Өнер • Бүгін, 14:00

Алтай шаңғысын жаңғыртқан шебер

20 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сонау Өскеменнен шекара асып, іздеп келгенім осы ақсақал. Байырғы қазақ шаңғысын жасаудың нақ шебері. Бекзат өнерді берік ұстанған Сләмбек Сақышұлы Алтай қаласының іргесінде ғана тұрады. Әкесі 1930 жылдары Катон-Қарағайдың Шыңғыстайынан көшіп барыпты. Тұрғылықты жерін тауып беруді жарты жыл бұрын Шыңжаң өлкесінің азаматтарына тапсырып қойғанмын. Жол міне, жер аяғы кеңіген соң ғана түсті. Қазір жақсы, қазақ-қытай шекарасы ашық, визасыз режім. Ала сөмке арқалаған кейбір ағайындар таңертең барып, кешкісін бері өте шығады. Біз де сенбі-жексенбіні пайдаланып, Алтайдың арғы бетін аралап қайттық.

Алтай шаңғысын жаңғыртқан шебер

Суреттерді түсірген – автор

Ертіс бастауы жолында

Ә дегенде Омбы-­Май­қап­шағайдың тақтайдай жолына түсіп, Өскеменнен Зайсанға жеттік. Сауырдың баурайын жайлаған қала тірлігі қарбалас. Көк автобустар Қытайға сағат сайын сабылып жатыр. Әр рейсі лық толы. Күні бұрын алған билетпен түскі бірдің автобусына жайғастық. Зайсаннан Майқапшағай шекарасына дейін 60 шақырым. Алып-ұшып жетіп бардық. Жолаушылар жалма-жан сөмке­лерін сүйрелей бекетке асықты. Асық-асықпа, автобус күтеді. Уласып-шуласып жүріп Қазақстан бекетінен өттік. Негізгі бекеттің өзі жөндеуден өтіп жатқан көрінеді. Былтыр ғой, Президент Жолдауында шекара бекеттерін жөндеуді тапсырған-ды. Сол жұмыс жүзеге асып жатса керек. Жалпы, Қытайға емін-еркін өтіп жүргеніміз екі елдің бірлігі мен мемлекет басшыларының арқасы. Сауда-саттық пен туризмге даңғыл жол ашылды. Ебін тауып, еңбек қылғандар пайдасын да тауып жатыр.

Артынып-тартынып, орнымызға жайғасқанымыз сол, қақ маңдайдан Қытайдың қызыл туы желбіреді. Айна­дай жарқыраған бекетке беттедік. Сақ­шылардың ішінде өзіміздің қаракөздер де жүр. Тіл түсінбей қаламын дейтіндей емес, ұлты қытай сақшылар да қазақша сөйлеуге тырысып бағады. Бір емес, бірнеше тексеруден өтіп, арғы бетке астық. Аса сала алыпсатарлар ұялы бай­ла­ныс картасын тықпалады келіп. Бізге керегі ол емес, қытай валютасы еді. Бір юань – 70 теңге. Жүріп-тұруымыз бен ас-суымызға жететіндей айырбастап алдық та зулаған күйі Жеменей ауданына жетіп, тоқтадық. Тақтайдай жол, тап-тұйнақтай көше... Жеменей – халық саны ең аз шоғырланған аудан болғанымен, кәсіпкерлік кем емес. Ұсақ-түйек өнеркәсіптен бастап, алпауыт кәсіпорындарына дейін бар. Оны алдыңғы жылдары аралап, ақпарат ретінде таратқанбыз. Біз орныққанша күн батты. Оның үстіне, Бейжің уақыты Қазақстаннан үш сағат алда. Ертеңіне Алтай айналып, Қабаға түсуіміз керек.

...Қытайға неше рет келдім, бір байқағаным, азаматтары уақыттың құді­ретін қатты қадірлейді. Кешігу дегенді әсте білмейді. Бұл жолы да Қуат есімді азамат таң-азанмен айтқан уақытында қонақүйдің астыңғы қабатында күтіп тұрды.

– Уақыт кең, жол жақсы. Алтайға тіке тартып бармай, жолай Үліңгір көлін көрсетейін. Ертістің бастауы да сол жолда, – деп сапарымызды бағдарлап қойды.

Жол сайрап жатқанымен, жылдам­дық­ты шекті мөлшерден асырмайды, асықпайды. Қос қапталымыздағы желден электр өндіретін қапалақтарда есеп жоқ. Ғылымы дамыған ел желден де, күннен де энергия алып отыр. Сонадайдан Сайқан тауы мұнартып қала берді. Жер емген шаруалар егіс даласындағы тіршілікке кіріскен. Бұл жақтың елі көктастан да көкөніс алады деп еститінбіз. Ең бастысы жер болса болды, құнарын арттырып, суын тарттырып, қыруар пайда табатын көрінеді. Айтқандай, Ертістің бастауынан Үрімшіге қарай канал тартып қойғанынан да құлағдар болдық.

с

Күре жолдан шалт бұрылып, құмды белестен асып едік, алдымыздан жарқ етіп көл көрінді. Үліңгір көлі. Көкжиекпен ұш­таса біткен айдынның жағалауын де­ма­лыс аймағына айналдырған. Жаз шық­са, қарақұрым халық қаптайды дейді жол бастаушымыз. Толқыны құмды жаға­ны кемірген көлдің бас-аяғы қырық ша­қырымға созылып жатқанымен, ең те­рең жері 15 метр ғана. Балық та баршылық.

Жүздеген шақырымды басып келе жатқанымызбен, жол соқпайды. Құм­дауыт жердің өзіндегі асфальттан оймақтай ойық таппайсыз. Қоңыр аяңмен Бейтүн қаласына кірдік. Мұнтаз­дай таза бұл шаһардың әкімшілігі тікелей Бейжіңге бағынады екен. Жан-жағымызға таңдана, тамсана қарап келеміз. Орталық көшесінің бойындағы шамдар неге алау стилінде жасалған десек, 2008 жылы Бейжің олимпиадасының алауын осы көшемен алып өтіпті. Ал анау иықта атқа қонып, қолына қамшы алған Шыңғысханның мүсіні мойын бұрғызды. Айбарлы етіп тұрғызған. Шыңжаңға Шыңғысханның нендей қатысы бар деп, қалта телефонды ашып жібердік-дағы, білмейтіні жоқ «ChatGPT» деген «бәледен» сұрадық. Берген дерегіне көз жүгіртсем, Шыңғысхан алаңы мен оның орталығындағы мүсін 2010 жылы «Шыңғысхан мәдениеті» фестивалінде салтанатты түрде ашылыпты. Оны қоюда­ғы мақсат – Бейтүн Алтай мен Қанас көліне баратын жолдың тоғысында орналасқандықтан, Шыңғысхан кешенін аймақтың басты туристік нысаны ретінде қалыптастыруды көздеген. 

Байырғы өнерді құнттаған

Түс әлетінде Алтай қаласына кіріп бардық. Бұл бізге дәстүрлі қазақ емханасымен белгілі қала. Әйтпесе, тау шаңғысы да жақсы дамыған. Қаланың бергі басынан Сләмбек ақсақалдың шаңырағын да оп-оңай тауып алдық. Көшесіне қарайғы бұрылыста тақтайшаға төте жазумен «Байырғы қазақ шаңғысын жасау шебері» деп жазып қойыпты. Құшақ жая қарсы алып, төрге шығарды. Амандық-саулық сұрасып отырғанымызда буы бұрқырап ет келді, бата жасалды. Еттен соң тұзды шайға сары май сапырып ішістік. Содан кейін барып, Сләмбек ақсақалды әңгімеге тарттым. Көп сөзге жоқ, байыпты кісі.

– Естігенімді айтайын: 1906 жылдары Шәңгіштәйдан Қаратай елі болып, осы жаққа қопарыла көшіпті. Атам Қанапия ақ орысқа ұстатпау үшін қыстың күні тері табан шаңғымен жол бастап, төте осы жаққа асқан. Асқан деймін, шекараға таяғанда атыс болып, бірнешеуі оққа ұшыпты. Атам да сол жерде мерт болған. Әкем Сақыш ол кезде 14 жаста екен. Қом басына түскен соң әкемді ауылда бір шал асырап, ер жеткізген. Кейін ата кәсібін тауып, ағашпен дос болған. «Көкіден ұл туса, ағашқа жан бітеді» деген тәмсіл бар бізде. Біз Қаратайдың Дәулетінен туыппыз. Оның ішінде Көкі. Әкем тоқсан неше жасында қайтыс болды. Ағаштан түйін түюді мен де үйрендім. Әлі күнге дейін қолыма ағаш түссе, «кеміріп» отырамын. Үш-төрт кластық білімім бар. Өзім Ноғайтыда туып, сонда өстім. Бұл күнде жетпістің екеуіне келіппін. Жас күнімде диханшылықпен айналыстым. Тайқазанға бұғы ұстап та беріп жүрдік. Тайқазан деп отырғаным, бөлінбеген орта ғой. 1984 жылы жекеге бөлінді. Біраз жерім бар еді, оны өкімет қажетіне алды. Байырғы шаңғыны 1985 жылдан кәсіп қыла бастадым. 1997 жылдан бастап саяхат ашылды. «Алтай – байырғы қар шаңғы мекені» деген атақ берді, – деп, үйінің іргесіндегі музейді ашты.

Музей іші қар шаңғысынан басқа да көне жәдігерлерге толып тұр. Сөрелерге бақшалап жинапты. Келі-келсаптың түр-түрі бар. Әркім келіп суретке түсуі үшін керей тымақ, найман тымақ секілді киім-кешектерге дейін қойған. Музейдің өзі ағаштан көтеріліп, шатыры шимен жабылған. Алтайдың аурасы сезіледі.

– Жүріңдер, енді шеберханамды көрсетейін, – деп қатарлас ғимаратқа беттеді. – Мінеки, шаңғыны осы жерде иіп, осы жерде терімен қаптаймын. Табанға жылқының аяқ жағының терісі ғана жарамды. Қазақ шаңғысы 10 мың жылдың алдында шықты десек, мен шаңғы жасау шеберінің үшінші ұрпағымын. Өкімет өнерді сақтау үшін «Байырғы қазақ шаңғысын жасау шеберінің мұрагері» деп ресми түрде патенттеп берген. Табанын қаптаған терінің қасиеті сол, өрге жүрсең, артқа сырғанамайсың. Қалың қарға ұзаса, 20 сантиметр ғана батады. Ал төмен зулап отырасың. Бұрында қатынас құралы ретінде пайдаландық. Ол заманда аяққа шаңғы байлай салып, тауға отынға барамыз. Ойбай, бәлен жерде бұғы тұр екен деп, оның соңына түсеміз. Қояр да қоймай қайыс арқанмен шалмалап аламыз.

– Сонда шаңғымен аңға жетуге бола ма? – деп таңдандым.

– Аң екі сағаттан соң болдырып қалады. Сол кезде жан-жақтан қаумалап ұстап аламыз. Шаршасақ, ағаш түбіне от жағып, аң етін былқытып асып қоямыз да демаламыз. Тау ешкі ғой, қолға түспейтіні. Ол еңістемейді. Тауға қарай қалың қарды омыраулап қашады. Оның үстіне топпен жүреді. Ең алдыңғысы болдырса, артқысы алдына түсіп, жолды бұзып отырады. Кейін аң атаулы қорғауға алынды. Саяхатқа ауыстық. Қазір шетелден көп келіп жүр. Өздері қызық көріп, шаңғы жасайды. Жаққанын сатып алып кетеді, – деп әңгімені қыздыра түсті.

– Катон-Қарағай жаққа апарып таныту керек. Ол жақта да туризм дамып жатыр, – деп өзіміз жаққа қарай тарттым.

– Барам ба деген едім, ауырғыштап қалдым. Жол түсіп, дәм тартса ата-бабамның жерін көріп қайтармыз, – деді.

Жанарынан сағыныш байқалады. Қалай десек те, жат жер, жат ел. Ел жақ­тың әңгімесін естіген соң ақсақалдың ұлы Қуанышбектің құлшынысы тіптен арта түсті. Ашып айтпаса да Өр Алтайынан гөрі өз Алтайын, атамекенін аңсайды. Кетерімізде қимай-қимай шығарып салды. Ендігі жүздесуімізді жаратқан туған жердің төсінде жазсын деп ниет қылдық. 

Қаба-Қанас, Көккезең...

Бізге гид болып жүрген Қуат жаз шыға саяхатшыларға жол бастаудан қол боса­майды дейді. Жолай туризм туралы ой бөлісіп, кәсіп қылудың жолын қарастырып келеміз. Идея көп. Жүзеге асу-аспауы екіталай. Бағытымыз – Буыршын, Қаба. Қабада ат суытып, одан ары Қанасқа жол жүрмекпіз.

– Сіздер жақта саяхатшыларды қызықтыратын тарихи мекендер жоқ па? – деп сұрады не заматта Қуат.

– Көп, – дедім жұлып алғандай. – Мынау іргедегі Марқакөл туралы аңыз бар, Рахман көлінің табылуы жөнінде жақсы дерек бар. Анау ирек жолының салынуы да тарих. Айта берсең жетіп-артылады, – деп, әрқайсысының тарихи дерегін аңыз араластыра айтып бердім.

– Міне, саяхат деген осы. «Көрмегенге көсеу таң». Бұл деректерді жүйелеп жазып, шетелдік туристерге таратудың жолын ойлау керек, – деді жерден жеті қоян тапқандай.

