Әлем • 10 Қазан, 2017

Атамбаевша айыптаудың астарында не бар?

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қатысты сыңаржақ пікірі ақпарат кеңістігінде қызу талқылануда. Бір кездері еліміз бен Елбасымызды сөзі жеткенше мақтаған Қырғызстан басшысының былайша құбылуын сарапшылар, түрлі ақпарат құралдары сан-саққа жорып отыр.

Атамбаевша айыптаудың астарында не бар?

Мәселен, «Kirim Haber» агенттігі Қыр­ғыз­стан президентінің бұл сыңаржақ мәлім­демесін елдегі сайлау науқанындағы ахуалмен байланыстыра отырып қарастырған. Ал «Рейтер» агенттігі ресми Бішкектің Қа­зақстан Президентінің қырғызстандық үміткер Өмірбек Бабановты қабылдауын өздерінің ішкі шаруасына араласу деп есептейтінін жазады.

Ресейлік бірқатар сарапшылар Алмазбек Атамбаевтың күрт өзгеріп, бұра тарта сөй­леуін «суға кеткен тал қармайдыға» балап отыр. Мәселен, «Московский Комсомолец» ба­сылымына сұхбат берген ТМД және Орталық Азия елдері бойынша сарапшы, халықаралық журналист Аркадий Дуб­новтың пайымдауынша, ресми Бішкек А.Атамбаевтың ыңғайсыз пікірі үшін ке­шірім сұрауы қажет. Сондай-ақ ол алда-жалда кешірім сұралмаса, бауырлас екі елдің арасына от түсетінін айтады.

«Қазақстанға қарата айтылған жөнсіз пікірлер назардан тыс қалмақ емес. Мұн­дай сөздер Қазақстан мен Қырғызстан ара­сындағы қарым-қатынасты бұзады. Ме­ніңше, ресми Бішкек жедел түрде кешірім сұрауы керек. Екі ел арасындағы алауыздық Орталық Азиядағы жағдайға тиімсіз», дейді сарапшы.

«Независимая газета» А.Атамбаевтың бұл әрекетін елдегі сайлау науқанындағы жағ­даймен байланыстыра келіп, Қырғыз­станның қазіргі президенті қолдап отырған үміткер Сооронбай Жээнбековтің халық арасындағы беделі төмендей бастағанын жазады.

Алмазбек Атамбаевтың астам сөзі неге апарып соғары туралы Қырғызстанның саясаттанушылары жергілікті ResPublica газеті бетінде пікір білдірген. Мәселен, саясаттанушы Эдиль Осмонбетов қырғыз президентінің көрші елдер және олардың басшыларына қарата айтқан орынсыз сыны жалғыз бұл емес екенін еске салады.

Бірақ, саясаттанушы президент Атам­баевтың сөзі екі мемлекет тұрғындарының қа­рым-қатынасына бәлендей әсер ете қой­майды деп есептейді. «Орталық Азия елдері геосаяси салмақты арттыру үшін бірігуі керек», деп атап көрсеткен саясаттанушы басылым бетінде.

Негізінде А.Атамбаевтың өзі жақтап отыр­ған адамның президент бола алмай қалу қаупі сезіле бастағандықтан, түр­лі айла-шарғы жасай бастағанын соң­ғы ақпараттардан анық аңғарылады. Қыр­ғызстан басшысының Қазақстан тұрғы­сында айтқан орынсыз пікірін сондай амалдардың бірі деп түсінуге болады.

Қырғызстандағы «Жаны муун» оппо­зи­циялық қозғалысының өкілі Әділ Тұ­рдықұлов «Незави­си­мая газета» басылымына берген сұх­батында Қырғыз­стан басшысының Қазақстанға қатысты айт­қан пікірін «соңғы тұяқ серпуге» балайды. Бұған қоса, ол: «Биліктің қолынан ке­лер әрекеті аз. Олар ең әуелі Бабановты сайлаудан шеттетуді көздейді. Орталық сайлау комиссиясы оған екі рет ескерту беріп үлгерді. Екіншісі – елдегі жағдайдың шиеленіскенін сылтауратып, дауыс беруді кейінге қалдыру. Осыны ескере келе, Атамбаевтың неліктен мұндай қадам жасағанын түсіну қиын емес»,  дейді.

Ә.Тұрдықұловтың пікірінше, жағ­дай­дың бұлай өрбуі таңғаларлық жағдай емес. Сайлау науқанындағы үгіт-насихат жұ­мыс­тары басталмай-ақ мұндай оқиға­ның болу мүмкіндігі ескерілген көріне­ді. «Атамбаевтың мәлімдемесі оның үрей­ле­нетінін көрсетеді. Ө.Бабанов жеңіске жетсе, оның қауіпсіздігіне зиян келуі мүмкін. Бабановпен бірге бұл мәселе жөнінде әңгіме жүргізілсе де, Атамбаев оған сенбейді», деп есептейді қырғызстандық сарапшы.

Аталған басылым осыдан біраз бұрын Н.Назарбаевқа шексіз алғысын жаудырған Атамбаевтың көзқарасын күрт өзгертіп шыға келуіне таңданысын да жасырмаған.

«Regnum» ақпарат агенттігі Қырғызстан мен Қазақстан ара­сындағы шиеленісті өз­дерінше ба­ғамдап көрген екен. Агенттіктің пайымдауынша, мәселе А.Атамбаев билік құрған жылдары елдегі бірқатар зиялы қа­уым өкілдерін өзіне қарсы қоюына байланысты туындаған. Сон­дықтан, ол өз ізбасары ретінде Соорон­бай Жээн­бековті қалдырып кетуге мүд­делі. Оқиға осылай өрбігенде ғана Атам­баев қылмыстық қудалаудан құтыла алады.

«Regnum» 15 қазандағы сайлауда Өмір­бек Бабанов жеңіске жетеді деп санайды. Қа­зақстанды айыптаған Атамбаев мұндай жағдайда дауыс беруге сыртқы күштердің араласқанын сылтаурата алады. Агенттіктің пікірінше, сайлау екінші турға созылса, қырғыз президенті халықтың көзқарасын өзгертуге барын салады.

Сонымен қатар агенттік қазақ-қырғыз қатынасының сайлауға тікелей тәуелді бо­лып қалғанын сөз еткен. Өйткені Атам­баевтың сөздері екі ел арасындағы байланысты шиеленістіріп жіберген. Агенттік, сондай-ақ, Қырғызстанның пре­зи­ден­ттігіне кім сайланса да, «тоғы­зыншы территориямен» келісу қиынға соғатынын болжайды.

Аталған агенттік екі ел арасындағы қа­рым-қатынастың бұзылуына қырғыз бас­шы­сының тікелей әсер еткенін айтады. Осы орайда «Regnum» ақпарат агенттігі қазіргі қырғыз билігінің отпен ойнап отырғанын тілге тиек еткен.

«Правда» газеті Атамбаевтың әрекетін арқадан пышақ ұруға балап отыр. Басы­лым­ның пікірінше, қырғыз басшысы тақтан тая­тын кез жақындаған сайын қазіргі мүм­кіндігін пайдаланып, айтарын айтып қалуға тырысады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»