Экономика •

Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бір айда 28,4% өсті

2 мин
оқу үшін

Маусым айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 053 мәміле жасалған. Осылайша мамыр айымен салыстырғанда тұрғын үй нарығындағы сұраныс 28,4 пайызға артқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бір айда 28,4% өсті

Фото: istockphoto.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 6 841 мәміле жасалып, жалпы көлемнің 17,5 пайызын құрады. Одан кейін Астана (6 436) және Қарағанды облысы (3 772) орналасқан. Ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген. Өңірде жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша небәрі 360 мәміле жасалған.

Екінші пәтерге ипотека рәсімдеуге бола ма?

Мамырмен салыстырғанда тұрғын үй мәмілелерінің саны барлық өңірде өсті. Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (67,4%), Қарағанды облысында (43,4%) және Атырау облысында (40,9%) байқалды.

Көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша маусымда 29 432 мәміле жасалған. Пәтерлерді сатып алу-сату бойынша ең жоғары белсенділік Астана, Алматы қалаларында және Қарағанды облысында тіркелді. Зерттеулер бір бөлмелі пәтерлердің көп сатылатындығын көрсетіп отыр. Бір ай ішінде бұл санат бойынша 11 348 мәміле жасалған.

35 жасқа дейінгі 283 мыңнан астам жас азамат «Отбасы банктің» көмегімен баспаналы болды

Жеке тұрғын үйлер нарығында да оң өсім байқалды. Маусым айында 9 621 жеке үй бойынша мәміле тіркеліп, мамырмен салыстырғанда 36,7 пайызға жоғары өсім көрсеткен. Жеке тұрғын үйлерді сатып алу-сату көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңірде өсті. ШҚО-да бұл көрсеткіш 1,4 пайызға төмендеген.

Айта кетейік, 2027 жылдан бастап елімізде ипотека беру талаптарына өзгерістер енгізіледі. Банктер енді қарыз алушының жалпы берешегін оның табысымен салыстырып бағалайды. Яғни, азаматтың табысына сай келмейтін көлемде несие берілмейді.

Соңғы жаңалықтар