Білім • Кеше

Педагогтерді аттестациялау жүйесі жаңартылады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда мұғалімдерді аттестациялау тәртібі өзгеріп, пилоттық модель енгізіліп жатыр. Бұл туралы Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Педагогтерді аттестациялау жүйесі жаңартылады

Фото: Depositphotos.com

Жаңа жүйенің басты мақсаты – мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайтып, олардың негізгі педагогикалық қызметіне басымдық беру. Соған сәйкес біліктілік санаттарына қойылатын талаптар да айтарлықтай оңтайландырылған.

Атап айтқанда, «педагог-модератор» санаты бойынша ашық сабақтар саны 25-тен 4-ке дейін қысқартылады, ал біліктілікті арттыру көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін азаяды. Сонымен бірге жобалық жұмысқа және тәрбие қызметіне қатысу міндеті енгізіледі.

Аттестация жүйесіндегі өзгерістер: Тест тапсырып үлгермегендердің санаты сақтала ма?

«Педагог-эксперт» санатында ашық сабақтар саны қысқартылып, тәжірибені аудандық немесе қалалық деңгейде тарату тетігі қарастырылған.

Ал «педагог-зерттеуші» үшін жаңа талаптар белгіленді: 6 ашық сабақ (3 – офлайн, 3 – онлайн форматта) өткізу, облыстық деңгейде тәжірибе тарату, 2 мұғалімге әдістемелік қолдау көрсету және тәуекел тобындағы оқушылармен жұмыс жүргізу міндеттеледі.

«Педагог-шебер» санаты бойынша талаптар одан да кеңейтілген: 8 ашық сабақ (4 – офлайн, 4 – онлайн) өткізу, республикалық деңгейде тәжірибе тарату, 3 мұғалімге менторлық қолдау көрсету, сондай-ақ волонтерлік және тәлімгерлік қызмет ескеріледі.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің білімін бағалау тестін, авторлық бағдарламаларды әзірлеу мен тапсыру міндетін және қағаз портфолио жинауды алып тастайтынын хабарлаған болатын.

Білім саласындағы өзгеріс: Мұғалімдер үшін авторлық бағдарлама жазу талабы жойылады

Жаңа тәсіл мұғалімдердің кәсіби дамуын жеңілдетіп, жүйені бюрократиялық жүктемеден арылтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар