Аймақтар • 14 Тамыз, 2017

Асарлатып үй салатын ауыл

887 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бәйдібек ауданының Жам­был облысына қараған бет­ке­йі бұлақ, өзен қуалап, тау бөк­терін паналаған ша­­ғын ауыл­дарға толы. Ор­та­лы­қ­­тан алыстау әрі қы­сы қат­­қылдау болған­дық­тан, бұл ауылдың адамд­ары «шө­­бімді шауып бер, қи, кө­мірімді түсіріп бер» деп әкім­діктің алдында дойыр қам­шысын үйіріп, ат ойна­та бермейді. Бәрін өздері жа­сайды.

Асарлатып үй салатын ауыл

Мәселен, әр үйден он шақты бала-шаға өрбіткен, Кеңес өкіметі кезінде «Правда» газе­тінің тіл­ші­сі іздеп келіп ма­қала жаз­ған Ақтас ауылындағы адам­дар­дың айрандай ұйыған бірлігін кө­ріп қызығасыз.

Бұл ауыл облыс бойынша әлі де көпбалалы болуымен ерек­ше­ленеді.

Ат жалын тартып мініп, азамат болған соң қалаға оқу, білім іздеп кеткені кетті, ал қал­ған­д­арына жеке шаңырақ көтеру үшін үй керек. Мұндайда бұл ауылда асарға ауылдастарын ша­қырады. Қалада ғой, өмірден өткенінше есікпе-есік отырған құ­­дайы көршісінің ныспысын білмей кететіні. Ал бірлігі бекем бұл ауылдың жөні бөлек. Асар­­ға шақырылған азаматтар ара, балта, күрек сияқты құрал-сай­ман­дарын арқалап өздері жетеді. Өйт­кені, бұл азаматтардың күні ер­тең өзіне керек болғанда жанынан табыларын біледі.

Батыр ана Жұмагүл Әбілда­ева мұның себебін ауыл адам­­дарының қазақы ба­уыр­мал­дықты, қи­нал­­ғанға қолұшын беретін жақ­­сы дәс­түр­ле­рі­мізді сақ­тап қал­ған­ды­ғымен тү­сін­діреді.

– Балалар жетілді, алды үй болып жатыр. Тәубе, немере­лер көбейіп келеді, оларға бөл­ме керек. Сондықтан, ескі үй­і­-
міз­ді бұзып, асарлатып үлкен үй тұрғызып жатырмыз. Тау бет­кейінде тұрған соң бізге қыс ер­те түседі. Сондықтан күздің алғашқы айларына жеткізбей бітіріп аламыз. Біздің ауылдың адамдарында әлгі бұрыннан айтылатындай үйіне келген қонаққа қойын сойып күтіп, жалғыз атын жетектетіп жіберетін ұлты­мыз­дың сақылық мінезі сақ­тал­ған. Еш­кім ешкімге міндет­сін­­бей әзіл айтып жүріп, бір қа­­заннан ас ішіп жүріп демде бі­­тіріп тастайды. Батыр ана осы­­лай дейді. Бұл ауыл­­дың ұйым­шылдығы тек асарлатып үй салумен бітпейді екен. Көр­ші Қошқарата ауылының аза­мат­­­тарымен ұжымдаса мал азы­ғын дайындап жатыр. Ертең қы­лышын сүйретіп «кәрі құда» кел­генде, қолға қараған малға көк­темге дейін жететін жем-шөп керек.

Ауыл ақсақалы Оралбек Иман­әлиев қария екпе жоңыш­қаны толық орып біткендерін ай­тады. Енді табиғи шөп дайын­далып жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы