Шаруашылық •

Абай облысында қуаңшылық бар ма? Министрлік ресми мәлімдеме жасады

1 мин
оқу үшін

Абай облысында биыл жауын-шашын аз болып, күннің ыстығынан жер құрғап кетті. Шаруалар шабындық жерлерді айтпағанда, егістік жерлерді күйдіріп жіберді деп отыр. Осыған орай шаруалар биыл мал азығының тапшылығы туындайтындығын айтып дабыл қақты. Фермерлерді алаңдатқан мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Абай облысында қуаңшылық бар ма? Министрлік ресми мәлімдеме жасады

Әлеуметтік желілерде мал шаруашылығымен айналысатын Қуаныш Сүлейменовтің үндеуі жарияланды. Оның айтуынша, биыл өңірдегі аптап ыстық егістік пен шабындық алқаптарын күйдіріп жатыр. Ол әкімдік пен Ауыл шаруашылығы министрлігін қиын жағдайға тап болған аудандар мен облыстарды жемшөппен қамтамасыз етіп, мал шаруашылығын сақтап қалуға шақырды.

«Бұл – бүгінгі күннің ең маңызды міндеттерінің бірі. Осы жұмыстың сапалы атқарылуы күзде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасының тұрақтылығына әсер етіп, 2027 жылдың көктемінде ет бағасының айтарлықтай қымбаттауына жол бермейді», деді Сүлейменов.

Алайда министрліктің мәліметінше, өңірде қуаңшылық болып жатқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Биыл мол жауын-шашынның түсуіне байланысты жемшөп дайындау науқаны әдеттегіден кеш басталған.

«Көпжылдық бақылауларға сәйкес, өңірде бұл жұмыстар жыл сайын маусым айының үшінші онкүндігінің соңында басталады. Мерзімнің аздап ығысқанына қарамастан, бүгінгі күні облыста 99,1 мың тонна шөп дайындалды. Жемшөп әзірлеу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр», деп хабарлады министрлік.

Ал Абай облысының әкімдігі өңірде қуаңшылық салдарынан жайылымдар мен шабындықтардың бүлінуі немесе егіс алқаптарының күйіп кетуі фактілері тіркелмегенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар