
Айтпағымыз, бір кездері жасыл қала деп Алматының атын дүркіреткен тал-теректердің басым бөлігі қартайды. Бұрын сая болған ағаштардың көпшілігінің діңгегі шіріп тұр. Қай күні, қандай жағдайда жалп ете қалатынын білмейсің. Өкінішке орай, ілуде болса да желден құлаған кәрі ағаштың астында қалған адамның да, көліктің де мысалын табуға болады. Мегаполистің көп ағашы қартайғаны туралы әлсін-әлсін болса да мәселе көтеріліп, жоғарыдағыдай қайғылы оқиғалар орын алғанда, дабыл да көтерілді. Енді бұл аз болғандай, қала дарақтары тағы бір дертке шалдығып тұр. Бүгінде тұрғындардың көпшілігі терезе түбіндегі ағаштардан түсініксіз тарақан секілді жәндіктердің үйлерге қаптап кіретініне шағымдануда.
Енді алдағы 2-3 жылда Алматы емен мен талшын ағаштарынан айырылуы әбден мүмкін. Бұл жағдай Қазақстанның басқа өңірлерінде орын алу қаупі бар. Әрине, аталмыш қауіп алдыңғы кезекте Алматы шаһарына тіреліп тұрғанын айту керек.
Мәселен, Алматы қаласындағы Бостандық ауданының қырыққа жуық пәтер иелерінің кооперативі жақын күндері аудандық әкімдікке жанға жайсыз бунақ денелілерден (жәндіктерден) құтқаруды өтініп, мәселе көтерді. Нақтылай айтқанда, жағымсыз иісті ағаш қандалалары қалалықтардың кәдімгідей мазасын алып отыр. Олар, ашық тұрған терезелер мен үй саңлауларынан кіріп алады. Оның бұдан да көбейіп кетуі мен шағуынан қауіптенген алматылықтардың енді алаңдайтын да жөні бар.
Бұл жағдайдың неден туып отырғанын сұрағанымызда, Ж.Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының орман және жасыл желектерді қорғау секторының ғылыми кеңесшісі Нұрсағым Ашықбаев қаланың жасыл желектері қауіпті химиялық инсектицидтермен сапасыз өңделетіндіктен және мезгілінде атқарылмаған шаралардың салдарынан болып жатқанын айтады.
– Соңғы жағдай әсіресе уытты химиялық препараттар, яғни инсектицидтер қоршаған ортаны ластап, қала тұрғындарының аллергиясын және індетті ауруларды қоздыруда. Мәселен, инсектицидтермен өңделген орындарда құстар ұя салмайды да, ондай ағаштарда зиянкестердің саны күрт өсіп кетеді.
Жоғарыда атап өткендей, Нұрсағым Жамаубайұлының пайымдауынша, қазіргі кезде шаһар тұрғындары тағы бір аса қауіпті мәселеге душар болуы ғажап емес, яғни емен мен талшын ағаштарының сырттан енген зиянкестермен жаппай зақымдалуы әбден мүмкін.
Емен ағашының үңгі егегішінің, яғни емен зиянкесінің жаппай зақымдануы салдарынан қаладағы Бостандық және Әуезов аудандарында емен ағаштары әдемі тұрқынан көз алдымызда айырылып барады. Емен ағашының жапырақтары қурап, таттанып, қара-қошқыл, адам шошыр кейіпке келе жатқанын тұрғындар да байқап жүрген болар?!
Мамандардың айтуынша, Тұңғыш Президент саябағындағы жасыл желектердің жартысына жуығын құрайтын емен ағашының аталмыш зиянкеспен зақымдану дәрежесі 60-65% аралығында, ал басқа жерлерде 70-95%-ға дейін жетеді.
– Егер шұғыл шара қолданылмаса, 2-3 жылда емен ағаштары қураған ағаштарға айналады, – дейді ғалым. – Ал емен ағашы болса өз кезегінде фитонцидтер бөліп, ауадан ауыр металдарды соратын жақсы абсорбент болып есептеледі.
