Аймақтар • 15 Тамыз, 2017

Ағаш қандалаларынан қауіп зор

1086 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қалалар да адамдар сияқты, олардың да мінезі, тағдыры, тарихы бар. Шаһарлар да туады, көркейеді, кемелденеді. Қалалардың қан тамырындай қуалай аққан арықтары да суалып, жасыл желекті ағаштары да қартаяды.

Ағаш қандалаларынан қауіп зор

Айтпағымыз, бір кездері жасыл қала деп Алматының атын дүр­кіреткен тал-теректердің басым бөлігі қартайды. Бұрын сая болған ағаштардың көпшілігінің діңгегі шіріп тұр. Қай күні, қандай жағдайда жалп ете қалатынын білмейсің. Өкінішке орай, ілу­де болса да желден құлаған кә­рі ағаштың астында қалған адам­ның да, көліктің де мысалын та­бу­­ға болады. Мегаполистің көп аға­­шы қартайғаны туралы әл­сін-әлсін болса да мәселе кө­те­рі­­ліп, жоғарыдағыдай қайғы­лы оқи­­­ғалар орын алғанда, дабыл да көтерілді. Енді бұл аз бол­ған­­дай, қала дарақтары тағы бір дер­т­ке шалдығып тұр. Бүгінде тұр­ғындардың көпшілігі терезе тү­біндегі ағаштардан түсініксіз тара­қан секілді жәндіктердің үй­­лер­ге қаптап кіретініне шағым­дануда.
Енді алдағы 2-3 жылда Алматы емен мен талшын ағаштарынан айырылуы әбден мүмкін. Бұл жағ­дай Қазақстанның басқа өңір­лерінде орын алу қаупі бар. Әри­не, аталмыш қауіп алдыңғы кезекте Алматы шаһарына тіреліп тұр­ға­нын айту керек. 

Мәселен, Алматы қаласын­дағы Бостандық ауданының қы­рыққа жуық пәтер иелерінің коопе­ративі жақын күндері аудандық әкімдікке жанға жай­сыз бунақ денелілерден (жәндіктерден) құтқаруды өті­ніп, мәселе көтерді. Нақтылай айт­­­­қанда, жағымсыз иісті ағаш қан­­­далалары қалалықтардың кәдімгідей мазасын алып отыр. Олар, ашық тұрған терезе­лер мен үй саңлауларынан кі­­­ріп ала­­­ды. Оның бұдан да кө­бе­йіп кетуі мен шағуынан қауіп­тен­­ген алматылықтардың енді алаң­дайтын да жөні бар. 
Бұл жағдайдың неден туып отыр­­­ғанын сұрағанымызда, Ж.Жиен­­баев атындағы Қазақ өсім­­­д­ік қорғау және карантин ғы­­лы­­­ми зерттеу институтының орман және жасыл желектерді қор­ғау секторының ғылыми кеңесшісі Нұр­сағым Ашықбаев қаланың жасыл желектері қауіп­ті химиялық инсектицидтермен сапа­сыз өңде­летіндіктен жә­не мез­гілінде атқа­рылмаған шаралардың салдарынан болып жатқанын айтады.

– Соңғы жағдай әсіресе уытты хи­­миялық препараттар, яғни ин­­сек­тицидтер қоршаған ортаны ластап, қала тұрғындарының аллергиясын және індетті ау­ру­ларды қоздыруда. Мәселен, ин­сектицидтермен өңделген орын­дарда құстар ұя салмайды да, он­дай ағаштарда зиянкестердің саны күрт өсіп кетеді.
Жоғарыда атап өткендей, Нұр­­сағым Жамаубайұлының па­­­йым­­дауынша, қазіргі кезде шаһар тұрғындары тағы бір аса қауіпті мәсе­леге душар болуы ғажап емес, яғ­ни емен мен тал­шын ағаш­­тары­ның сырттан ен­ген зиян­кестермен жаппай зақым­далуы әб­ден мүмкін. 
Емен ағашының үңгі егегі­ші­нің, яғни емен зиянкесінің жап­­­­пай зақымдануы салдарынан қала­дағы Бостандық және Әуезов аудандарында емен ағаштары әдемі тұрқынан көз алдымызда айы­­рылып барады. Емен аға­шы­ның жапырақтары қурап, тат­та­нып, қара-қошқыл, адам шо­шыр кейіп­ке келе жатқанын тұр­ғындар да байқап жүрген болар?!

Мамандардың айтуынша, Тұң­ғыш Президент саябағындағы жа­сыл желектердің жартысы­на жуы­ғын құрайтын емен аға­шы­ның аталмыш зиянкеспен за­қымдану дәрежесі 60-65% аралығында, ал басқа жерлерде 70-95%-ға дейін жетеді.
– Егер шұғыл шара қолда­­ныл­маса, 2-3 жылда емен ағаш­тары қу­ра­ған ағаштарға айнала­ды, – дейд­і ғалым. – Ал емен аға­шы болса өз кезегінде фитонцидтер бөліп, ауадан ауыр металдарды соратын жақсы абсорбент болып есептеледі.

