Мәселен, әр үйден он шақты бала-шаға өрбіткен, Кеңес өкіметі кезінде «Правда» газетінің тілшісі іздеп келіп мақала жазған Ақтас ауылындағы адамдардың айрандай ұйыған бірлігін көріп қызығасыз.
Бұл ауыл облыс бойынша әлі де көпбалалы болуымен ерекшеленеді.
Ат жалын тартып мініп, азамат болған соң қалаға оқу, білім іздеп кеткені кетті, ал қалғандарына жеке шаңырақ көтеру үшін үй керек. Мұндайда бұл ауылда асарға ауылдастарын шақырады. Қалада ғой, өмірден өткенінше есікпе-есік отырған құдайы көршісінің ныспысын білмей кететіні. Ал бірлігі бекем бұл ауылдың жөні бөлек. Асарға шақырылған азаматтар ара, балта, күрек сияқты құрал-саймандарын арқалап өздері жетеді. Өйткені, бұл азаматтардың күні ертең өзіне керек болғанда жанынан табыларын біледі.
Батыр ана Жұмагүл Әбілдаева мұның себебін ауыл адамдарының қазақы бауырмалдықты, қиналғанға қолұшын беретін жақсы дәстүрлерімізді сақтап қалғандығымен түсіндіреді.
– Балалар жетілді, алды үй болып жатыр. Тәубе, немерелер көбейіп келеді, оларға бөлме керек. Сондықтан, ескі үйі-
мізді бұзып, асарлатып үлкен үй тұрғызып жатырмыз. Тау беткейінде тұрған соң бізге қыс ерте түседі. Сондықтан күздің алғашқы айларына жеткізбей бітіріп аламыз. Біздің ауылдың адамдарында әлгі бұрыннан айтылатындай үйіне келген қонаққа қойын сойып күтіп, жалғыз атын жетектетіп жіберетін ұлтымыздың сақылық мінезі сақталған. Ешкім ешкімге міндетсінбей әзіл айтып жүріп, бір қазаннан ас ішіп жүріп демде бітіріп тастайды. Батыр ана осылай дейді. Бұл ауылдың ұйымшылдығы тек асарлатып үй салумен бітпейді екен. Көрші Қошқарата ауылының азаматтарымен ұжымдаса мал азығын дайындап жатыр. Ертең қылышын сүйретіп «кәрі құда» келгенде, қолға қараған малға көктемге дейін жететін жем-шөп керек.
Ауыл ақсақалы Оралбек Иманәлиев қария екпе жоңышқаны толық орып біткендерін айтады. Енді табиғи шөп дайындалып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы