Құрылтай •

«Әділет» партиясының ІІІ съезі маңызды ұйымдастырушылық шешімдермен аяқталды

2 мин
оқу үшін

«Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезінде партия қызметін цифрландыруға және азаматтармен байланысты нығайтуға бағытталған жаңа цифрлық шешімдер таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Әділет» партиясының ІІІ съезі маңызды ұйымдастырушылық шешімдермен аяқталды

Фото: adilet-partiyasy.kz

Ұсынылған сервистер партияның «Әділет.365» бірыңғай цифрлық платформасын кезең-кезеңімен қалыптастыру жұмысының бір бөлігі саналады. Болашақта бұл платформа азаматтарға, партия мүшелеріне және партия органдарына арналған барлық цифрлық құралдарды бір жүйеге біріктірмек.

Съезд барысында партияға мүшелікке өтініш берудің бірыңғай цифрлық жүйесі іске қосылғаны хабарланды. Енді азаматтар өтінішті QR-код, eGov порталы немесе осы қызметті қолдайтын банк қосымшалары арқылы бере алады.

«Әділет» партиясының гимні таныстырылды

Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде әзірленген интеллектуалды цифрлық көмекшілер таныстырылды. Олар партия бағдарламасы туралы ақпарат ұсынып, мүшелікке қабылдау тәртібін түсіндіреді, жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді және цифрлық сервистерді пайдалануға көмектеседі. Пайдаланушылармен байланыс чат-боттар мен партияның фирмалық цифрлық маскоты арқылы жүзеге асырылады.

Жаңа цифрлық экожүйенің тағы бір маңызды бөлігі – партия мүшесінің жеке кабинеті. Ол бір интерфейс арқылы партиялық ақпаратқа, құжаттарға, хабарламаларға және басқа да цифрлық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформаның функционалы алдағы уақытта кеңейтіледі.

Жаңа есімдер мен танымал тұлғалар: «Әділет» партиясының сайлауалды тізіміне кімдер енді?

Сондай-ақ партия құрылымдарының жұмысын үйлестіруге арналған цифрлық штаб пилоттық режимде іске қосылды. Бұл жүйе тапсырмалардың орындалуын бақылауға, орталық аппарат пен өңірлік филиалдар арасындағы өзара байланысты күшейтуге және бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Партия өкілдерінің айтуынша, барлық жаңа цифрлық шешімдер алдағы уақытта азаматтармен өзара іс-қимылды жеңілдетуге, ішкі үдерістерді цифрландыруға және жасанды интеллект негізіндегі жаңа сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, бүгін елорда төрінде «Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезі өтті. Жиында партия Құрылтай сайлауына 186 кандидат ұсынатындығын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар