Күй анасы бейнеленген композиция
<p style="text-align: left;">Танымал күйшілеріміздің ескерткіші асқақтаған Атырауда Ұлттық домбыра күнінде ауқымды іс-шара өтті. Мұнайлы шаһардағы «Сұлтан Бейбарыс» алаңына кәсіби музыканттар, музыка мектептерінің оқушылары мен әуесқой домбырашылар жиналды.</p>

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған іс-шарада бірнеше мақсат көзделіпті. Біріншіден, ұлттық өнерді дәріптеу, екіншіден, қазақтың күйшілік дәстүрін сақтау, үшіншіден, домбыраның мәртебесін көтеру. Іс-шараға қатысушылар домбырасын ала келіп, қазақ музыка өнерінің жауһарына айналған бірнеше күйді бір мезетте орындады. Оның бірі – Құрманғазының «Балбырауыны», екіншісі – Құсайын Сейілхановтың «Мереке» күйі.
Бұл күні Дина Нұрпейісова атындағы академиялық Қазақ халық аспаптар оркестрі мен Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық ас-паптар оркестрі, «Сармад» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Оркестрлер қазақ күй өнеріндегі қайта-ланбас шығармаларды – Құрманғазының «Сарыарқа», Түркештің «Көңілашар», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр», Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйін орындады.
Облыстық халық шығарма-шылығы орталығының әдіскері Нәзира Әшімнің айтуынша, бұл мереке екі маңызды оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Биыл – әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл.
«Күй анасының шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның күйлерін дәріптеуге баса назар аударылды. Осыған орай облыстың жеті ауданы мен әр ауылынан жиналған домбырашылар Дина Нұрпейісованың бейнесін бейнелейтін көркем композиция жасады», дейді Н.Әшім.
Бірнеше күй орындаған домбырашылардың арасында әр буынның өкілі бар. Домбырашының бірі – Дамбы ауылындағы музыка мектебінің 5-сынып оқушысы Назерке Аманжол. Балауса өнерпаз төрт жылдан бері домбыра сыныбында дәріс алып жүр.
«Домбырамен күй тартқанды жақсы көремін. Бірнеше әннің сазын орындап жүрмін. Бірақ алаңда кәсіби домбырашылармен бірге өнер көрсетудің әсері ерекше екен. Дайындық кезіндегі ұстаздарымның кеңесі көп көмегін тигізді», дейді Н.Аманжол.
Мерекелі іс-шарадағы «Күй тартыс» тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Бұл өнер сайысында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев пен халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақбөкен Темір, Санжар Қатапов, Нұрлыбек Нәжекенов өзара күй тартып, орындаушылық шеберлігін паш етті. Сондай-ақ екі оркестр мен жеке домбырашылар қазақ күй өнерінің атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі «Адай» күйін бірлесе орындады.
Домбыра күніне орай өткен гала-концертте танымал әншілер Қуандық Рахым мен «Заман» тобы өнер көрсетті. Олар жұрт көңілінен орын алған әндерді орындады.
Атырау облысы