Операция үстелінде – жасы 40-тан асқан Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы. Бойдағы дерт осал емес, тоқ ішектегі қатерлі ісік таралып, медицина тілімен айтқанда канцероматозға айналған іш қуысының қатерлі ісігінің 4-сатысы. АҚШ-тың Питтсбург университетінің Медициналық орталығының профессоры (UPMC) Дэвид Бартлетпен бірге біздің дәрігер-хирург Алтай Керімқұлов пациенттің іш қуысына жайылған ісікті тазалап, сол мезетте химиотерапияны бірге жүргізуде. Операцияның сонылығы сонда, таралып кетіп, метастаз жүрген ағзадағы аурудың ошағына 100 минут бойына химиялық препарат арнайы қондырғымен 43 градусқа жылытылған күйінде ішіне жіберіледі. Одан қайта бері ағызылып, қысыммен кері ағзаға қайыра айдалады. Осылайша 1 сағат 40 минут ішінде дерт тұрған орын химиялық дәрі күшімен рак жасушаларынан жуылып, тазартылады.
Ажалмен күресіп, адам өмірі үшін жанталасқан сәттер. Операция алдында дәрігерлермен сөйлескенде әр пациенттің телемедицина және электронды байланыс көмегімен доктор Бартлет кеңесімен іріктелгенін, операция үшін анестезия-жансыздандырудың да бұл науқастарға деген ерекшеліктері барлығы айтылған. Дәл осындай операция 3 күн бұрын қызылордалық 30 жастағы келіншекке де жасалыпты. Операция сәтті өтіп, 2 күн жансақтау бөлімінде жатқан пациент бүгін жалпы палатаға көшіріледі дегенді тыңдап отырып, АҚШ-тың Питтсбург университеті Медициналық орталығымен (UPMC) және «Назарбаев Университеті» ДББҰ-мен бірлесіп ұйымдастырылған «Онкологиядағы инновациялар» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысы ойға оралды. Онда Питтсбург университеті Медициналық орталығының жетекші онколог-хирург дәрігері, профессор Дэвид Бартлет өткізген шеберлік-сабағында да біраз әңгіме айтылып, медицинада жаңа технологияларды пайдалаудағы жетістіктер кеңінен сөз болған-ды.
Медицинадағы гипертермикалық интраперитонеалдық химиоперфузияның негізін қалаушы доктор Дэвид Бартлет хирургиялық онкология саласындағы инновациялық жобалар және иммунотерапияны сөз етіп, оң тәжірибелерді ортаға салған. Әзірге тышқандарда тәжірибеден өткізілген әдіс микробиологиядағы ізденістердің нәтижесі. Бұл бойынша нақты анықталып, қай жерде онкожасушалар болса тек соны ғана іздеп тауып, жеп қоятын вирустың қасиеті зерттеліпті.
Робот-техниканы қолданудың артықшылықтарына тоқталған профессор Бартлет мұнда неғұрлым аз жердің тесілуінің және нақты ауру бар органға жетудің арқасында сылып алудың әлдеқайда жеңілдеп, қан кетпей әрі науқастың ауырсынбай тез көтерілуіне жол ашылатынын айтқан. Бұған қоса аурудың жанына немесе оның үстіне орналасқан робот 3D көзілдірік арқылы ағзаның ішін көріп, өзін басқарып отырған дәрігердің бұйрығын бұлжытпай орындайды да, пациенттің операциядан кейін ауруханадан жылдам шығып, қалған емін үйінде жалғастыруына мүмкіндік жасайды екен.
Доктор Бартлет меланома (тері рагы) емдеудегі әдіске де тоқталды. Суретте талаурап, қошқылданып тұрған аяқтағы жараға операция жасалып, жоғары концентратты химиялық жылытылған ертіндіні локальді түрде тек сол жерді жууды Астанада қолданылған жолмен қайта-қайта айдаудың арқасында меланома дерті 13 ай ішінде толық жойылған. Профессор біз химиялық препараттарды бүкіл ағзаға беруден шектелуге тиіспіз, өйткені жоғары концентрациялы химиялық ертінділерді, дәрілерді пайдалану пациентке оңайға соқпайды. Өте ауыр жүреді, сондықтан локальді берудің маңызы жоғары дейді.
Меланомада осы әдісті қолдансақ, бауырдың қатерлі ісігінде де дәл осылай локальді түрде ертінді жіберу өзінің тиімділігін көрсетті. Сөйтіп 60 минут ішінде бауырға жіберіліп, қайтадан сорылып, одан қайта жіберіп отырған кешенді шара нәтижесінде пациент арада 6 ай өткенде дертінен арылды. Бауырда бұрынғы рак жасушаларының орнында кальцийленген түйіршіктер ғана қалғанын көрдік. Маған қазақстандық дәрігерлермен, оның ішінде Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының мамандарымен бірлесе жұмыс атқару ұнады, дейді мұхиттың ар жағынан келген дәрігер.
Дәрігерлердің айтуынша, ішперде канцероматозы асқазан, тоқ ішек және тік ішек, аналық бездегі қатерлі ісікке тән болатын көрінеді. Асқазан обырында канцероматоз науқастардың 30-40 пайызында, ал аналық бездегі ісік кезінде 70 пайызында кездесуінің өзі ауруды емдеудегі жоғары әдістің қаншалықты қажетті екендігіне көзімізді жеткізе түскен.
Дөңгелек үстел басындағы жиында «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу Қазақстанда қатерлі дертпен күрес саласына үлкен күш-жігер жұмсалып жатқанын айтып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты салу жөніндегі жобаны іске асырудың басталып кеткенін жеткізді. Аталған жұмыс білім және ғылым саласында халықаралық деңгейдегі күрделі жобаларды іске асырумен айналысатын жетекші мекеме – Назарбаев Университетіне тапсырылып отырғанын, жобада стратегиялық серіктестер ретінде қатерлі ісікке қарсы күрес мекемелерін басқаруда бай тәжірибеге ие халықаралық медициналық кәсіпорын – Питтсбург университетінің Медициналық орталығы (UPMC) анықталғанын айта келе: «Бүгінгі таңда Назарбаев Университеті алдында – UPMC-мен тығыз ынтымақтаса отырып, медициналық технологиялардың озық жетістіктері, ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаңа форматтағы медициналық білім өзара тиімді іс-әрекет ететін жаңа, бірегей онкологиялық орталық құру сынды үлкен міндет тұр», деп жұмыс жобасымен таныстырып өтті.
Әдетте дәрігерлер қауымы қазақшаға шорқақ келеді. Ал Алтай Қуанышбекұлының қазақшасы қамшы салдырар емес. Таза ана тілінде ойын жеткізген дәрігер «Болашақ» бағдарламасы бойынша Питтсбург университеті Медициналық орталығында профессор Дэвид Бартлеттің жетекшілігімен 1 жарым жыл оқып келген екен. Жоғарыдағы Шигео Катсу айтқан орталықта Алтай тәрізді дәрігер мамандар жұмыс атқарса талай науқастың үміті сөнбей, ертеңгі армандаған мақсатты күндеріне жетері анық. Біз соған иландық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»