Футбол • 28 Наурыз, 2018

Қазақстан құрамасы: Соңғы минут синдромы

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан ұлттық құрамасы Станимир Стойловтың бастауымен екі жолдастық кездесу өткізді. Алдымен Венгрияны 3:2 есебімен жеңгеннен кейін, отандастарымыз Болгария құрамасынан 2:1 есебімен жеңіліп қалды. 

Қазақстан құрамасы: Соңғы минут синдромы

Бұл ойынға Станимир Стойлов құрама ойыншыларын өзгертілген құраммен шығарды. Алғашқы матчта қақпа күзеткен Ненад Эричтің орнына «Қайраттың» қақпашысы Владимир Плотников тұрды. Күзде болатын ресми ойындарға дейін барлық футболшыны сынақтан өткіземін деген бапкер, команданың негізгі ойыншысы Дмитрий Шомконың орнына Ғафұржан Сүйімбаевты салды. Ал қалған футболшылар сол күйі өздерінің үйреншікті орындарына жайғасты. 

Ойын тәжірибиесінің азды­ғы болар, сол қапталдағы қор­ға­нысқа жауапты болған Сүйім­баев ойынның 24-минутында айып алаңында тәртіп бұзып, қақпамызға айып добы белгі­ленді. Пенальтиді орындаған Иве­лин Попов мүлт кетпеді. Еуро­па алаңдарында доп теуіп жүрген болгариялықтар мықты легио­нерлерінің арқасында басым­дылықты жібере қоймады. Тек екінші тайм басталар тұста Болгария бапкері Петар Хубчев мәскеулік ЦСКА сапында ойнайтын Георгий Миланов пен софиялық ЦСКА-ның лидері Станислав Монолевті алмастырды. Ал Стойлов алаңға Еркебұлан Тұң­ғышбаев пен Магомед Парагуль­ковты шығарды. Оң қаптал­да вингер қызметін орын­да­ған Тұңғышбаев 56-минутта қор­ғау­шылар қателігін пайдала­нып, таразы басын теңес­тірді.

Осы жерде айта кетуіміз керек, бапкеріміз негізгі шабуыл­шы қызметін атқарған Сергей Хижниченконың орнын Роман Мұр­тазаевқа берген-тін. Мұртазаев қапталдан орталық шабуылшы рөліне ауысуымен ширақ қи­мыл­ға көшті. Таблодағы есеп­тің теңесуіне де «Астана» ойын­шысының септігі мол болды. Солғын қимылдаған Сергей Хиж­ниченконың орны енді осыдан кейін Мұртазаевқа бұйырып та қалар. 

Ал одан кейін ортада ойқас­таған Бауыржан Исламхан құра­маның капитаны ретінде жігіттерді шабуылға бастап отырды. Әдемі пастарының біршамасы Болгария қақпасының алдында қауіпті сәттер туындатты. Тіпті, Роман Мұртазаев қақпаның маңдайшасын да ауыр соққымен бір тексеріп алды. Екінші таймның біршама бөлгінде Хубчев шәкірттері тек қорғанумен болды.

Ал құрама сапына жаңадан алынған Сейдахмет, Парагульгов, Перцух секілді жас таланттар сенімді қимылдарға көшті. Өсіп келе жатқан жастардың өнері барша қазақстандық жанкүйердің көңілінен шықты. Техникасы да, жылдамдығы да қарсыластан кем түспейтін жігерлі жастарды көргенімізде ел футболының болашағы бар екеніне сенгендей болдық. 

Ойынның екінші таймын түгелімен өз бақылауымызда ұстап, басымдылыққа ие бол­ғанымызбен соңғы минутта бір қателік жіберіп алдық. Еркебұлан Тұңғышбаев айып алаңының маңында Спас Делевті шалып құлатты. Стандарттық жағдай Николай Бодуровтың бас­пен гол соғуына әкеп соқтырды. Ең соңғы секундтарда соғылған гол Қазақстан құрамасының әлі соң­ғы минут синдромынан айықпа­ғанын көрсетеді.

Енді, күзде бо­латын Гру­зияға қарсы ойынға тың­ғы­лық­ты дайындық жұмыс­тары жүре­ді. Ресми матч­тарда мұн­дай қа­те­лік­тер орын алмас деп үміттенеміз. 

Станимир Стойлов, Қазақстан құрамасының бас бапкері: 
– Венгрия мен Болгарияға қарсы өткен ойындар біз­дің жігіт­тер­­дің деңгейін көр­сет­­ті. Біз мұны­мен тоқ­тап қалмай­мыз. Күзге дейін жас­тары­мыздың ойынын да, тактика­лық сауат­ты­­лығын да арттыра бере­міз. Вен­­грияны ұттық деп дандайсымаймыз. Соңғы секундта кез келген қар­­сылас гол соғып кетуі мүмкін.

Петар Хубчев, Болгария құрамасының бас бапкері: 
– Қазақстан құ­рамасы бізді таң­ғалдырды. Бұ­рын Ал­ма­тыда өт­кен жол­дас­тық ойын­да 2:1 есебімен оңай жең­ген едік. Ал бүгінгі жеңі­сі­міз тіп­ті бір кездей­соқ сәттілік се­кілді. Демек бізге әлі көп ең­бек етіп, ойы­нымызды түзеу керек деген сөз. Қазақстан құра­ма­сына сәттілік тілеймін.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»