Фото: Exilenova+
Шабуыл салдарынан тәулігіне 20 мың тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы CDU-6 қондырғысы зақымданған. Бұл зауыттағы осындай жалғыз қондырғы болған.
Саратов облысының губернаторы Роман Бусаргин 8 шілдеде өңірде ұшқышсыз аппараттардың шабуылынан азаматтық инфрақұрылым нысандары зардап шеккенін растағанымен, нақты қандай нысандарға зақым келгенін жарияламады. Ал Украина Қарулы күштерінің Бас штабы соққы «Роснефть» компаниясына тиесілі Саратов мұнай өңдеу зауытына жасалғанын мәлімдеді. Компания бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеген.
Жыл басынан бері Украина дрондарының шабуылынан Ресейде 13 мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан елдегі мұнай өңдеу қуатының шамамен 25 пайызы, ал бензин мен дизель өндірісінің 30 пайызы уақытша істен шыққан.
Ресей билігі жанармай бағасына қатысты деректерді жариялауды тоқтатты
Бүгінде Ресейдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы байқалып отыр. Елдің кейбір аймақтарында бензин сатуға шектеулер енгізілсе, билік дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым салған.
Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Энергетика министрлігі Ресей тарапынан ресми өтініш түспегенін мәлімдеді. Сондай ақ министрлік елімізде жанармай тапшылығының қаупі жоқ екенін хабарлады. Бұл жағдай Ресейден жанармай жеткізетін елдерге де әсерін тигізбей қоймады. Тапшылық Қырғызстанда да байқалып, Алатаудың арғы бетіндегі ағайын Қазақстанмен қоса бес елге ресми өтініш жолдап, қолқа салған болатын.