20 Қаңтар, 2010

АЛАҢДА АЛЫПТАР АЙҚАСАДЫ

1370 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Астанада бокстан өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты одан әрі жалғасуда. Дүйсенбі күні жекпе-жектер түске дейін 48, 60, ал түстен кейін 54 және 69 кг. салмақ дәрежесі бойынша өтті. Алдымен шаршы алаңдағы кездесулер туралы айтпас бұрын осының алдында рес­пуб­лика бокс федерациясының кеңсесінде өткен мандаттық комиссияның отырысы мен феде­ра­ция басшы­лығының бапкерлер құрамымен өт­кізген кездесу­лері жөнінде бірер сөз айта кетелік. Ал­ғашқысында екі ғана мәселе, биылғы чем­пионаттың бас төрешісі болатын маманды анық­тап алу және төрешілердің қызметін үйлестіру мәселесі қаралды. Мұнда федерацияның вице-президенті Жанболат Сәрсенов шаршы алаңның бас төрешісі болатын маманның есімін жария етті. Ол халықаралық дәрежедегі төреші Валерий Рачков екен. Федера­ция өкілінің уәжіне қара­ған­да, әлемдік додаларда біліктілігімен көзге түс­кен бұл Ресей маманы чемпионаттың маңызды деген жекпе-жектеріне ғана төрелік жасай­ты­нын, оны федерация басшылығының арнайы ша­қыртуының себебі отандық төрешілердің деңгейін төмендету емес, керісінше бә­се­ке­лердің әділ түрде өтуіне жағдай жасаумен ғана байланысты болып отырғанынан хабардар етті. Осыдан кейін ол отырыста төрешілердің жалпы қызметі жөнінде мәлімет беріп, Астана шаршы алаңына өзіміздегі 14 облыстан 30 реферидің шақырылғанын атап өтті. Ал федерация басшылығының бапкерлер құрамымен өткізген кездесуінде боксшылардың ден­саулығы, олардың осы чемпионатқа және ал­дағы жарыстарға дайындығы жөнінде мәселе қа­ралды. Иә, былғары қолғап иелерінің рес­публика чемпионаты сияқты жауапты сындарға дайындығы көп ретте жат­тық­тырушыларына байланысты. Егер бапкерлер шәкіртінен тек көрсеткішті талап етіп, жағ­дайына нем­құрай­­ды қа­райтын болса, бұдан боксшы да, жарыс­қа сол өңірден келіп отыр­ған команда да береке таппайды. Сондықтан “адам­ның күні адам­мен” дегендей, қазір бап­керлердің “күні” шәкіртіне, ал боксшы­ның “күні” бапкер­леріне, одан әрі шынын айтсақ, спорттың ба­сы-қасында жүрген аза­­мат­тар­дың қамқорлығына тікелей байланысты. Федерация бас­шы­лығының жоғарыдағы бап­керлермен кездесуінде міне, осы мәселе қабыр­­ға­сынан қойылып, өте қатты айтылды. Енді дүйсенбідегі бәсе­ке­лерге келейік. Осы күні түске дейін өткен кездесуде ұлттық құраманың бас бапкері Мыр­зағали Айтжа­нов­тың шәкірті Біржан Жақып 48 кг. салмақ дә­ре­же­сінде қолғап түйістірді. Біржан жанкүйерлерге белгілі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондық­тан оған жекпе-жекте өзінен әлдеқайда тәжіри­бесі аз, спорт шеберлігінен үміткер Жандос Дүйсеновті жеңу қиынға соқпады. Бұл кездесуде есеп 6:0 болып Б.Жақыптың пайдасына шешілді. Осы салмақта ең қызықты өткен айқастардың қа­тарына ақтөбелік Ақниет Бекжанов пен қос­танайлық Данияр Мұғалов арасында болған жекпе-жекті жатқызуға болады. Мұнда Данияр 11:10 есебімен қарсыласынан басым түсті. Осы­дан кейін шаршы алаңға көтерілген 60 кг. салмақ дәре­жесін­дегі саңлақтар арасында жам­былдық Ғани Жайлауов, қарағандылық Елдос Сайдалин, қостанайлық Самат Башенов пен маңғыстаулық Жандарбек Исанов, ас­таналық Алмат Ағыбаев сияқты боксшылар жақсы өнер көрсетіп, қарсыластарын тізе бүктірді. Келесі 54 кг. салмақ бойынша өткен сында Қызылорда облысының өкілі, спорт шеберлігі­нен үміткер Алмат Ысқақовты айтуға болады. Ол қарсыласын алдымен қорғана жүріп, сосын шабуылға шығып, соңына қарай соққының астына алып, 13:9 есебімен әдемі жеңді. Сол сияқ­ты жанкүйерлер шығысқазақстандық Ме­йір­жан Рақымжанов, астаналық Қанат Әбу­тәліпов, қызылжарлық Бауыржан Құдай­бер­ге­нов­тің көрсеткен өнерлерін қызыға тамашалады. Ал 69 кг. салмақтағы бәсекеде бізге “Дәулет” спорт кешеніне жиылған жұртшылық тек әлем­нің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиевтің ғана қимыл-қозғалысын көруге келген сияқты болып көрінді. Былтыр Бейжің Олимпиадасына қа­тысып, жолы болмаса да көпшіліктің ыстық ықы­ласына бөленіп жүрген ұлтық құраманың капитаны қарсыласын 10:1 есеп айырмасымен ұтты. Дегенмен, бұл жолғы жеңіс Серікке оңай кел­гені көрініп тұрды. Оның қарсыласы спорт шеберлігінен үміткер екен, бокспен айналысып жүргеніне де көп болмаған. Осыдан кейін шаршы алаңға шыққан елордалық Нұрсұлтан Мұстафин, Бақытжан Қожа­беков, Сыр елінің өкілі Рустам Сваев, шы­ғыс­қазақстандық Манат Өмірзақов пен ақтөбелік Сүлеймен Бердіқаев айқастар аяқталған соң, жанкүйерлердің қошеметімен рингтегі орындарын 81 кг. сал­мақ дәре­жесіндегі бокс­шы­лар­ға босатып берді. Осы салмақ­тағы кездесулер де алдыңғы жекпе-жектер сияқты қызықты және тар­тысты өтті. Әсіресе, “Ди­на­мо” қоғамының өкілі Арман Ры­сбектің жойқын соққылары көрермен­дердің ерекше қызы­ғу­шылығын тудырды. Кеше шаршы алаңға сондай-ақ 51 және 57 кг. салмақтағы саңлақтар да шықты. Мұнда жамбылдық жас талант, халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері Олжас Сәттібаев пен ас­та­налық тағы бір боксшы Жандос Ах­метов қарсылас­та­ры­нан басым түсіп, келесі айналымға жолдама алды. Осы күні бет қатталып жатқанда 75 және 91 кг. салмақ­тағы былғары қолғап иелері бәсекеге түсті. Олар­дың ара­сын­­да жарақатына бай­ланысты көптен бері көрінбей жүрген маңғыстаулық ауыр салмақ­тағы боксшы Ердос Жаңабергенов те болды. Сөз соңында елорда төрінде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына білікті бапкерлер Тұрсынғали Еділов пен Нұрғали Сафиуллиннің, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың, Сидней, Афина және Бейжің олимпиадаларының чемпиондары, есімдері қазақ боксының шежіресіне жазылған Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев пен Бақыт Сәр­сек­­баевтың өскелең ұрпақтың өнерлерін тама­шалап, олардың жекпе-жектеріне өз бағаларын беріп жатқандарын айтып өткіміз келеді. Дастан КЕНЖАЛИН.