– Ең бірінші «Севильяның» бас бапкері Эдуардо Беррисонің қауіпті ісік ауруына шалдыққанына қайғырып отырмын. «Вильярреал» командасы оның тезірек сауығып кетуін тілеймз.
– Алда «Севильяға» қарсы маңызды ойын күтіп тұр. Өткен турда «Атлетикпен» күш сынастыңыздар. Ертең негізгі құрамда қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Ойымыздың бәрі әзірге ертеңгі ойын жайлы. «Севилья» туралы осы ойыннан кейін ойлайтын боламыз. Еуропа лигасында оңай ойын болмайтыны белгілі. Негізгі құрамда өзгерістер болуы әбден мүмкін.
– «Маккабиді» сырт алаңда жеңе алмағандарыңыздың себебі неде?
– Бізге ол кездесуде сәттілік жетіспеді. Мүмкіндіктеріміз болған, бірақ пайдалана алмадық.
– Бакамбу ертең негізгі құраммен шығады ма? Қанша дегенмен Еуропа лигасында жөнді көзге түсе алмай жүр.
– Бакамбу шығады деп ойлаймын. Бізді маңызды матч күтіп тұр. «Астананы» жеңу үшін оның көмегі бізге өте қажет.
– «Вильярреал» ойыншыларына екі елдегі ауа райы, «Астана-Аренадағы» жасанды алаң кедергі келтірмей ме?
– Рас, біздің жағдайымыз аздап қиындау. Бірақ үш ұпай иеленуіміз керек.
– Егер «Вильярреал» ертең жеңіске жетсе, плей-оффқа жолдама алады. Ал соңғы турдағы ойын жайлы не ойлайсыз? Қаншалықты маңызды болмақ?
– Ертеңгі басты мақсатымыз – жеңіске жету. Әр ойын біз үшін финал секілді. Сондықтан барлық ойынға баса назар аударуымыз керек.
– «Астанадан» қай ойыншыны ерекше атап өтер едіңіз? Тең есеп сізді қанағаттандыра ма?
– Мен Джуниор Кабананганы ерекше атап өтер едім. Оның жылдамдығы, дриблингі бізге қиындық тудырады. Ол «Астананың» үздік ойыншысы деп ойлаймын.
– Ауа райының салқындығы кедергі келтірмей ме?
– Біз кәсіби адамбыз. Сондықтан барлық қиындықты жеңуіміз керек.
Айта кетейік, «Астана» мен «Вильярреал» арасындағы кездесу ертең, яғни 23 қазан күні «Астана-Арена» стадионында 22:00-де басталады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»