Ғажайып мекен
<p style="text-align: left;">Шығыс Қазақстан Өнер музейінде суретші Александр Горе­ловтың «Алтайдағы Шамбала» атты жеке көрмесі ашылды.</p>

Айта кетейік, Шамбала – ежелгі наным-сенімде аты аңызға айналған қасиетті мекен. Ондағы жұрт көбіне рухани кемелдікке жеткен, даналық пен бейбітшілік салтанат құрған құпия ел деп сипатталады. Алтай аңыздарында мұндай мекенді ақ жұмақ деп те атаған көрінеді. Ал біздің кейіпкеріміз суреттеген ғажап мекен тіпті де қиял әлемінде емес. Әмбеге аян Дұбығалы көлінің жағасы. Айна көлді алқалаған ғажайып жартастардың бірі батырдың тұлғасына, бірі мамонттың бас сүйегіне, енді бірі қолтырауын бейнесіне ұқсайды.
– Неге екенін қайдам, айналамыздағы ғажайыптарды байқай бермейміз. Бүгінгі көрмеден көпшілік сонау Дұбығалы көлінің маңайындағы ерекше жартастарды көріп, таңғалысып жатыр. Көрме әлі жалғасады, есігіміз ашық, – дейді музей қызметкері Оразай Жеңісұлы.
Ал «Алтайдағы Шамбала» экспозициясымен таныс болғандар Дұбығалы жағасына барса, мүлде басқа әлемге, суретші сипаттаған ақ жұмаққа тап болғандай болады. Қожыр-қожыр тастарға қарап, табиғаттың шексіз сұлулығына қайран қаласыз.

Суретші бұл мекенді ежелгі өркениеттің ошағы деп есептейді. Ғажап жартастар табиғаттың ғана емес, адам қолының туындысы деп санайды. Кемеліне жеткен ежелгі өркениеттің жұрнағын бүгінгі ұрпақ танып, білсе деген тілегі бар. Бірегей көрме арқалаған бір жүк осы.
Көрмеде автордың 30 кескіндеме туындысы ұсынылған. Шығармалардың негізгі арқауы Дұбығалы көлінің маңындағы ерекше жартас түзілімдері екенін айттық. Табиғат бедерінен өзгеше бейнелерді көре білген суретші оларды шығармашылық қиялымен ұштастырып, мифологиялық образдар арқылы көркем шешім тапқан.
Экспозицияда шынайы табиғат көріністері мен қиял әлемі астасып, көрерменді туған өлкенің тылсым сырын тануға жетелейді. Әрбір туынды табиғаттың сұлулығын ғана емес, адам мен қоршаған орта арасындағы рухани байланысты да бейнелейді.
Көрменің ашылу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, суретшілер, өнерсүйер қауым және қала тұрғындары қатысты. Қонақтар автордың шығармашылығына жоғары баға беріп, көрме туралы жылы лебіздерін білдірді.
«Алтайдағы Шамбала» көрмесі 1 тамызға дейін ашық болады. Өнерсүйер қауым үшін бұл көрме Алтайдың табиғи мұрасын жаңа қырынан танып, кескіндеме өнерінің көркем әлеміне бойлауға мүмкіндік береді.
ӨСКЕМЕН