Астанада бокстан өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты одан әрі жалғасуда. Дүйсенбі күні жекпе-жектер түске дейін 48, 60, ал түстен кейін 54 және 69 кг. салмақ дәрежесі бойынша өтті.
Алдымен шаршы алаңдағы кездесулер туралы айтпас бұрын осының алдында республика бокс федерациясының кеңсесінде өткен мандаттық комиссияның отырысы мен федерация басшылығының бапкерлер құрамымен өткізген кездесулері жөнінде бірер сөз айта кетелік. Алғашқысында екі ғана мәселе, биылғы чемпионаттың бас төрешісі болатын маманды анықтап алу және төрешілердің қызметін үйлестіру мәселесі қаралды. Мұнда федерацияның вице-президенті Жанболат Сәрсенов шаршы алаңның бас төрешісі болатын маманның есімін жария етті. Ол халықаралық дәрежедегі төреші Валерий Рачков екен. Федерация өкілінің уәжіне қарағанда, әлемдік додаларда біліктілігімен көзге түскен бұл Ресей маманы чемпионаттың маңызды деген жекпе-жектеріне ғана төрелік жасайтынын, оны федерация басшылығының арнайы шақыртуының себебі отандық төрешілердің деңгейін төмендету емес, керісінше бәсекелердің әділ түрде өтуіне жағдай жасаумен ғана байланысты болып отырғанынан хабардар етті. Осыдан кейін ол отырыста төрешілердің жалпы қызметі жөнінде мәлімет беріп, Астана шаршы алаңына өзіміздегі 14 облыстан 30 реферидің шақырылғанын атап өтті.
Ал федерация басшылығының бапкерлер құрамымен өткізген кездесуінде боксшылардың денсаулығы, олардың осы чемпионатқа және алдағы жарыстарға дайындығы жөнінде мәселе қаралды. Иә, былғары қолғап иелерінің республика чемпионаты сияқты жауапты сындарға дайындығы көп ретте жаттықтырушыларына байланысты. Егер бапкерлер шәкіртінен тек көрсеткішті талап етіп, жағдайына немқұрайды қарайтын болса, бұдан боксшы да, жарысқа сол өңірден келіп отырған команда да береке таппайды. Сондықтан “адамның күні адаммен” дегендей, қазір бапкерлердің “күні” шәкіртіне, ал боксшының “күні” бапкерлеріне, одан әрі шынын айтсақ, спорттың басы-қасында жүрген азаматтардың қамқорлығына тікелей байланысты. Федерация басшылығының жоғарыдағы бапкерлермен кездесуінде міне, осы мәселе қабырғасынан қойылып, өте қатты айтылды.
Енді дүйсенбідегі бәсекелерге келейік. Осы күні түске дейін өткен кездесуде ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың шәкірті Біржан Жақып 48 кг. салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. Біржан жанкүйерлерге белгілі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондықтан оған жекпе-жекте өзінен әлдеқайда тәжірибесі аз, спорт шеберлігінен үміткер Жандос Дүйсеновті жеңу қиынға соқпады. Бұл кездесуде есеп 6:0 болып Б.Жақыптың пайдасына шешілді. Осы салмақта ең қызықты өткен айқастардың қатарына ақтөбелік Ақниет Бекжанов пен қостанайлық Данияр Мұғалов арасында болған жекпе-жекті жатқызуға болады. Мұнда Данияр 11:10 есебімен қарсыласынан басым түсті. Осыдан кейін шаршы алаңға көтерілген 60 кг. салмақ дәрежесіндегі саңлақтар арасында жамбылдық Ғани Жайлауов, қарағандылық Елдос Сайдалин, қостанайлық Самат Башенов пен маңғыстаулық Жандарбек Исанов, астаналық Алмат Ағыбаев сияқты боксшылар жақсы өнер көрсетіп, қарсыластарын тізе бүктірді.
Келесі 54 кг. салмақ бойынша өткен сында Қызылорда облысының өкілі, спорт шеберлігінен үміткер Алмат Ысқақовты айтуға болады. Ол қарсыласын алдымен қорғана жүріп, сосын шабуылға шығып, соңына қарай соққының астына алып, 13:9 есебімен әдемі жеңді. Сол сияқты жанкүйерлер шығысқазақстандық Мейіржан Рақымжанов, астаналық Қанат Әбутәліпов, қызылжарлық Бауыржан Құдайбергеновтің көрсеткен өнерлерін қызыға тамашалады. Ал 69 кг. салмақтағы бәсекеде бізге “Дәулет” спорт кешеніне жиылған жұртшылық тек әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиевтің ғана қимыл-қозғалысын көруге келген сияқты болып көрінді. Былтыр Бейжің Олимпиадасына қатысып, жолы болмаса да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ұлтық құраманың капитаны қарсыласын 10:1 есеп айырмасымен ұтты. Дегенмен, бұл жолғы жеңіс Серікке оңай келгені көрініп тұрды. Оның қарсыласы спорт шеберлігінен үміткер екен, бокспен айналысып жүргеніне де көп болмаған.
Осыдан кейін шаршы алаңға шыққан елордалық Нұрсұлтан Мұстафин, Бақытжан Қожабеков, Сыр елінің өкілі Рустам Сваев, шығысқазақстандық Манат Өмірзақов пен ақтөбелік Сүлеймен Бердіқаев айқастар аяқталған соң, жанкүйерлердің қошеметімен рингтегі орындарын 81 кг. салмақ дәрежесіндегі боксшыларға босатып берді. Осы салмақтағы кездесулер де алдыңғы жекпе-жектер сияқты қызықты және тартысты өтті. Әсіресе, “Динамо” қоғамының өкілі Арман Рысбектің жойқын соққылары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Кеше шаршы алаңға сондай-ақ 51 және 57 кг. салмақтағы саңлақтар да шықты. Мұнда жамбылдық жас талант, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Сәттібаев пен астаналық тағы бір боксшы Жандос Ахметов қарсыластарынан басым түсіп, келесі айналымға жолдама алды.
Осы күні бет қатталып жатқанда 75 және 91 кг. салмақтағы былғары қолғап иелері бәсекеге түсті. Олардың арасында жарақатына байланысты көптен бері көрінбей жүрген маңғыстаулық ауыр салмақтағы боксшы Ердос Жаңабергенов те болды.
Сөз соңында елорда төрінде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына білікті бапкерлер Тұрсынғали Еділов пен Нұрғали Сафиуллиннің, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың, Сидней, Афина және Бейжің олимпиадаларының чемпиондары, есімдері қазақ боксының шежіресіне жазылған Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев пен Бақыт Сәрсекбаевтың өскелең ұрпақтың өнерлерін тамашалап, олардың жекпе-жектеріне өз бағаларын беріп жатқандарын айтып өткіміз келеді.
Дастан КЕНЖАЛИН.