Үкімет
3 мин оқу 21

Алатау қаласын дамыту мәселелері талқыланды

<p style="text-align: left;">Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте &laquo;Алатау қаласының арнаулы құқықтық режімі туралы&raquo; конституциялық заңды іске асыру, жаңа қаланы одан әрі дамыту мәселелері қаралды.</p>

Алатау қаласын дамыту мәселелері талқыланды

Жиында Үкімет басшысы биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Консти­туция ауқымды президенттік рефор­малардың жалғасы екенін әрі экономиканы одан әрі жаңғырту үшін берік негіз қалайтынын атап өтті. Бұл тұрғыда инвестиция тартуға, озық басқару шешімдерін енгізуге және қаланың жаңа моделін құруға бағытталған Alatau City жобасы ерекше маңызға ие.

«Негізгі заңмен бірге «Алатау қала­сының арнаулы құқықтық режімі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Президент тапсырмасына сәйкес Alatau City жобасы экономикалық даму драйверлерінің бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алатау қаласының кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеті – арнаулы құқықтық режімді уақтылы әрі сапалы іске асыруды қамтамасыз ету», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осыдан соң Alatau City Authority бас атқарушы директоры Алишер Абды­қадыров ұйымның ағымдағы қызметі мен Алатау қаласын одан әрі дамыту жоспарлары туралы баяндады. Бүгінде қаланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру, стратегиялық құжаттарды әзірлеу, мемлекеттік басқарудың заманауи жүйесін құру, инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Алатаудың бар­лық елді мекеніндегі инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Олар – Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір, Жаңаталап шағын аудандары. Биыл жыл соңына дейін қаланы дамытудың 2055 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарын, жетекші халықаралық консалтингтік «ARUP» және «BCG» компанияларын тарта отырып, 2040 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен мастер-жоспарды әзірлеу жоспарланған.

Кеңес отырысында K-Smart City, Alatau AI-Driven City мен Alatau Crypto City жобаларына назар аударылды. K-Smart City шеңберінде қанатқақты жоба ретінде Оңтүстік Кореяның тәжірибесінен озық смарт-технологияларды қолдана отырып, ауданы 330 гектар болатын жерге өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құру көзделген. Ал Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы нақты уақыт режімінде қала­лық үдерістерді басқару үшін цифрлық сыңарды, Big Data және жасанды интеллектіні енгізуді қарастырады. Сол секілді Alatau Crypto City аясында токенизация және қаланың Web3-экожүйесін қалыптастыру жобалары іске асырылады.

Жалпы, Alatau City Authority дерек­тері бойынша 51 мың жұмыс орны ашылатын 2 трлн теңге сомасына 53 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Негізгі жобалардың қатарында құны 1 млрд доллардан асатын Iconic Complex, PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты, «AutoFlight» пен «Joby» компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары, сондай-ақ KAIST университетінің кампусын салу жобасы бар. Бұған қоса, 2026 жылдың соңына дейін токенизациялау аясында алғашқы жобаларды іске қосу, резиденттерді тарту және виртуалды әрі нақты экономиканы біріктіретін бірыңғай кеңістік қалыптастыру жоспарланып отыр.

Күн тәртібіндегі мәселелерді қорыта келе кеңес бірқатар шешім қабылдады. Ұйымның құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және басқару жүйесін айқындайтын Alatau City Authority туралы ереже бекітілді. Осыған сәйкес, Alatau City Authority мемлекеттік қоры басқарманың арнайы ұйымы – Алатау қаласының жұмыс істеуі мен ­даму­ына жауапты мемлекеттік орган болып қайта құрылады. Қаланы тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін Жедел комитет пен Реттеуші комиссия құру туралы шешім қабылданды. Жедел комитет уақтылы шешім қабылдауды талап ететін мәселелерді қарайтын болады. Реттеуші комиссия нормативтік құқықтық актілерді бекітеді. Сондай-ақ арнайы құқықтық режім шеңберінде озық халықаралық тәжірибелер енгізіледі. Өтпелі кезең мәселелерін реттеу мақсатында кеңес Алатау қаласы әкімдігінің жанынан Жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құруды қолдады. Осы комиссияның міндеттеріне қаланың мастер-жоспары бекітілгенге дейін басым инвестициялық жобаларды сүйемелдеу де кіреді. Соңында Премьер-министр мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге қаланы дамытудың негізгі бағыттары аясында жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Бөлісу: