Еңбек • Бүгін, 08:28

Жапандағы жалғыз үйдің тірегі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбекті сүйген адам қиындықтан қашпайды. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылының жұртында жалғыз үй болып қалып, көшкен елдің 150 жылқысын бағып отырған Әділхан Байтасов есімді жігітті бүгінгі күннің нағыз еңбексүйгіш ері десек жаңылыспаймыз.

Жапандағы жалғыз үйдің тірегі

Бұл ауыл – жазушы Сафуан Шаймерденовтей біртуар тұлғаның кіндік қаны тамған әйгілі мекен. Амал бар ма, бүгінгі өмір талабымен тұрғындары тегіс көшіп кетіп, тек осы Әділхан ғана қалды. Ол жас­тайынан мал баққан, атакәсіпті жан-дүниесімен сүйетін азамат.

«Ауылдан кеткім келмейді. Әрине, қалаға көшсем бір кісідей күнімді көрер едім, бірақ жаным әрдайым даланы аңсап тұрады», дейді ол.

Ауылдан көшкенде сатпаған, өтпеген жылқыларын тұрғындардың бәрі Әділханға сеніп тапсырып кеткен. Жасы жер ортасына жақындап қалған жан болса да ширақ, он жылдан бері көшкен ауылдастарының қосқан жылқысын өз малындай аялап, бағып-күтіп келеді. Тіпті жараланғандары, мерттіккендері болса ұстап алып, емдеп жібереді. Алдымен ауылда жалғыз үй болып тұрған, бірақ артынан көшпеген көрші ауылдан үй алып, сонда қоныс аударды. Өзі жоқта жылқыны кең албарға қамап кетеді. Таңертең шығарып, кешке дейін бағады.

Жылқының бірде-біреуі тұсал­маған, осының өзінен жылқышы­ның шеберлігін байқауға болады. Жиын-терім аяқталған соң жылқыны тіпті еркін жібереді. Күзге салым иелері келіп, соғымға соятындарын ұстайды. Жүген-құрық тимеген шу асауларды ұстау да оңай емес, ондайға да Әділхан ғана епті.

Білмеген адамға 150 жылқыны санау да қиын. Тұяқты мал бір орында тұрмай жылжи береді. Тәжірибелі жылқышы көзбен ғана санайды екен. Адам сияқты, жылқының арасында да белгілілері болады. Әділхан олардың қатарында жүретін бірнешеуін жұптап қарап шықса болды, жылқының санын біледі. Баяғыда, осы төңіректе үйір-үйір жылқы ұстаған Әлти бай малын көлге жіберіп, суға құрық салып санап алады деуші еді. Жылқы ішкен соң су құрықтың белгілеп қойған жеріне дейін төмендесе, малы түгел, ал белгіленген жерге бармай, биіктеу қалса жылқы бөлініп кетіпті деп байбалам салады екен. Сол сияқты, Әділханның Дулат деген ағасынан үйренген өз әдісі бар көрінеді.

Еңбегіне қарай жылқышының табысы да жаман емес, әр тұяққа бес мың теңгеден алғанда айына 700 мыңдай табады. Бұл жыл он екі ай бойы қыстың суығы мен жаздың аптабына қалып жүрген жанға көп емес, әрине.  Сақылдаған сары аязда Әділханның жылқысы тебінде болады. Бірнеше күн боран соғып, аяз қысқанда үйде жата алмаймын дейді ол. Аяз сәл сынып, 15–20 градусқа түссе болды, жылқыларын іздеп шығады. Қазір ит-құс жоқ, жаздан семіз шыққан жылқылар ықтаумен аман қалады екен.

Бір қызығы, Әділханның жылқы бағатын көлігі – қытайлық мотоцикл. Әрі ыңғайлы, әрі жылдам көлік жылқышыға нағыз қол. Бірақ қатты жауындарда жер езілсе жүре алмайды, ондайда ерттеулі аты дайын тұрады. Ешқандай мәселе, қиындық жөнінде айтпай, керісінше бәрі жақсы деп тұрған еңбеккердің ісіне сәттілік тілеп аттандық.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар