Қоғам •

Елімізде QR-мен жасалған төлемдердің көлемі 8 триллион теңгеге жетті

2 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 73,5 трлн теңгеге жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда (462,1 млрд тг) 159 есе көп болғанымен, соңғы жылдағы өсім қарқыны небәрі 3,9%-ды құрап, айтарлықтай баяулаған. Банк карталары айналымындағы қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 87,6%-ға тұрақтап, қалған 12,4%-ы ғана қолма-қол ақша алуға тиесілі болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде QR-мен жасалған төлемдердің көлемі 8 триллион теңгеге жетті

Фото: Ашық дереккөз

Өңірлік көрсеткіштер

Төлемдердің басым бөлігі әлі де ірі қалаларда шоғырланған:

  • Алматы – 37,2 трлн теңге (елдегі жалпы көлемнің жартысынан астамы);
  • Астана – 6,6 трлн теңге;
  • Шымкент – 4,6 трлн теңге.

Карта айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлем үлесі бойынша Алматы облысы (92,3%) көш бастап тұр. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (74%) тіркелді.

Елімізде қолма-қол ақша алу операцияларының саны азайған

Төлем тәсілдері және QR-кодтың өсімі

Интернет пен мобильді қосымшалар 78,9% үлеспен (58,4 трлн теңге) негізгі есеп айырысу құралы болып қала береді. Дегенмен, нарықтағы ең қарқынды дамып жатқан сегмент – QR төлемдері.

QR арқылы төлемдер көлемі 1,5 трлн теңгеден (2023 ж.) 8 трлн теңгеге (2026 ж.) дейін өсіп, нарықтағы үлесі 3%-дан 10,8%-ға дейін артты. QR-код арқылы төлеу қатарынан екінші жыл дәстүрлі POS-терминалдардан (7,5 трлн теңге, үлесі 10,2%) озып тұр.

Халық қолға ақша ұстамайтын болды: Айналымда қанша банк картасы бар?

Бірыңғай QR жүйесі

Нарықтың дамуындағы келесі маңызды қадам – бірыңғай QR жүйесін енгізу. Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің шешімімен бұл жүйе 2026 жылдың 19 шілдесінен бастап толық іске қосылады.

Жүйенің басты артықшылығы – осыған дейін сатып алушылар кассада тұрған QR-кодтың қай банкке тиесілі екеніне тәуелді болатын. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін, дүкенде қай банктің коды тұрғанына қарамастан, клиент кез келген банктің мобильді қосымшасымен төлем жасай алады. 

Соңғы жаңалықтар