Бұл ойынға Станимир Стойлов құрама ойыншыларын өзгертілген құраммен шығарды. Алғашқы матчта қақпа күзеткен Ненад Эричтің орнына «Қайраттың» қақпашысы Владимир Плотников тұрды. Күзде болатын ресми ойындарға дейін барлық футболшыны сынақтан өткіземін деген бапкер, команданың негізгі ойыншысы Дмитрий Шомконың орнына Ғафұржан Сүйімбаевты салды. Ал қалған футболшылар сол күйі өздерінің үйреншікті орындарына жайғасты.
Ойын тәжірибиесінің аздығы болар, сол қапталдағы қорғанысқа жауапты болған Сүйімбаев ойынның 24-минутында айып алаңында тәртіп бұзып, қақпамызға айып добы белгіленді. Пенальтиді орындаған Ивелин Попов мүлт кетпеді. Еуропа алаңдарында доп теуіп жүрген болгариялықтар мықты легионерлерінің арқасында басымдылықты жібере қоймады. Тек екінші тайм басталар тұста Болгария бапкері Петар Хубчев мәскеулік ЦСКА сапында ойнайтын Георгий Миланов пен софиялық ЦСКА-ның лидері Станислав Монолевті алмастырды. Ал Стойлов алаңға Еркебұлан Тұңғышбаев пен Магомед Парагульковты шығарды. Оң қапталда вингер қызметін орындаған Тұңғышбаев 56-минутта қорғаушылар қателігін пайдаланып, таразы басын теңестірді.
Осы жерде айта кетуіміз керек, бапкеріміз негізгі шабуылшы қызметін атқарған Сергей Хижниченконың орнын Роман Мұртазаевқа берген-тін. Мұртазаев қапталдан орталық шабуылшы рөліне ауысуымен ширақ қимылға көшті. Таблодағы есептің теңесуіне де «Астана» ойыншысының септігі мол болды. Солғын қимылдаған Сергей Хижниченконың орны енді осыдан кейін Мұртазаевқа бұйырып та қалар.
Ал одан кейін ортада ойқастаған Бауыржан Исламхан құраманың капитаны ретінде жігіттерді шабуылға бастап отырды. Әдемі пастарының біршамасы Болгария қақпасының алдында қауіпті сәттер туындатты. Тіпті, Роман Мұртазаев қақпаның маңдайшасын да ауыр соққымен бір тексеріп алды. Екінші таймның біршама бөлгінде Хубчев шәкірттері тек қорғанумен болды.
Ал құрама сапына жаңадан алынған Сейдахмет, Парагульгов, Перцух секілді жас таланттар сенімді қимылдарға көшті. Өсіп келе жатқан жастардың өнері барша қазақстандық жанкүйердің көңілінен шықты. Техникасы да, жылдамдығы да қарсыластан кем түспейтін жігерлі жастарды көргенімізде ел футболының болашағы бар екеніне сенгендей болдық.
Ойынның екінші таймын түгелімен өз бақылауымызда ұстап, басымдылыққа ие болғанымызбен соңғы минутта бір қателік жіберіп алдық. Еркебұлан Тұңғышбаев айып алаңының маңында Спас Делевті шалып құлатты. Стандарттық жағдай Николай Бодуровтың баспен гол соғуына әкеп соқтырды. Ең соңғы секундтарда соғылған гол Қазақстан құрамасының әлі соңғы минут синдромынан айықпағанын көрсетеді.
Енді, күзде болатын Грузияға қарсы ойынға тыңғылықты дайындық жұмыстары жүреді. Ресми матчтарда мұндай қателіктер орын алмас деп үміттенеміз.
Станимир Стойлов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Венгрия мен Болгарияға қарсы өткен ойындар біздің жігіттердің деңгейін көрсетті. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Күзге дейін жастарымыздың ойынын да, тактикалық сауаттылығын да арттыра береміз. Венгрияны ұттық деп дандайсымаймыз. Соңғы секундта кез келген қарсылас гол соғып кетуі мүмкін.
Петар Хубчев, Болгария құрамасының бас бапкері:
– Қазақстан құрамасы бізді таңғалдырды. Бұрын Алматыда өткен жолдастық ойында 2:1 есебімен оңай жеңген едік. Ал бүгінгі жеңісіміз тіпті бір кездейсоқ сәттілік секілді. Демек бізге әлі көп еңбек етіп, ойынымызды түзеу керек деген сөз. Қазақстан құрамасына сәттілік тілеймін.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»