Жаңбыр, найзағай, дауыл: 13 шілдеге арналған ауа райы болжамы
Бүгін республиканың батысында, солтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Таулы аймақтарда бұршақ жауып, дауыл болуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тек Қазақстанның оңтүстігінде, шығысында, орталығында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді. Түнде және таңертең еліміздің батысында, солтүстігінде тұман болуы ықтимал.
Күндіз Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Жетісу, Абай облыстарында 35-43 градус қатты ыстық болады.
Күндіз Маңғыстау, Ұлытау облыстарында, Жетісу облысының солтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде, Қарағанды, Қызылорда облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының орталығында 40-45 градус қатты ыстық болжанған.
Айта кетейік, Швейцариядағы аптап ыстық мұздықтардың еруін жеделдетті. Бақылау жүргізілетін нүктелердің бірінде екі аптаға созылған экстремалды ыстық кезінде мұз қабатының қалыңдығы шамамен 1,5 метрге азайған.