«Өзбекстанда су тапшы. Жер де көбірек болғаны дұрыс. Ал бізде, Беларусьте, мұның бәрі бар. Кейде жұмыс күші жетіспей жатады. Сондықтан өзбекстандықтардың, нақты өзбек адамдары отбасымен бірге Беларуське келіп, осында қоныстанғанын қалар едік. Мұнда оларға қажет болса, медициналық көмек көрсетіліп, білім алуына мүмкіндік жасалады. Біз үшін бұл өте маңызды. Өйткені беларусь жерінің бос қалмағанын қалаймыз», деді Лукашенко.
Қазіргі таңда Беларусьте жұмыс күші тапшылығы байқалады. Бұған халықтың қартаюы және білікті мамандардың елден кетуі себеп болып отыр. 2020 жылғы президенттік сайлаудан кейін басталған жаппай наразылықтардан соң жүздеген мың адам елден көшіп кеткен. Ресми мәліметке сәйкес, Беларусьтегі бос жұмыс орындары банкінде 160 мыңнан астам маманға сұраныс бар.
Мирзиёевтің екі күндік сапары аясында Беларусь пен Өзбекстан арасында стратегиялық әріптестік қатынастарын орнату туралы декларацияға қол қойылды.
Тараптар 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын екі есеге арттырып, 2 миллиард АҚШ долларына жеткізуді мақсат етіп отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 1 миллиард долларға жеткен.
Лукашенкомен келіссөз барысында Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның атом электр стансасын салу кезінде Беларусьтің тәжірибесін, соның ішінде мамандар даярлау ісін пайдалануға мүдделі екенін айтты.
Бұған дейін Ташкент Мәскеумен бірлесіп Өзбекстандағы алғашқы атом электр стансасының алғашқы энергоблогының құрылысын бастаған болатын. Құрылысқа Санкт-Петербургтен бейнебайланыс арқылы Ресей президенті Владимир Путин мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ресми түрде бастау берген.
«Крокус сити холлдағы» теракт: 15 күдікті өмір бойына сотталды
Ташкенттің негізгі экономикалық серіктестерінің бірі әлі де Мәскеу болып қала береді. Ресейде еңбек мигранттарына қойылатын талаптардың күшейгеніне және 2024 жылы Мәскеу облысындағы «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден кейін ксенофобиялық көңіл-күйдің күшейгеніне қарамастан, Ресей Өзбекстан азаматтары үшін негізгі еңбек көші-қоны бағыты болып қала беруде.