Ғалымның пайымдауынша, зиянкестер біздің өңірге Еуропадан отырғызылатын ағаш материалдарымен жеткізілген көрінеді. Мұндай жағдайдан бірінші болып Бішкек қаласы зардап шекті. Онда екі жыл бұрын емен ағаштары түгелдей сап-сары болып тұрды. Бұл жағдай қаланың жасыл желек құрылысы жетекшісінің лауазымды орнынан кетуіне дейін жете жаздаса да, қазіргі кезде мезгілінде атқарылған шаралар нәтижесінде жағдай түзеліп, емендер аман сақталып қалды.
Талшын ағаштарында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Оларды охридтік үңгігіш немесе ғылыми әлемде оны талшынның үңгі күйесі деп аталатын зиянкес зақымдайды. Аталмыш зиянкесті Югославия энтомологтары Дешко мен Димичев Македониядағы Охрид көлі маңында 1984 жылы зерттеп, сипатын жазған. Содан бері қарай ат талшыны өсетін жерлерге үңгі күйе кең таралып, бүкіл Еуропа мен Ресейдің еуропалық бөлігін іс жүзінде игерген.
– Ол жерде бүгінгі күні жағдай мүшкіл. Талшын көшеттерін өсіретін көшеттіктері жабылу алдында болғандықтан, саябақтар талшынды отырғызудан бас тартуда. Мұндай жағдайдың орын алуы дер кезінде шаралардың атқарылмауына байланысты орын алуда.
Біздің елдегі жағдайға келсек, охридтік үңгі күйесі 2014-2015 жылдары Алматы қаласының Әуезов ауданының жасыл желектерінде байқалған.
Нұрсағым Ашықбаевтың сөзіне қарағанда, үңгі күйесіне қарсы шараларды жүргізу мегаполисте өте қиын.
Пестицидтермен жиі өңдей беру мүмкін емес. Сонда да болса бір жолы бар. Ерте көктемде биоинсектицидтерді пайдаланған кезде, онымен бірге пайдалы бунақ денелілерді жіберу және суару керек. Бұл шаралар үңгіде қыстаған қуыршақтар мен жапырақтағы саңырауқұлақтарды да жояды. Мұнымен қатар қоқыстарды тыңғылықты тазартып отыру да жаздың бастапқы кезеңінде зиянкестердің санын әлдеқайда төмендетуге мүмкіндік береді. Аталмыш шара барлық жерде жүргізілгенімен, әрдайым тиімді бола бермейді.
Жаздың орта кезінде екінші, одан кейін үшінші ұрпақтары дамиды, зиянкестің саны қайтадан артады, бірақ қаптаған үңгілер тек тамызда ғана байқалады. Бұл талшынның вегетациялық маусымның ауқымды жартысында қалыпты пішінін сақтап қалуға мүмкіндік береді де, сәндік және қорғау міндетін де атқарады.
Охридтік үңгінің Орталық Азия бөлігіндегі жергілікті биологиялық ерекшелігі әлі де зерттелмеген. Оның энтомофагтар құрамы да белгісіз. Сондықтан, таяу жылдарда Қазақстанда да, Қырғызстанда да олардың сырттан енетін түрін зерттеу аса маңызды. Егер талшындар үңгі күйесімен бірнеше жыл қатарынан зақымданса, онда олардың қурап қалуы, мүлде өлуі де ғажап емес. Бірақ олар тірі қалғанның өзінде, бұрынғыдай жайқалып, шаһардың сәнін келтіртіп тұрмайды. Осыған байланысты көптеген еуропалық қалалардың муниципалитеттері кәдімгі талшындарды басқа зиянкеске төзімді формаларына немесе ағаштардың басқа түрлеріне қазірдің өзінде ауыстыру шараларын қарастыруда. Бұған қомақты шығындар жұмсалуда. Мысалы, Берлинде талшынның 80%-ын ауыстыру шамамен 300 млн еуроға бағаланып отыр.
Ж. Жиенбаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының ғалымдары біздің жасыл желектердің жайқалған жапырақтарын сақтау үшін қорғау шаралары жүйесін әзірлеу мақсатымен емен мен талшынның аса қауіпті жауларының биологиялық дамуына міндетті түрде мониторинг жүргізу қажеттігін ұсынып отыр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