Енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйек келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арманмен, үкілі үмітпен білім алу мақсатында алтын ұяға беттейді. Бұл күнде ата-аналар жаңа оқу жылына жаппай қам жасап, балаларының керек-жарақтарын түгендеу үстінде екені белгілі. Расында да әлемдік білім бәсекесіндегі қабілеттілік бүгінгі бүлдіршіндерден бастау алады. Ал балғындар дер кезінде лайықты білім алып, бағытын айқындап алса, бағындырар биік те алыс емес.
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да, ұстаздардың да жауапкершілігі күшейе түсетіні анық. Бұл жергілікті биліктің де назарынан тыс қалмайтын мәселе. Дегенмен, жамбылдықтар жаңа оқу жылына дайын ба деген мәселе төңірегінде өңірдегі білім ошақтарының бүгінгі жай-күйін шолып шықтық. Әсіресе, апатты және үш ауысымды мектептердің жайы толғандырарлық.
Бұл күнде облыста білім беру жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп отырғаны жиі айтылып келеді. Биыл облыстағы білім мекемелерін қаржыландыруға 97,9 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету мақсатында 1 миллиард 870 миллион 23 мың теңге қарастырылған. Мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екені даусыз. Сондықтан да білім бәсекесінде бағытымыз айқын екеніне көз жеткізуге болады.
Апатты мектептер үшін алаңдауға негіз бар
Елбасы әуелі апатты мектептерді қалпына келтіруді және үш ауысымда оқытуды жоюды тапсырғаны белгілі. Әрі бұл жағдай бүгінде ата-аналардың да алаңдаушылығын тудырып отыр. Сондықтан да өңірлерде апатты мектептерден арылудың жан-жақты жолы қарастырылып, көптеген апатты мектептер қалпына келтірілуде. Жалпы, Жамбыл облысында жыл басында 9 мектеп апатты жағдайда деп тіркелген. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 4 мектеп ағымдағы жылы жаңа құрылыс есебінен пайдалануға берілсе, 3 мектептің мәселесі келесі жылы шешіледі. Ал қалған 2 мектептің мәселесі 2018-2019 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Яғни, Жамбыл облысында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін 2019 жылы шешуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, үш ауысымды мектептердің де жайы толғантарлық. «Үш ауысымды мектептердің мәселесі де басты назарда. Жаңа оқу жылында үш ауысымды 1 мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қор есебінен пайдалануға беріледі. Ал 3 мектептің құрылысы ағымдағы жылы Ұлттық қор есебінен басталып, 2018 жылы аяқталады. Қалған 1 мектептің жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесін арттыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Құрылыс қанат жайып келеді
Әулиеата өңірінде мектептердің құрылысы қарқынды қанат жайып келеді. Ал үш ауысымды мектептің азабы ата-аналарға да оңай емес екені белгілі.
Жалпы, облыста үш ауысыммен оқытатын 5 мектеп бар. Меркі ауданы Қ.Сарымолдаев ауылындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып отыр. Айта кетейік, 600 орындық мектептің құрылысына республикалық бюджеттен 1 миллиард 179 миллион теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде жаңа оқу жылынан бастап меркілік жеткіншектер заман талабына сай білім ошағында оқитын болады. Сонымен қатар, Тараз қаласы №24 орта мектептің 300 орындық қосалқы ғимараты, Тараз қаласы Шөлдала иініндегі 900 орындық және Байзақ ауданы Байзақ ауылында 300 орындық білім ошақтарында құрылыс жұмыстары қарқын алып тұр. Аталған мектептер келесі жылы пайдалануға берілмек.
«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан Тараз қаласындағы 1000 орындық орта мектеп және жергілікті бюджет есебінен бой көтерген Сарысу ауданы, Досбол ауылындағы 50 орындық, сондай-ақ, Талас ауданы Қараой ауылындағы 50 орындық орта білім мекемелері де жаңа оқу жылына дайын. Мұнда да талай жеткіншектер білім алып, егемен елдің ертеңі болып қалыптасатынына сенім мол.
Түйін
Ағымдағы жылы Жамбыл облысында 22 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы мақсатта облыстық бюджеттен 3158,214 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, 135 білім нысанының да ағымдағы жөндеуден өткізілгенін айта кету керек. Оған 125 миллион 527 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған екен.
Елбасы үнемі білім бәсекесіндегі қабілеттілік туралы айтып келеді. Білімді ұрпақтың ғана бақыты мол, ырысы шалқар болмақ. Ал заман талабына сай мектептен білім алып шыққан өрен ертең-ақ елге тұтқа болатын азаматқа айналады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы