Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір елімізде әлемнің жетекші университеттерінің 33 филиалы жұмыс істейді. Соның алтауы дәл Астанада орналасқан. Олар – Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы, Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы, Coventry Kazakhstan, Cardiff University Kazakhstan және Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қытайдың Тяньцзинь кәсіптік институтының «Лу Бань» шеберханасы. Бұлардың әрқайсысы әртүрлі мемлекеттердің білім берудегі тәжірибесін елімізге алып келіп қана қоймай, халықаралық ғылыми байланыстардың жаңа алаңын қалыптастырып отыр.
Бұл үрдіс шетелдік жастардың таңдауынан да анық байқалады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл еліміздің 99 жоғары оқу орнында 88 мемлекеттен келген 35 075 студент білім алып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Оның 4 292-сі Астанада оқиды. Осылайша, шетелдік студенттердің 12 пайызы елордадағы университеттерді таңдаған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана Алматыдан кейінгі екінші орында.
Министр Саясат Нұрбек кейінгі уақытта жиі айтып жүрген «академиялық туризм» ұғымы дәл осы жерде айқын көрінеді. Оның мәні қарапайым. Мемлекет үшін ең тиімді турист – бірнеше күнге келетін саяхатшы емес, бірнеше жылға оқуға келетін студент. Ол университетте білім алады, жатақхана немесе пәтер жалдайды, қоғамдық көлік пайдаланады, тамақтанады, мәдени орындарға барады, қызмет көрсету саласының тұтынушысына айналады. Яғни академиялық туризм – білім экспортын ғана емес, қаланың бүкіл экономикасын қозғалысқа келтіретін фактор.
Осы тұрғыдан алғанда Астана академиялық туризмнің ең қарқынды дамып келе жатқан орталығы саналады. Қалаға жыл сайын мыңдаған жас бірнеше жылға тұрақтап келеді. Олар кейін Қазақстанның бейресми елшілеріне айналып, өз мемлекеттерінде еліміздің білім жүйесін насихаттайды. Бұл – халықаралық беделді арттырудың да тиімді жолы. Қазір әлемдік университеттердің міндеті диплом берумен шектелмейді. Олар ғылым өндіретін, жаңа технология жасайтын, өндіріске нақты шешім ұсынатын орталыққа айналып келеді. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінің жаңа кезеңі зерттеу университеттерін қалыптастырумен тығыз байланысты.
Енді ғылымның құндылығы жарияланған мақалалардың санымен емес, оның экономикаға берген нақты нәтижесімен өлшенеді. Жаңа дәрі-дәрмек жасау, ауызсуды тазарту технологияларын әзірлеу, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, баламалы энергетиканы дамыту немесе қауіпсіз қалаларды қалыптастыру секілді нақты жобалар ғылымның басты көрсеткішіне айналмақ. Сондықтан университеттердің өзі де өзгеріп жатыр. «Оқу ордалары бұрынғы «оқытушы университет» мәртебесінен «зерттеуші университет» мәртебесіне көтерілуге тиіс», дейді министр Саясат Нұрбек осы ойды тұздықтап.
Осы бағыттағы ең ірі ғылыми алаңдардың бірі – Назарбаев университеті. Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов университет жанынан ашылған NU Өnergy креативті хабында болып, жасанды интеллект, медицина, биотехнология, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар саласындағы жаңа жобалармен танысты. Хабтың басты жаңалығы – ISSAI институты әзірлеген Qolda технологиясы негізіндегі автономды дрон жүйесі болды. Бұл жүйе қазақ тіліндегі мәтін, дыбыс және бейнені шетелдік бұлтты сервистерге тәуелді болмай, құрылғының өзінде өңдей алады. Мұндай шешім төтенше жағдайларды бақылауда, өндірістік қауіпсіздікте және инфрақұрылымды мониторингте қолдануға арналған. Сонымен қатар мұнда халықаралық нарыққа шығып үлгерген білім платформасы, медициналық экзоскелет, спортшылардың биомеханикасын талдайтын жүйе, жасанды интеллект арқылы мал шаруашылығын бақылау және мәдени мұраны цифрландыру жобалары таныстырылды. Бұл әзірлемелердің барлығы университет қабырғасындағы ғылыми ізденістің нақты технологиялық өнімге айналып жатқанын көрсетеді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де ғылымның практикалық тиімділігіне басымдық берілген. Университет ғалымдары профессор Әсел Жексембаеваның жетекшілігімен астық сабанын жоғары берікті экологиялық панельдерге айналдыратын технология әзірледі. Бұрын ауыл шаруашылығында қалдық саналған шикізат бүгінде құрылыс индустриясында қолданылатын материалға айналып отыр. Осы ғылыми әзірлеменің негізінде Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында өндіріс іске қосылды. Жоба зертханалық зерттеуден бастап өнеркәсіптік өндіріске дейінгі толық ғылыми циклді қамтып, ғылымды коммерцияландырудың сәтті үлгісіне айналды.
Елорданың цифрлық экожүйесінде Astana IT University де маңызды орын алады. Университет қысқа уақыт ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы толыққанды үш сатылы білім жүйесін қалыптастырды. Бүгінде мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары жұмыс істейді. Университет өнеркәсіпті цифрландыру, 5G байланысы, Smart City, жасанды интеллект, үлкен деректер, блокчейн технологиялары және AgroTech бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Арнайы ғылыми-инновациялық орталықтар мен зертханаларда әзірленген жобалардың басты мақсаты – цифрлық экономикаға қажетті технологиялар жасап қана қоймай, сол салаларға жоғары білікті мамандар даярлау.
Осылайша, Астанадағы университеттердің даму бағыты ортақ мақсатқа тоғысып отыр. Бірі жасанды интеллектінің ұлттық технологияларын қалыптастырып жатса, бірі ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуде, енді бірі цифрлық экономиканың кадрлық негізін күшейтіп келеді.