Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы екі дерттің де басты себебі тамаққа байланысты екенін дәлелдеді. Қараңыз: денсаулықтың 50 пайызы – тамақтануға, 18 пайызы – сыртқы орта факторларына, 20 пайызы – адамның генетикасына, тек 5-10 пайызы ғана дәрігерлердің қолында. Демек, дұрыс тамақтану, қауіпсіз азық-түлікті тұтыну – адам денсаулығының кепілі.
Ауру-сырқаудың өршуіне күнделікті тұтынып жүрген тағамның құрамы да себеп. Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті елордадағы өнімдердің сапасын тұрақты тексеруді қолға алған. Мамандар биылғы 8 айдың ішінде азық-түлік, басқа да өнімдерден 1645 сынама алып зерттепті. Соның 22,8 пайызы, яғни 376-сы тиісті талаптарға сәйкес болмай шыққан. Тарқатып айтқанда, сынама алынған аспаздық өнімдердің – 43 пайызы, құс етінің – 21 пайызы, сүт өнімдерінің – 21 пайызы, көкөністердің – 11 пайызы, балық түрлерінің – 17 пайызы ет өнімдерінің 28 пайызы тиісті талаптарға сай келмеген. Мониторингтің қорытындысы бойынша 23 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, кемшілікті жою жөнінде 52 нұсқама берілген. Сондықтан мамандар тағам өнімдерін сатып аларда сыртқы сипатына, сақталу мерзіміне, температуралық режіміне қарап алуға кеңес береді.
Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тамыз айынан бері «Қауіпсіз өнімді таңда» атты акция өткізіп келеді. Кеше «Астаналық» сауда орталығында өткен шараның біріне біз де куә болдық. Халықты дұрыс тамақтану мәдениетіне баулуды мақсат еткен акцияда жұртшылық сатып алған сүт, ет өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс құрамын тексертуге мүмкіндік алды. Біз де елден қалыспай, балаларымыз көп тұтынатын бананды, «Биос» ұйыған сүтін, «Барни», «Орео» печеньесін қаншалықты талапқа сай екенін анықтатып көрдік. Өнімдерді экспресс-тест арқылы бірнеше минуттың ішінде тексеріп берген мамандар олардың құрамында нитраттар, микробтар жоқ екенін қуана жеткізді.
Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Алматы аудандық басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Шапатаеваның айтуынша, бүгінде бақылау-қадағалау қызметтері қысқартылғанымен, камералдық бақылау, өнімдерді сұрыптап алу, санитарлық-эпидемиологиялық аудит секілді тексерудің жаңа түрлері енгізіліп жатқанын айтты. Бірақ қандай жағдай болсын, тұтынушының арыз-шағымы міндетті түрде ескеріледі. Егер кімде-кім сатып алған өнімінің сапасына күдіктенсе, аталған департаментке шағымдануға болады, сонда мамандар арнайы тексеру жүргізіп, азық-түлік құрамын кәсіби деңгейде анықтап беретін болады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»