Қарағанды облысында 3 теміржол вокзалы жаңартылды
<p><strong>Жаңғырту бағдарламасы шеңберінде Нұра, Қарағанды − Сұрыптау, Жаңа Қарағанды станцияларындағы теміржол вокзалдары, сондай-ақ Шет ауданындағы Айса станциясының жолаушылар платформасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz.</a></strong></p>

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан бағдарламаға облыстан 14 теміржол вокзалы мен жолаушылар платформасы енген болатын. Бүгін пайдалануға берілген нысандар алғашқылардың бірі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жұмыс барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі үй-жайлары толық жаңартылды, инженерлік желілер, жылыту, сумен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылды. Вокзалда заманауи күту аймақтары жасалып, навигация жақсартылды, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.
«Жаңғыртылған маңызды нысандардың бірі – 1965 жылы салынған Қарағанды − Сұрыптау станциясының вокзалы. Ұзақ жылдар пайдаланылған ғимарат кешенді жаңартуды қажет етті. Бүгінде вокзал толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сәйкес келтірілді. Бұл станция арқылы тәулігіне 21 жолаушылар пойызы қатынайды», делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстанда жаңғыртудан өткен алғашқы теміржол вокзалдары пайдалануға берілді
Өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жаздың соңына дейін Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дария, Жарық, Мырза және Сарыбел станцияларындағы вокзалдарды, сондай-ақ Теміртау мен Сарышаған станцияларындағы жолаушылар платформаларын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, елімізде соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылған. 2030 жылға қарай министрлік жолаушылар паркін жаңарту деңгейін 90%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.