19 Қаңтар, 2010

АЙУАНДЫҚ ӘРЕКЕТ АШЫЛДЫ

1363 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

test456

Таяуда орын алған осынау қайғылы оқиғаны анықтау Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің із кесушілері мен тергеушілерінің жанқиярлық еңбектерінің арқасында мүмкін болды. Жан түршігерлік оқиғаға қатысты адамдардың есімдері әдеп тұрғысы бойынша өзгертіліп алынды. 2009 жылғы 23 қыркүйек күні Ор­ал қалалық ішкі істер бас­қар­ма­сының Абай полиция бөліміне М. есімді азаматша арыздана келді. 21 қыркүйек күні сағат 20.50-де Орал қаласындағы үйінен шығып кеткен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті, 1981 жылы туған Ақмарал есімді сіңлісінің үйге қайтып оралмағанын баяндады. Облыстық ІІД және Орал қаласы ІІБ криминалдық полиция қыз­мет­керлері дереу іздестіру іс-шараларын бас­­тады. Оның барысында хабар-ошарсыз жоғалған Ақмаралдың қыл­мыс­тың құрбаны болған деген тоқ­тамға келетіндей жағдайлар анық­талды. Өйткені, жоғалған қыз 21 қыр­күйектен бері не үйіне, не оқу ор­­нына келмеген, құрбы қызда­ры­ның не туыстарының біріне хабарласпаған. Осы жағдайларды ескере отырып, Орал қаласының ІІБ Ақмаралдың хабар-ошарсыз жоғалуына байла­нысты Қылмыстық кодекстің 96-бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында Ақ­ма­рал­дың 21 қыркүйектің кешінде Жә­мила есімді құрбысымен “Бал­тика” кафесінде отырып, Қайрат және Армат есімді екі жігітпен та­ныс­қаны, олардың қыздарды Достық даңғы­лын­да орналасқан жалдамалы пә­терге кешті жалғастыруға шақыр­ға­ны анықталды. Пәтерде жігіттер қыз­дар­ға тиісе бастағаннан кейін Жәмила Арматтан таксиге дейін шы­ғарып салуды өтініп, құрбысын Қай­рат­тың қасында қалдырып, өзі тайып тұрады. Осымен бәрі аяқталған сияқты, бірақ тергеу-тексеру іс-шаралары ке­зінде қыздарды таксиге: Жәмиланы қы­зыл мәшинеге отырғызып жібердік деген Армат пен Қайраттың кри­ми­на­листік есепте тұрғаны анықталды. Екеуінің берген жауаптарына бай­ла­нысты Ақмарал мініп кеткен ақ түсті “Фольксваген-Пассат” автокөлігінің жүргізушісін іздеу басталды. Алайда, Қайрат пен Армат жал­ған сөйлеп, тергеуді қате бағытқа бұрып отыр ма деген де күдік туды. Се­німсіздік туғызуға тыңшылардың кә­сіби біліктілігі мен көп жылғы тә­жірибелері және күдікті жігіттерді жеке зерттеу барысында анықталған объективті фактілер септігін тигізді. Арматтың кәмелетке толма­ған­дар­дың ұялы телефонын тонауға қа­тысы бар екені, ал Қайраттың басқа бір қызды зорлап, ұялы телефонын тонау бойынша бұрыннан есепте тұр­ғаны анықталды. Әлбетте, бұл қыл­мыстық іс зерделеніп, бір көмегі тиер деген оймен бұрынғы жәбірленуші Маринадан жауап алынды. Қайрат Маринаны да жалдамалы пәтерде зорлап, ұялы телефонын тартып алған, сосын буындырып тұншық­тыр­ған. Пәтерден жалаңаш күйінде қашып шыққан Марина көршілерден көмек сұрап, өлім аузынан қалған. Сондықтан да барлық күш Ақ­маралды Қайрат пен Арматтан басқа ешкім өлтірген жоқ деген басты нұсқа бойынша жұмыстануға жұм­сал­ды. Олар жалдаған пәтерді тінту және пәтер иесін жауаптау бар­ы­сын­да пәтерден қыздың денесін орап, алып шығуы мүмкін деген қалың тө­сек-орын жапқыштың, көрпенің және үлкен қара пакеттің жоғалғаны белгілі болды. Сондай-ақ, екі жақты жауап алу жолымен күдіктілердің қыздарды шығарып салғаннан кейін “достарымыздың үйінде түнедік” деген жалған алибилері жоққа шы­ға­рыл­ды. Полицияның заманауи мүм­кін­діктерінің көмегімен із-түзсіз жоғалған Ақмаралдың “Нокиа-5070” ұялы телефоны табылып, тәркіленді. Енді тек екі сұраққа ғана жауап табу керек еді: Ақмаралдың денесі қандай көлікпен және қайда апарып жасырылды? Жедел шаралардың арқасында күдіктілердің таң атқанға дейін танысы Қаныбектің авто­кө­лі­гі­мен жүргені анықталды. Өкінішке орай, Қаныбек үстіміздегі жылғы 10 қазанда әскери міндетін өтеу үшін Алматы облысына жол жүріп кеткен. Дереу сол жерге криминалдық по­ли­ция қызметкерлері іссапарға жі­бе­ріл­ді. Оларға Ішкі істер министрлігінің Ал­маты облысы бойынша әскери-тергеу басқармасының және №97617 әскери бөлімінің басшылығы мен қызметкерлері көп көмек көрсеткен. Осының арқасында қылмыскерлердің қыздың денесін шығаруға Қайраттың ағасының “ВАЗ-2106” автокөлігін пайдаланғаны белгілі болды. Өздерінің іс-әрекеттерін мо­йын­да­май, барынша тырысып баққан кү­діктілердің аса ауыр қылмысты жа­сағандары әшкереленіп, оларды ұс­тап, қамауға алатын сәт те туды. Ұс­тал­ғандарды жауаптау барысында олар­дың Ақмаралды зорлағаны және тұншықтырып өлтіргені белгілі болды. Жасаған қылмыстарының ізін жасыру үшін қыздың денесін төсек жапқыш пен көрпеге орап, Зеленов ауданы Белес ауылы аумағындағы орман алқаптарының бірінде бензин құйып, қыз денесін өртеп жіберген. Күні-түні жүрген тергеу-іздестіру жұмыстарының арқасында қыздың күл­ге айналған мүрдесі табылды. Екі аяқты жауыздардың қылмысы бұл­тарт­пай дәлелденіп, мойындарына қойылды. Фатихолла МАШТАҚОВ, БҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы, полиция полковнигі. Батыс Қазақстан облысы.