Медицина • 29 Қыркүйек, 2017

Қандай тағам тұтынып жүрміз?

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем бойынша әл бермей келе жатқан аурудың екі түрі бар. Оның біріншісі – қатерлі ісік болса, екіншісі – жүрек-қан тамыры аурулары. 

Қандай тағам тұтынып жүрміз?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы екі дерттің де басты себебі тамаққа байланысты екенін дәлелдеді. Қараңыз: денсаулықтың 50 пайызы – тамақтануға, 18 пайызы – сыртқы орта факторларына, 20 пайызы – адамның генетикасына, тек 5-10 пайызы ғана дәрігерлердің қолында. Демек, дұрыс тамақтану, қауіпсіз азық-түлікті тұтыну – адам денсаулығының кепілі. 

Ауру-сырқаудың өршуіне күн­де­лікті тұтынып жүрген тағамның құра­мы да себеп. Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау депар­та­менті елордадағы өнімдердің сапасын тұрақты тексеруді қолға алған. Мамандар биылғы 8 айдың ішінде азық-түлік, басқа да өнімдерден 1645 сынама алып зерттепті. Соның 22,8 пайызы, яғни 376-сы тиісті талаптарға сәйкес болмай шыққан. Тарқатып айтқанда, сынама алынған аспаздық өнімдердің – 43 пайызы, құс етінің – 21 пайызы, сүт өнімдерінің – 21 па­й­ызы, көкөністердің – 11 пайызы, балық түр­лерінің – 17 пайызы ет өнімдерінің 28 пай­­­ызы тиісті талаптарға сай келмеген. Мо­ниторингтің қорытындысы бойынша 23 әкімшілік құқық бұзушылық ту­ралы іс қоз­­ғалып, кемшілікті жою жөнінде 52 нұс­қа­­ма берілген.  Сон­дық­тан мамандар та­ғам өнім­дерін сатып аларда сыртқы сипа­тына, сақ­талу мерзіміне, температуралық ре­жі­міне қарап алуға кеңес береді.

Астана қаласы қоғамдық денсау­лық  сақ­тау де­партаменті тамыз айынан бері «Қауіпсіз өнім­ді таңда» атты акция өткізіп келеді. Кеше «Астаналық» сауда орталығында өткен шараның біріне біз де куә болдық. Халықты дұрыс та­мақ­тану мәдениетіне баулуды мақсат еткен акцияда жұртшылық сатып алған сүт, ет өнімдері, жеміс-жидек, кө­кө­ніс құрамын тексертуге мүмкіндік алды. Біз де елден қалыспай, балаларымыз көп тұ­ты­натын бананды, «Биос» ұйыған сүтін, «Барни», «Орео» печеньесін қаншалықты талапқа сай екенін анықтатып көрдік. Өнім­дерді экс­пресс-тест арқылы бірнеше ми­нут­тың ішінде тексеріп берген мамандар олар­дың құрамында нитраттар, микробтар жоқ екенін қуана жеткізді.

Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау депар­та­ме­нтінің Алматы аудан­дық басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Шапатаеваның айтуынша, бүгінде бақылау-қа­дағалау қызметтері қыс­қартылғанымен, ка­мералдық ба­қы­лау, өнімдерді сұрыптап алу, са­ни­тарлық-эпидемиологиялық аудит се­кіл­ді тексерудің жаңа түрлері енгізіліп жат­қанын айтты. Бірақ қандай жағдай болсын, тұтынушының арыз-шағымы мін­детті түрде ескеріледі. Егер кімде-кім сатып ал­ған өнімінің сапасына кү­дік­тенсе, аталған де­партаментке ша­ғым­дануға болады, сонда ма­ман­дар ар­найы тексеру жүргізіп, азық-тү­лік құ­рамын кәсіби деңгейде анықтап бе­ре­тін болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»