Мессиді турнирде қалдырғысы келеді: Мысыр бапкері ФИФА-ны айыптады
<p><strong>Әлем чемпионатының 1/8 финалындағы Аргентина мен Мысыр арасындағы ойынның соңы дауға ұласты. Жеңіліс тапқан Мысыр құрамасының өкілдері матчтың әділ өткеніне күмән келтіріп, төрешілердің шешімдері мен ФИФА-ның әрекетін қатаң айыптады, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>
Al Jazeera мәліметінше, матчтағы даудың басты себебі – 58-минутта Мысыр шабуылшысы Мостафа Зико соққан голдың VAR тексерісінен кейін есепке алынбауы болды. VAR жүйесіне жауапты төрешілер гол соғылар алдында мысырлық футболшының Аргентина қорғаушысы Лисандро Мартинестің аяғын басқанын анықтап, голды есепке алмады.
Египет шабуылшысы Зико матчтан кейінгі сұхбатында турнирдің әділ өткеніне күмән келтіретінін жеткізді.
«Турнир толықтай алдын ала ұйымдастырылғандай көрінді. Төреші әділетсіз болды. Ол біздің бүкіл еңбегімізді жоққа шығарды», деді футболшы.
Мысыр құрамасының бас бапкері Хоссам Хассан да төрешілікке наразылық білдіріп, ФИФА-ны қаржылық мүддені бірінші орынға қойып отыр деп айыптады. Ол өз сөзінде ұйым Лионель Мессидің турнирде мүмкіндігінше ұзақ өнер көрсетуіне мүдделі болып отырғанын атап өтті.
Алайда ФИФА бұл айыптауларға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Еске сала кетейік, 1/8 финалдағы соңғы жұптық ойында Аргентина құрамасы Мысырдан 3:2 есебімен басым түскен болатын. Египет құрамасынан алғашқы голды ойынның 15-ші минутында Хессем Хассан соқты. Екінші таймның 67-ші минутында Мостафа Зико есепті еселеді.
Алайда Аргентина есепті теңестіріп қана қоймай, кэмбек жасады. Құрама сапынан Кристиан Ромеро, Лионель Месси мен Энцо Фернандес гол соқты.