Сөзінің жаны бар. Бұл туралы біздің жақта да айтылмай жүрген жоқ. Алайда, іске көшкен жоқпыз. Қытайдың саяхат аймақтарын қанша араладым, аңыз-ертегілерімен таңғалдырады туристі. Оның аңыз екенін біле тұра бас шайқасып жатады. Біздің Мұзтауды, Рахманды, Марқакөлді көрсе, өз көздеріне өздері сенбей таң-тамаша болар ма еді...

Түх шіркін! Табанымыз тиген Қаба ауданы Марқакөлдің іргесінде ғана. Айырмашылық жер мен көктей. Көлденең қыл жатпаған қалашық. Біздің сағаты­мыз

ғана емес, әлеу­метіміз де әлдеқайда артта. Бұл жақпен тереземіз тең болып, үзеңгі қағыстыра дамуымыз үшін ең алдымен ғылымға көңіл бөлу керек. Түсінбесем де, кешкілік телеарнасын қосып қойсам, ғылым туралы көп көрсетеді. Жасаған роботтары жарысып, техникалары адам қиялы жетпейтін құрылыстар жүргізіп жатады. Одан қалса, тоқымдай жерден тонналап өнім алған шаруаларды көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш», демеп пе еді? Кешегі Абай да ғылым үйрен деп кеткен. Біз ше, даңғаза тойды, ысырапшыл фестивальдарды қашан қояр екенбіз?

Қазақстан мен Қытай шекарасын бойлай Қанас көлін көруге жолға шықтық. Күн жылынып, малдың езуі көкке тиген екен. Әр-әр жердегі қыстақтың маңайынан отардың жап-жасыл беткейлерде жүргені байқалады. Біздің жақта көзге сирек түсетін суырла­рың жол бойында балаша асыр сала ойнақтап жүр. Аң екеш аң да сезеді, заң
қорғайтынын.

– Көлге апаратын бұл жол Буыршын жақтағыдай емес, нашарлау, – деп ақталғандай болды Қуат.

Нашар дегенге солқ-солқ еткізетін тау жолы деп елестеткенбіз. Сөйтсек, тәп-тәуір асфальт. Өзіміз жақтың жолдарымен іштей салыстырып отырдым. Ирелеңдеген жолмен тауды қабырғалай келе жатып кілт тоқтадық.

– Әне, – деді Қуат сұқ саусағымен солтүстікті нұсқап, – Қазақстанның зас­­тавасы көрініп тұр.

Жалма-жан көліктен түстік. Фотоап­парат салып, жақындатып көріп едім, көк туымыз желбіреп тұр. Иектің астында ғана. Кешелі бері Қытайдың жолдарына сүйсініп жүрген әкем еш ойланбастан, Матвеевка заставасы деп қадап айтты.

– Кейін Маралды болып өзгерген. Төмендегі Ақ Қаба өзені. Шекара сызығы соның бойымен сызылған. Ал анау беткей Көккезең деп аталады. Кешегі ақсақал айтып отырған қызыл қырғын сол тұста болған. Шекара асып қашпақ болғандарды қарулы жасақ сол тұстан күтіп алып отырған секілді. Өйткені Көккезеңдегі жалпақ тастардан төте жазуды көп көргем, – деді әкем.

Ендігі аңсарым ауған жер – Көккезең. Кешегі Әбдікерім, Дүкен қажы, Бал­табай­лар басқан жер. Жаз шықсын... Көкейде сұрақ туса, қалта телефонға жар­маса кету әдетіміз емес пе? Картаны ашып жіберіп қарасам, Қазақстан шекарасына жолдың таяған тұсы осы екен. Астыртта Ақ қаба қыстағы жатыр. Кешегі қыстақ бүгінде саяхат орнына айналған. Тұтас қонақүйлер. Миллиардтаған ішкі қытай ағылып келетін Қанасқа да жетіп бардық. Мұзы еріп үлгермеген. Соның өзінде қызықтап келген ханзулар қаптап жүр.

Қайтарда жалдың үйі арқылы Буыршынға түстік. Жалдың үйі дегеніміз, шал да емес, жал да емес, жалдана біткен таудың етегіндегі ойды айтады екен. Түп-төркіні Жалдың ойы. Оны бізге жолсерігіміз Қуат айтты. Бәлкім басқа да нұсқалары бар шығар. Екі күндік сапарымыз осымен тәмәм. Үшінші күні бозала таңда шекарадан өте шықтық.

Қытай,

Шыңжаң өлкесі 

Соңғы жаңалықтар

Өзі оқымас – оқытпас

Пікір • Бүгін, 13:45

Инженерия баспалдағы

Digital • Бүгін, 13:10

Игілігі мол құрылғы

Digital • Бүгін, 12:30