Отбасы • Бүгін, 16:36

Математиктер отбасының формуласы

114 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақта мықты математиктер қай кезде де болған. Мектепте сабақ беріп қана қоймай, математикалық ілімді дамытып, білім алушыларға үйретудің жолын қарастырған педагогтар аз емес. Солардың бірі – Сәкен Ерғалиев пен оның зайыбы Айжан Нарымбетова – математика пәнінің мұғалімдері. Қазір олар Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Жылы су ауылдық округіне қарасты №25 жалпы білім беретін мектебінде математика пәнінен сабақ береді.

Математиктер отбасының формуласы

Математик – ең мықты мамандық

Айжан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын қызыл дипломмен аяқтаса, Сәкен Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетін үздік тәмамдаған білікті маман. Екеуі де ауылға жас маман болып келді. Екі жас осы ауылда танысып, бас қосады. Осылайша жастар ауыл балаларын білім нәрімен сусындатты. Олар қазір де аталған мектепте жұмыс істеп жүр. Жас отбасы еңбекке құлшына кірісті, тынбай еңбек етті. Айжан – педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін сәтті қорғаған білікті маман.

Сакен мен Айжан – өз мамандықтарына адал әрі жаңашыл ұстаздар. Олар педагогика саласында  жылдар бойы қызмет атқарып, өздерінің шығармашылық көзқарастарымен білім беру процесін әрдайым жаңартып отырады.

Ізденімпаз ұстаз еңбегінің нәтижесі – оқушыларының математика пәніне деген қызығушылығының жоғары болуы. Бұл ретте екі мұғалімнің де еңбегі жанды. Оқушылары аудандық, облыстық жарыстардан орын алды. Ерлі-зайыпты математиктер балаларды ірі білім додаларына дайындап қана қоймай, өрелі оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, дамытатын, жетістіктерге бастайтын «Мирас» зияткерлік ойынын ойлап тапты.

Педагогикалық идеялар байқауы – мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін, инновациялық тәсілдерін танытуға арналған алаң. Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрлі пәндер бойынша қатысқан ұстаздар арасында үздіктер анықталады. Байқауға қатысу арқылы мұғалімдер өздерінің педагогикалық тәжірибесін бөлісіп, білім беру жүйесіне жаңа шешімдер мен әдістер енгізуге мүмкіндік алады.

«Мирас» – болашақ математиктер ойыны

Білім беру жүйесінде оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, олардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру бүгінде маңызды мәселелердің бірі. Осы мақсатта әртүрлі әдіс-тәсілдер мен жаңа технологиялар қолданылып келеді. Олардың ішінде ойын элементтерін енгізу оқушылардың білімін тереңдетіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.

«Бүгінде «Мирас» картасы ойыны сияқты қызықты әрі танымдық ойындар балалардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, есептер шығару процесін жеңілдетеді. Бұл ойын түрі оқушыларға математикалық формулаларды түсіндіру, есептерді шешу дағдыларын қалыптастыру мақсатында қолданылады. Ойын барысында оқушылар картадағы әртүрлі тапсырмаларды орындап, формулаларды шығарып, өздерінің логикалық және есептік қабілеттерін сынайды», дейді Сәкен Ерғалиев.

«Мирас» картасы ойыны арқылы оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған ерекше жобасын ұсындық. Оны жасауда біз тек оқушыларға білім берумен шектелмей, ұлттық құндылықтарды, ұлттық мұраларды жаңғырту мен оны болашақ ұрпаққа насихаттау міндетін басшылыққа алдық», дейді Айжан Сапаралықызы бізбен әңгімесінде.

Сәкен мен Айжанның жобасы балалардың математикалық сауаттылыққа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. «Мирас» картасы ойыны – бұл математикалық есептеулерге, формулаларды жаттауға бағыталған ерекше педагогикалық құрал ретінде қолданыла бастады. Ойын әртүрлі тарауларымен оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың білімін кеңейтеді. «Мирас»  карталарын ойнау арқылы білімдерін тереңдете алады.

Зияткерлік ойын зеректікке баулиды

Зияткерлік ойын мақсаты – оқушыларға математикалық ұғымдар мен дағдыларды ойын арқылы меңгерту. «Мирас» ойыны математикалық білімді оқушыларға қызықты, жан-жақты және шығармашылық тұрғыда ұсынып, осы ойынның көмегімен математиканың әртүрлі бөлімдеріне қатысты тапсырмаларды орындау арқылы оқушылардың есептеу қабілеттері мен логикалық ойлау дағдыларын артады, қабілетті балалар формулаларды тез жаттай алады. Картадағы әрбір бөлім оқушыларға жаңа білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді, олар есептерді шешіп, түрлі формулаларды пайдалана отырып, математикалық сауаттылықтарын арттырады. Осылайша, ойынның арқасында оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, оқу процесі жеңіл әрі көңілді өтеді.       

Сәкен Ерғалиев мен Айжан Нарымбетованың жобасы «Мирас» зияткерлік ойыны математика пәнін оқытуда қолдануға тиімді құрал ретінде танылды. Бұл ойын оқушыларды математикалық біліммен ғана емес, логикалық ойлау, шешім қабылдау және топта жұмыс істеу сияқты маңызды дағдыларға да қаруландырады. Ойын арқылы оқушылар математикалық ұғымдарды тереңірек меңгеріп, математикаға деген қызығушылықтарын арттырады. Сонымен қатар, ойын барысында балалардың шығармашылық қабілеттері мен сыни ойлау дағдылары дамиды. Сондықтан, зияткерлік ойын білім берудің маңызды бөлігіне айналды және математика сабағында оның қолданылуы оқу үдерісін жаңа деңгейге көтерді. Мұндай педагогикалық идеялардың дамуы білім беру жүйесінің инновациялық жолмен алға жылжуына септігін тигізеді.

Ойынның негізгі ерекшелігі – оның интерактивтілігі мен шығармашылық әдістері. Ұстаздар мен оқушылар осы карта ойынын пайдалана отырып, топтық жұмыс, пікірталас, зерттеу сияқты әдістерді қолдана алады. Бұл балалардың сыни ойлау, коммуникативтік дағдыларын дамытып қана қоймай, математика пәніне деген қызығушылықтарын арттырады. Ойын үшін арнайы карта жасалады. Картада әртүрлі математикалық сұрақтар, тапсырмалар мен есептер, формулалар бар. Әр тапсырма белгілі бір математикалық дағдыға немесе ұғымға негізделеді.

Баланы зеректікке баулитын ойынға бірнеше оқушы қатыса алады. Білім алушылар топтарға бөлініп, оларға карта таратылады, соңғы карта ортаға ашып тасталады. Әр картаның ортасында түрлі формулалар мен  есептер, бес, алты бірдей жауаптар картаның бұрышында болады. Мүмкіндігінше көп тапсырмаларды орындап, есептер қорытындыланып, карта бұрышындағы жауаптарымен бірге жарияланып отырады. Белгілі бір уақыт аралығында қолында карта қалмаған оқушы жеңімпаз атанады. Қолында карта қалған оқушы жеңіледі. Сондықтан, «Мирас» карта ойыны білім берудің маңызды бөлігіне айналды және математика сабағында оның қолданылуы оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«Мирас» ойыны – бірінші орында!

«Мирас» - 45 минуттық сабақты 8 минутта ұғуға мүмкіндік беретін зияткерлік ойын. Ұстаздардың бұл жобасы өрлеу «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының аймақтық кезеңінің «Математикалық сауаттылық» аталымында жүлделі  бірінші орынға ие болды. Ерлі-зайыпты математик педагогтар ұстаздық жолда осындай үлкен жетістікке жетті, білімі мен біліктілігін дәлелдеді. Қос ұстаз жобасы енді республикалық кезеңге жолдама алды.

Жалпы, «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» байқауының өңірлік кезеңінде Түркістан облысынан 269 өтінім қабылданып, Ереже бойынша талаптарға сай келетін 171 жұмыс бағаланды. Оның бірнешеуі III дәрежелі дипломдармен марапатталып, 113-не арнайы сертификаттар табысталды.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған «Мирас» зияткерлік ойыны болашақта да отандық білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып, балалардың  математикалық сауаттылығын көтеруге, білімді жаңғыртуға қызмет ететіні сөзсіз. Сәкен мен Айжаннан тәлім алып жүрген оқушылардың ата-аналары да ризашылығын былай білдірді.

«Мен математика курсына балам Жігер Құдайбердіні берген едім, Айжан апайының арқасында баламның математикаға деген қызығушылығы одан сайын артты, қосымша білім алуға құлшынып барып жүргені қуантады. Бұрын өз еркімен есептерді шығара алмайтын, қазір шешімдерді оңай табады. Қазіргі күні Айжан апайы баламды «Алтын сақа» олимпиадасына дайындап, математиканың қыр-сырын үйретіп жатыр, сол үшін де ұстазына айтар алғысым шексіз!», дейді 3-сынып оқушысы Жігердің анасы Шынар Жолдыбаева.

«Мирас» ойыны жылдамдыққа, шапшаң қимылдауға, ойыңды жинақтауға мүмкіндік береді. Маған қатты ұнады», дейді 10 сынып оқушысы Гүлжан Қыдырбек,

«Ойын тапқырлық пен есепті тез шығаруға көмектеседі. Ол математикада мұғалім түсіндірген, жуырда өткен есеп формулаларын еске түсіреді», дейді оқушы Орал Жүнісов.

«Тез шапшаң қимылдап, ойша жақсы санаған бала жеңіске жетеді, жай, шабан қимылдаған оқушы қалыс қалады», дейді Сәкен оқушыларға ойын ережесін түсіндіре отырып.

Сәкен мен Айжан өздері де көпбалалы отбасынан шыққан, өсіп-өнген, ауылда шаруасын баптап, егін өсірген жандардың балалары. Ерлі-зайыпты математиктер 6 бала тәрбиелеп өсірді. Педагогтердің үлкені Әлихан – 8-сыныпта оқиды. Үлкен қызы Зере – іні-сіңлілеріне сабақ оқытып, ата-анасына үй шаруасына көмектесетін қолғанат, мектебінің мақтанышы. Отбасында тағы Сая, Мансұр, Айша  атты балақайлар өсіп келеді. Сая – математикадан «Алтын сақа» олимпиадасының жеңімпаздарының бірі. Ең кішісі Мирас – 3 жаста. Балапандарын құс секілді тістелей жүріп өсірген қос ұстаз өз білімін жетілдіре жүріп, ұстаздық етіп бала да тәрбиелеп, үй де салып, егін еккен еңбекқор жандар. Олар мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Тоғызқұмалақ, волейбол секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Мұғалімдер арасында өтетін түрлі жарыстар мен семинарлардан қалмайды.

Ауылдағы қаншама жасқа ынта-жігер сыйлап, болашағына сеніммен қарауына әсер еткен қос математик қазір білім беріп қана қоймай, математика ілімін ары қарай дамытуға, оны оқытуда жаңа жобаларды ойлап тауып, ізденіске ұмтылғаны – өзге әріптестеріне үлгі-өнеге, оқушыларға бағыт-бағдар беретін шамшырақ іспетті. Осы жолда, ұлт үшін игілікті жолда қанаттарың салмасын, армандарың биікке самғасын, дегіміз келеді.

Отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген, ұрпақ тәрбиесінде өнеге мен тәрбиені сіңіре білген қос ұстазға сәттілік тілейміз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