Қазақстан • 03 Сәуір, 2018

Онкология озық инновациямен емделеді

882 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жер бетінде қанша ауру болса, соның бәрінің ши­па­сы барлығы қа­сиетті Құран Кәрімде жазылған. Кім-кім­нің де өзінің онкологиялық дертке ұшырағандығы жай­лы диагнозды ес­тігенде тығырыққа ті­релгендей күй кешетіні анық. Бірақ ертеңгі күн үшін күресте, өмір­дің жалғасуында үміт соңғы сәттерге дейін сөнбей алға жетелейді. Және соңғы медицина жетістіктері ме­тастаз жүрсе де, адам өмірін сақтап қалуға бо­латынын­ көрсетуде. Астанадағы «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында» осындай операция­лар жасалып, сөніп бара жатқан үміт оты қайта жандануда.

Онкология озық инновациямен емделеді

Операция үстелінде – жасы 40-тан асқан Оң­түстік Қазақстан облысының азаматы. Бойдағы дерт осал емес, тоқ ішектегі қа­терлі ісік таралып, меди­ци­на тілімен айтқанда канце­ро­ма­тозға айналған іш қуысының қатерлі ісігінің 4-сатысы. АҚШ-тың Питтсбург уни­вер­ситетінің Медициналық ор­та­лы­ғының профессоры (UPMC) Дэвид Бар­тлетпен бірге біздің дәрігер-хирург Ал­тай Керімқұлов пациенттің іш қуы­сына жайылған ісікті тазалап, сол мезетте химио­терапияны бірге жүр­гізуде. Операцияның сонылығы сонда, таралып кетіп, метастаз жүрген ағ­за­дағы аурудың оша­ғына 100 минут бойына хи­миялық препарат арнайы қон­­дырғымен 43 градусқа жы­лытылған күйінде ішіне жібе­ріледі. Одан қайта бері ағы­зылып, қысыммен кері ағзаға қайыра айдалады. Осылайша 1 сағат 40 минут ішінде дерт тұрған орын химиялық дәрі күшімен рак жасушаларынан жуылып, тазартылады.

Ажалмен күресіп, адам өмі­рі үшін жан­таласқан сәт­тер. Операция алдында дәрі­герлермен сөйлескенде әр па­циенттің телемедицина және элек­тронды байланыс кө­мегімен доктор Бартлет кеңе­сімен іріктелгенін, опе­рация үшін анестезия-жансыз­дан­дырудың да бұл науқастарға деген ерекшеліктері барлығы айтылған. Дәл осындай операция 3 күн бұрын қызылордалық 30 жастағы келіншекке де жасалыпты. Операция сәтті өтіп, 2 күн жансақтау бөлімінде жат­қан пациент бүгін жалпы па­латаға көшіріледі дегенді тың­дап отырып, АҚШ-тың Питтсбург университеті Ме­ди­циналық орталығымен (UPMC) және «Назарбаев Уни­верситеті» ДББҰ-мен бір­лесіп ұйымдастырылған «Он­ко­логиядағы инновациялар» тақырыбындағы дөң­гелек үс­тел отырысы ойға оралды. Онда Питтсбург университеті Ме­дициналық орталығының жетекші онколог-хирург дәрігері, профессор Дэвид Барт­лет өткізген шеберлік-са­ба­­ғында да біраз әңгіме айтылып, ме­дицинада жаңа технологияларды пайдалаудағы жетістіктер кеңінен сөз бол­ған-ды.

Медицинадағы гипертер­ми­калық интраперитонеалдық химиоперфузияның негізін қалаушы доктор Дэвид Барт­лет хирургиялық онко­логия саласындағы инновация­лық жобалар және иммуно­те­рапияны сөз етіп, оң тәжі­ри­белерді ортаға салған. Әзір­­ге тышқандарда тәжіри­беден өт­кізілген әдіс микро­био­логиядағы із­деністердің нәтижесі. Бұл бойынша нақ­ты анықталып, қай жерде онкожасушалар болса тек соны ғана іздеп тауып, жеп қоятын вирустың қасиеті зерттеліпті.

Робот-техниканы қолдану­дың ар­тық­шылықтарына тоқ­талған профессор Бартлет мұнда неғұрлым аз жер­дің тесілуінің және нақты ауру бар органға жетудің арқа­сында сылып алудың әл­де­қайда жеңілдеп, қан кетпей әрі науқастың ауырсынбай тез көтерілуіне жол ашылатынын айтқан. Бұған қоса аурудың жанына немесе оның үстіне орналасқан робот 3D көзіл­дірік арқылы ағзаның ішін көріп, өзін басқарып отырған дәрігердің бұй­рығын бұлжытпай орындайды да, пациенттің операциядан кейін ауруха­надан жылдам шығып, қалған емін үйінд­е жалғастыруына мүмкіндік жасайды екен.

Доктор Бартлет меланома (тері рагы) емдеудегі әдіске де тоқталды. Сурет­те талау­рап, қошқылданып тұрған аяқ­тағы жараға операция жасалып, жоғары концентратты химиялық жы­лытылған ертіндіні локальді түрде тек сол жерді жуу­­ды Астанада қол­данылған жолмен қайта-қайта ай­даудың арқасында ме­­­ланома дерті 13 ай ішінде толық жойыл­ған. Профессор біз химиялық препараттарды бү­кіл ағ­заға беруден шектелуге тиіспіз, өйткені жоғары концентрациялы химиялық ер­тін­ділерді, дәрілерді пайдалану пациентке оңайға соқпайды. Өте ауыр жүреді, сондықтан локальді берудің маңызы жоғары дейді.

Меланомада осы әдісті қол­дансақ, бауырдың қатерлі ісі­гінде де дәл осылай локальді түрде ертінді жіберу өзінің тиім­­ділігін көрсетті. Сөйтіп 60 минут ішінде бауырға жі­бе­ріліп, қайтадан сорылып, одан қайта жіберіп отырған кешенді шара нәтижесінде пациент арада 6 ай өткенде дертінен арылды. Бауырда бұрынғы рак жасушаларының орнында кальцийленген түйіршіктер ғана қалғанын көрдік. Маған қазақ­стандық дәрігерлермен, оның ішінде Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының мамандарымен бірлесе жұмыс атқару ұнады, дейді мұхиттың ар жағынан келген дәрігер.

Дәрігерлердің айтуынша, ішперде кан­цероматозы асқа­зан, тоқ ішек және тік ішек, аналық бездегі қатерлі ісік­ке тән болатын көрінеді. Ас­қа­зан обырында канцеро­ма­­тоз науқастардың 30-40 пайы­зында, ал аналық без­де­гі ісік кезінде 70 пайызын­да кездесуінің өзі ауруды емдеу­дегі жоғары әдіс­тің қанша­лық­ты қажетті екенді­гіне көзі­мізді жеткізе түскен.

Дөңгелек үстел басындағы жиында «Назарбаев Универси­теті» ДББҰ пре­зиденті Шигео Катсу Қазақстанда қа­терлі дертпен күрес саласына үл­кен күш-жігер жұмсалып жа­т­қанын айтып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасымен Астана қа­ла­сында Ұлт­тық ғылыми он­кологиялық орта­лықты салу жөніндегі жо­баны іске асы­рудың басталып кет­кенін жеткізді. Атал­ған жұ­мыс білім және ғылым са­ласында халықаралық дең­гей­­дегі күрделі жобаларды іске асырумен ай­налысатын же­текші мекеме – Назарбаев Университетіне тапсырылып отырғанын, жобада стра­те­гиялық серік­тестер ретінде қатерлі ісікке қар­сы күрес мекемелерін басқаруда бай тәжірибеге ие халықаралық меди­ци­налық кәсіпорын – Питтсбург уни­вер­ситетінің Медициналық орталығы (UPMC) анық­талғанын айта келе: «Бүгінгі таңда Назарбаев Университеті алдында – UPMC-мен тығыз ын­тымақтаса оты­рып, медициналық тех­но­логиялардың озық жетістік­тері, ғы­лыми-зерттеу жұмыс­та­ры, жаңа фор­маттағы меди­ци­налық білім өзара тиімді іс-әрекет ететін жаңа, бірегей онкологиялық орталық құру сынды үлкен міндет тұр», деп жұмыс жобасымен таныстырып өтті.

Әдетте дәрігерлер қауымы қазақ­шаға шорқақ келеді. Ал Алтай Қуа­ныш­бекұлының қазақшасы қамшы сал­дырар емес. Таза ана тілінде ойын жеткізген дәрігер «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша Пит­тсбург университеті Меди­ци­налық орталығында профессор Дэвид Бартлеттің жетек­ші­лігімен 1 жарым жыл оқып келген екен. Жоғарыдағы Шигео Катсу айтқан ор­талықта Алтай тәрізді дәрігер ма­мандар жұмыс атқарса талай науқастың үміті сөнбей, ертеңгі армандаған мақсатты күндеріне жетері анық. Біз соған иландық.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»