Әдебиет • 30 Қараша, 2017

Мураками Маралдыны зерттемек

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі археолог Әлкей Марғұлан бірде экспедицияда жинаған қазақ­тың ою-өрнегiн Мырзатай Жолдас­бековке көрсетiп, мынау дүниелер­дiң Еуропа үшiн әрқайсысы – сенса­ция, ал қазақ үшiн түк те емес», деп кейiген екен. Біз сөз етпек Күршім ауданының Маралды ауылының маңынан табылған құнды жәдігерлер ұлт зиялысының осы бір сөзін еріксіз еске түсіріп отыр. 

Мураками Маралдыны зерттемек

Иә, биыл күзде Ясуюки Мураками деген жапон археологы сонау жерден Күршімге арнайы келіпті. Құр келмепті, осы ауданның Маралды ауылының маңында ежелгі дәуір адамдарының темір мен қоладан жасаған металл өндіру пештері болуы мүмкін деген болжамын айтып, көктем туа қайта келемін, осы тақырыпты індете зерттеймін депті. Жапондар байқампаз халық қой. Күршімдегі тарихи-өлкетану музейіне барған шетелдік біз «жай тас қой» деп жөнді мән бермей жүрген түйіршік тасқа көп шүйіліп, оның құрамында металлургиялық пеш қалдықтарына тән белгілер, ағаш талшықтарының іздері барын жеткізіпті. Жапонияның Эхимэ мемлекеттік университетін­дегі Азия елдерінің ежелгі металлургия­лық өндірісі мәдениетін зерттеу инсти­тутының директоры Күршімнің Маралды өңірін өзінің ғылыми жобасына енгізетінін де тілге тиек етіпті. «Ғалым қазба орындарын зерттеп, көне дәуірде темір мен қола­ны өндірген кезде шыққан қал­дықтар арқылы металл өндіретін пештерді тауып жүр екен. Біз өзімізде сақталып келе жатқан бұл заттың металл өндіруден қалған қалдық екенін білген жоқпыз. Бірнеше жыл бұрын осы жәдігерлерді Маралды мектебінің оқушылары біздің мұражайға ежелгі кездегі құрылыс материалдары болуы мүмкін деген болжаммен өткізген болатын. Біз өз болжамымызбен метеорит бөлшектері деп көрсетіп қойған едік», дейді аталған музей меңгерушісі Анель Оқанова.

Содан не керек, біз «метеорит бөлшектері» деп жүрген дүниеміз толық зерттелгеннен кейін әлемдік археология тарихына сенсация ретінде тіркелуі де ғажап емес. 

 Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы