Мәселен, «Kirim Haber» агенттігі Қырғызстан президентінің бұл сыңаржақ мәлімдемесін елдегі сайлау науқанындағы ахуалмен байланыстыра отырып қарастырған. Ал «Рейтер» агенттігі ресми Бішкектің Қазақстан Президентінің қырғызстандық үміткер Өмірбек Бабановты қабылдауын өздерінің ішкі шаруасына араласу деп есептейтінін жазады.
Ресейлік бірқатар сарапшылар Алмазбек Атамбаевтың күрт өзгеріп, бұра тарта сөйлеуін «суға кеткен тал қармайдыға» балап отыр. Мәселен, «Московский Комсомолец» басылымына сұхбат берген ТМД және Орталық Азия елдері бойынша сарапшы, халықаралық журналист Аркадий Дубновтың пайымдауынша, ресми Бішкек А.Атамбаевтың ыңғайсыз пікірі үшін кешірім сұрауы қажет. Сондай-ақ ол алда-жалда кешірім сұралмаса, бауырлас екі елдің арасына от түсетінін айтады.
«Қазақстанға қарата айтылған жөнсіз пікірлер назардан тыс қалмақ емес. Мұндай сөздер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынасты бұзады. Меніңше, ресми Бішкек жедел түрде кешірім сұрауы керек. Екі ел арасындағы алауыздық Орталық Азиядағы жағдайға тиімсіз», дейді сарапшы.
«Независимая газета» А.Атамбаевтың бұл әрекетін елдегі сайлау науқанындағы жағдаймен байланыстыра келіп, Қырғызстанның қазіргі президенті қолдап отырған үміткер Сооронбай Жээнбековтің халық арасындағы беделі төмендей бастағанын жазады.
Алмазбек Атамбаевтың астам сөзі неге апарып соғары туралы Қырғызстанның саясаттанушылары жергілікті ResPublica газеті бетінде пікір білдірген. Мәселен, саясаттанушы Эдиль Осмонбетов қырғыз президентінің көрші елдер және олардың басшыларына қарата айтқан орынсыз сыны жалғыз бұл емес екенін еске салады.
Бірақ, саясаттанушы президент Атамбаевтың сөзі екі мемлекет тұрғындарының қарым-қатынасына бәлендей әсер ете қоймайды деп есептейді. «Орталық Азия елдері геосаяси салмақты арттыру үшін бірігуі керек», деп атап көрсеткен саясаттанушы басылым бетінде.
Негізінде А.Атамбаевтың өзі жақтап отырған адамның президент бола алмай қалу қаупі сезіле бастағандықтан, түрлі айла-шарғы жасай бастағанын соңғы ақпараттардан анық аңғарылады. Қырғызстан басшысының Қазақстан тұрғысында айтқан орынсыз пікірін сондай амалдардың бірі деп түсінуге болады.
Қырғызстандағы «Жаны муун» оппозициялық қозғалысының өкілі Әділ Тұрдықұлов «Независимая газета» басылымына берген сұхбатында Қырғызстан басшысының Қазақстанға қатысты айтқан пікірін «соңғы тұяқ серпуге» балайды. Бұған қоса, ол: «Биліктің қолынан келер әрекеті аз. Олар ең әуелі Бабановты сайлаудан шеттетуді көздейді. Орталық сайлау комиссиясы оған екі рет ескерту беріп үлгерді. Екіншісі – елдегі жағдайдың шиеленіскенін сылтауратып, дауыс беруді кейінге қалдыру. Осыны ескере келе, Атамбаевтың неліктен мұндай қадам жасағанын түсіну қиын емес», дейді.
Ә.Тұрдықұловтың пікірінше, жағдайдың бұлай өрбуі таңғаларлық жағдай емес. Сайлау науқанындағы үгіт-насихат жұмыстары басталмай-ақ мұндай оқиғаның болу мүмкіндігі ескерілген көрінеді. «Атамбаевтың мәлімдемесі оның үрейленетінін көрсетеді. Ө.Бабанов жеңіске жетсе, оның қауіпсіздігіне зиян келуі мүмкін. Бабановпен бірге бұл мәселе жөнінде әңгіме жүргізілсе де, Атамбаев оған сенбейді», деп есептейді қырғызстандық сарапшы.
Аталған басылым осыдан біраз бұрын Н.Назарбаевқа шексіз алғысын жаудырған Атамбаевтың көзқарасын күрт өзгертіп шыға келуіне таңданысын да жасырмаған.
«Regnum» ақпарат агенттігі Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шиеленісті өздерінше бағамдап көрген екен. Агенттіктің пайымдауынша, мәселе А.Атамбаев билік құрған жылдары елдегі бірқатар зиялы қауым өкілдерін өзіне қарсы қоюына байланысты туындаған. Сондықтан, ол өз ізбасары ретінде Сооронбай Жээнбековті қалдырып кетуге мүдделі. Оқиға осылай өрбігенде ғана Атамбаев қылмыстық қудалаудан құтыла алады.
«Regnum» 15 қазандағы сайлауда Өмірбек Бабанов жеңіске жетеді деп санайды. Қазақстанды айыптаған Атамбаев мұндай жағдайда дауыс беруге сыртқы күштердің араласқанын сылтаурата алады. Агенттіктің пікірінше, сайлау екінші турға созылса, қырғыз президенті халықтың көзқарасын өзгертуге барын салады.
Сонымен қатар агенттік қазақ-қырғыз қатынасының сайлауға тікелей тәуелді болып қалғанын сөз еткен. Өйткені Атамбаевтың сөздері екі ел арасындағы байланысты шиеленістіріп жіберген. Агенттік, сондай-ақ, Қырғызстанның президенттігіне кім сайланса да, «тоғызыншы территориямен» келісу қиынға соғатынын болжайды.
Аталған агенттік екі ел арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына қырғыз басшысының тікелей әсер еткенін айтады. Осы орайда «Regnum» ақпарат агенттігі қазіргі қырғыз билігінің отпен ойнап отырғанын тілге тиек еткен.
«Правда» газеті Атамбаевтың әрекетін арқадан пышақ ұруға балап отыр. Басылымның пікірінше, қырғыз басшысы тақтан таятын кез жақындаған сайын қазіргі мүмкіндігін пайдаланып, айтарын айтып қалуға тырысады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»