Ғалымның пайымдауынша, зиян­­кестер біздің өңірге Еу­ро­падан отырғызылатын ағаш ма­териалдарымен жеткізілген көрі­­неді. Мұндай жағдайдан бірін­ші болып Бішкек қаласы зардап шекті. Онда екі жыл бұрын емен ағаш­тары түгелдей сап-са­ры болып тұрды. Бұл жағ­дай қала­ның жасыл желек құ­рылысы же­тек­­шісінің лауазымды орнынан кетуі­не дейін жете жаздаса да, қазіргі кез­де мезгілінде атқа­рылған шаралар нәтижесінде жағ­дай түзеліп, емен­дер аман сақталып қалды. 

Талшын ағаштарында да осы­ған ұқсас жағдай байқалады. Олар­­ды охридтік үңгігіш немесе ғы­­лыми әлемде оны талшынның үңгі күйесі деп аталатын зиян­кес зақымдайды. Аталмыш зиян­кесті Югославия энтомолог­тары Дешко мен Димичев Маке­дониядағы Охрид көлі маңында 1984 жылы зерттеп, сипатын жазған. Содан бері қарай ат талшыны өсетін жерлерге үңгі күйе кең таралып, бүкіл Еуропа мен Ресейдің еуро­палық бөлігін іс жүзінде игерген. 

–  Ол жерде бүгінгі күні жағдай мүш­кіл. Талшын көшеттерін өсі­ретін көшеттіктері жабылу алдында болғандықтан, саябақтар тал­шынды отырғызудан бас тар­туда. Мұндай жағдайдың орын алуы дер кезінде шаралардың атқарыл­мауына байланысты орын алуда.
Біздің елдегі жағдайға келсек, охрид­тік үңгі күйесі 2014-2015 жыл­­дары Алматы қаласының Әуе­зов ауданының жасыл желек­те­рінде байқалған. 
Нұрсағым Ашықбаевтың сө­зіне қарағанда, үңгі күйесіне қар­сы шараларды жүргізу мегапо­лис­­те өте қиын. 

Пестицидтермен жиі өңдей бе­­ру мүмкін емес. Сонда да бол­­­са бір жолы бар. Ерте көк­тем­де биоинсектицидтерді пай­даланған кезде, онымен бірге пай­далы бунақ денелілерді жібе­ру және суару керек. Бұл шаралар үңгіде қыстаған қуыр­­­шақтар мен жапырақтағы са­ңы­­рау­құлақтарды да жояды. Мұ­­ны­­­мен қатар қоқыстарды тың­­­­ғы­­лықты тазартып отыру да жаз­­­­дың бас­тапқы кезеңінде зиян­­­кес­­тердің санын әлдеқайда тө­­­мен­­детуге мүмкіндік береді. Атал­­мыш шара барлық жерде жүр­­гізілгенімен, әрдайым тиімді бола бер­мейді.

Жаздың орта кезінде екінші, одан кейін үшінші ұрпақтары дамиды, зиянкестің саны қайтадан ар­тады, бірақ қаптаған үңгілер тек тамызда ғана байқалады. Бұл талшынның вегетациялық мау­сымның ауқымды жартысында қалыпты пішінін сақтап қалуға мүмкіндік береді де, сәндік және қорғау міндетін де атқарады. 

Охридтік үңгінің Орталық Азия бө­лігіндегі жергілікті био­ло­гиялық ерекшелігі әлі де зерттел­ме­ген. Оның энтомофагтар құ­ра­­мы да белгісіз. Сондықтан, таяу жыл­­дарда Қазақстанда да, Қыр­­ғызстанда да олардың сырт­тан енетін түрін зерттеу аса ма­ңызды. Егер талшындар үң­гі кү­йе­сімен бірнеше жыл қатарынан за­қымданса, онда олардың қурап қалуы, мүлде өлуі де ғажап емес.     Бірақ олар тірі қалғанның өзінде, бұрынғыдай жайқалып, шаһардың сәнін келтіртіп тұрмайды. Осыған байланысты көптеген еуропалық қалалардың муниципалитеттері кәдімгі талшындарды басқа зиян­кеске төзімді формаларына немесе ағаштардың басқа түрлеріне қазірдің өзінде ауыстыру шараларын қарастыруда. Бұған қомақты шығындар жұмсалуда. Мысалы, Берлинде талшынның 80%-ын ауыс­тыру шамамен 300 млн еуроға бағаланып отыр.

Ж. Жиенбаев атындағы Қа­зақ өсім­­дік қорғау және каран­тин ғы­лыми зерттеу институ­ты­­ның ғалым­дары біздің жасыл же­лек­тердің жайқалған жапырақтарын сақтау үшін қорғау шаралары жүйесін әзірлеу мақсатымен емен мен талшынның аса қауіпті жау­ларының биологиялық да­муы­на міндетті түрде мониторинг жүргізу қажеттігін ұсынып отыр.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