Футбол • 22 Қараша, 2017

Хавьер Калеха: «Севильядан» бұрын «Астананы» ойлауымыз керек

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Вильярреал» футбол клубының бас бапкері Хавьер Калеха Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астана» командасына қарсы ойын жайлы пікір білдірді.

Хавьер Калеха: «Севильядан» бұрын «Астананы» ойлауымыз керек

– Ең бірінші «Севильяның» бас бапкері Эдуардо Беррисонің қауіпті ісік ауруына шалдыққанына қайғырып отырмын. «Вильярреал» командасы оның тезірек сауығып кетуін тілеймз.

– Алда «Севильяға» қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Өткен турда «Атлетикпен» күш сынастыңыздар. Ертең негізгі құрамда қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе?

– Ойымыздың бәрі әзірге ертеңгі ойын жайлы. «Севилья» туралы осы ойыннан кейін ойлайтын боламыз. Еуропа лигасында оңай ойын болмайтыны белгілі. Негізгі құрамда өзгерістер болуы әбден мүмкін.

– «Маккабиді» сырт алаңда жеңе алмағандарыңыздың себебі неде?

– Бізге ол кездесуде сәттілік жетіспеді. Мүмкіндіктеріміз болған, бірақ пайдалана алмадық.

– Бакамбу ертең негізгі құраммен шығады ма? Қанша дегенмен Еуропа лигасында жөнді көзге түсе алмай жүр.

– Бакамбу шығады деп ойлаймын. Бізді маңызды матч күтіп тұр. «Астананы» жеңу үшін оның көмегі бізге өте қажет.

– «Вильярреал» ойыншыларына екі елдегі ауа райы, «Астана-Аренадағы» жасанды алаң кедергі келтірмей ме?

– Рас, біздің жағдайымыз аздап қиындау. Бірақ үш ұпай иеленуіміз керек.

– Егер «Вильярреал» ертең жеңіске жетсе, плей-оффқа жолдама алады. Ал соңғы турдағы ойын жайлы не ойлайсыз? Қаншалықты маңызды болмақ?

– Ертеңгі басты мақсатымыз – жеңіске жету. Әр ойын біз үшін финал секілді. Сондықтан барлық ойынға баса назар аударуымыз керек.

– «Астанадан» қай ойыншыны ерекше атап өтер едіңіз? Тең есеп сізді қанағаттандыра ма?

– Мен Джуниор Кабананганы ерекше атап өтер едім. Оның жылдамдығы, дриблингі бізге қиындық тудырады. Ол «Астананың» үздік ойыншысы деп ойлаймын.

– Ауа райының салқындығы кедергі келтірмей ме?

– Біз кәсіби адамбыз. Сондықтан барлық қиындықты жеңуіміз керек.

Айта кетейік, «Астана» мен «Вильярреал» арасындағы кездесу ертең, яғни 23 қазан күні «Астана-Арена» стадионында 22:00-де басталады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»