттік бағдарламаны тұтас сахналық қойылым деңгейіне көтерді.
«Операдағы түн» жобасы классикалық өнерді көпшілікке жақындатып, Алматының мәдени өміріндегі жаңа дәстүрдің қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Ашық аспан астында өткен өнер кеші қала тұрғындарын ортақ мәдени кеңістікке біріктіріп, мегаполистің рухани келбетін айшықтай түсті.
АЛМАТЫ