Қала тұрғынының бірі тиісті орындарға хабарласып, ұлын туысқаны зорлағанын айтқан. Адам құқығын қорғаушы Ляззат Ракишева әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты бірқатар мәліметті жария етті.
«Әйелдің айтуынша, ол перзентханада болған кезеңде 9 жасар ұлын бір аптадай туыстарына қалдырған. Сол күндер ішінде бір туысы үш күн қатарынан баланы зорлаған. Сонымен қатар кеше анықталғандай, сол туысы әйелдің әпкесінің ұлын да бірнеше күн (шамамен бес күн) зорлаған. Қазір ата-аналар полицияға жүгінген, арыз берілген. Балалар енді үнсіз қалғысы келмейді. Олар әділдік талап етеді, кінәлі адамның жазалануын қалайды. Бұрын бұл күдікті алаяқтық үшін сотталғаны белгілі. Біз тергеудің объективті жүргізілуіне және заңды баға берілуіне үміттенеміз», деп жазды Л.Ракишева.
Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты зорлық әрекеті туралы арызы бойынша қылмыстық іс тіркелген.
«Арызға сәйкес, оқиға 2021 жылы болған. Сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында куәлар мен іс үшін маңызды басқа адамдар тыңдалған, бар материалдар алынған, зерттелген. Барлық оқиғаның жан-жақты, толық және объективті анықталуына бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады», делінген хабарламада.
Шымкент қаласы әкімдігінің өңірдегі балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтіп, қолдау шараларын жүйелеуге бағытталған жаңа басқарма құру жөніндегі шешімі жұрт қолдауына ие болары анық. Қазір аталған құрылым Әділет департаментіне тіркеуге жолданған. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, бір ай көлемінде жаңа басқарма өз жұмысын бастайды.
Бүгінде қала бойынша 817 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның ішінде 670 бала отбасылық тәрбиеде өсіп жатыр. Ал 121 бала өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәрбиеленуде. Сонымен қатар №6 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында – 19 бала, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында – 4, ал мамандандырылған бөбектер үйінде 3 бала орналастырылған. Әлеуметтік мәртебесіне қарай бұл балалардың 359-ы – жетім, ал 458-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар санатына жатады.
Басқарма басшысының айтуынша, қалада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық ортада тәрбиелеуге басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмысы күшейтіліп, балаларды асырап алу мен патронаттық тәрбиеге беру шаралары тұрақты бақылауда тұр. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету жүйесі де кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатыр. Арнайы орталықтарда тәрбиеленіп жатқан балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, толыққанды дамуына жағдай жасау – басты назарда. Білім ұйымдарында құқықтық мәдениетті арттыру және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жаңа бастамалар қолға алынған. Мысалы, қазір республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан арнайы тәлімгерлік жоба Шымкент қаласында да кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Қуаныш Ғалымжанұлының айтуынша, жоба аясында зейнеткер педагогтер мен тәжірибелі сала мамандары білім ұйымдарына тәлімгер ретінде жұмысқа қабылданған. Тәлімгерлер әр мектепте, әр сыныпта оқушылармен тікелей жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, олар балаларға құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмысын өткізіп, заң талаптарын, жауапкершілік мәселелерін кеңінен таныстырады. Оқушыларға күш көрсету, буллинг және өзге де құқық бұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі. Бастаманың негізгі мақсаты – мектеп ортасында қауіпсіз әрі қолайлы атмосфера қалыптастыру, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Шымкент