Сұхбат •

Джефф ГЕРШ: Репертуарымда 20-дан аса күй бар

7 мин
оқу үшін

Қазақтың қара домбырасы – шекара талғамайтын, ұлт пен ұлысты ұйыстыратын қасиетті аспап. Оның қос ішегінен төгілген қоңыр үн бүгінде мұхиттың арғы жағындағы алып мегаполис Нью-Йорк көшелерінде де асқақтай бастады. Америкалық кәсіби музыкант Джефф Герш кездейсоқ бейнебаяннан қазақ күйін естіп, домбыра үйренуге бел байлайды. Ол бүгінде АҚШ-тың беделді Фулбрайт (Fulbright) грантын жеңіп алып, қазақтың күйшілік мектептерін зерттеуді, домбыра өнерін ағылшынтілді әлемге танытуды мақсат етіп отыр.

Джефф ГЕРШ: Репертуарымда 20-дан аса күй бар

– Қазақтың киелі домбырасы туралы алғаш рет қашан, қалай естідіңіз?

– Осыдан тура он жыл бұрын, 2016 жылдың 4 шілдесінде ғалам­тор­дан кездейсоқ бейне­баян­ға тап болдым. Онда төрт жігіт өмірімде ешқашан көрмеген, атын да естімеген бір аспапта ойнап отыр екен. Бейнежазбаны көрген соң, таңданысымда шек болмады, құдды бір сиқырлы әлемге енгендей күй кештім. Бар-жоғы екі-ақ ішегі бар аспаптан осыншама қауқарлы, терең дыбыстың шығуы мені өзіне баурап алды. Бейнебаянда өнер көрсеткен Арман Жүдебаев, Абылай Тілеп­бер­генов, Нұржан Тәжікенов, Ержан Жаменкеев сынды күйшілер еді. Бұл видео өмірімді түбегейлі өзгертті. Содан кейін домбыра туралы басқа да видеоларды іздей бастадым. Сөйтіп, Міндетті түрде домбыра шертуді үйренуім керек! деген шешімге келдім.

– Сізді бұл аспапқа дәл осылай баураған не нәрсе?

– 40 жылдан астам тәжірибесі бар гитарист ретінде әлем халық­­та­рының түрлі ішекті аспаптарына қызығушылықпен қарайтынмын. Домбыра жүрегімді ерекше күшпен баурап алды. Аспаптың орындау тех­никасы гитарадан мүлдем өзге­ше, сондықтан мен мұны өзіме кәсіби сынақ ретінде қабылдадым. Тоққа қосылмай-ақ кез келген жер­де еркін отырып ойнауға бола­тын аспаптың табиғаты маған ұнады. Домбырамен орындалған бір күйді немесе халық әнін тың­да­ғанда, өзіңді мүлдем басқа заман мен кеңістікте, шексіз дала төсінде жүргендей сезінесің. Басқа мәдениеттің өкілі болсам да,  домбырамен, одан төгілген күйлермен арамызда өте терең, рухани бір байланыс бардай сезінемін. Қазақ топырағына алғаш рет 2023 жыл­дың қазан айында, домбыраны жүйелі түрде үйрене бастағаныма (2022 жылдың наурызы) бір жарым жылдай уақыт болғанда қадам бастым. Алғашқы сапарымнан кейін-ақ, оқуымды жалғастыру, өнер көр­се­ту, осы музыкалық ортаға то­лық­тай ену мақсатында Қазақ­стан­ға жылына кем дегенде бір рет келу керектігін түсіндім.

– Ендігі мақсатыңыз қандай?

– Оқуымды одан әрі жалғас­ты­рып, осы аспапта мүмкіндігінше жоғары деңгейде ойнап үйрену, сондай-ақ аспаптың және күй өне­рінің тарихын тереңірек зерттеу. Бұған қоса, Қазақстанның әртүрлі өңірлерін аралап, жергілікті домбырашылармен кездесуді, олардан тәлім алып, орындаушылық ерекшеліктерін таспаға түсіруді жоспарлап отырмын. Жобаның соңында осы жазбалардың басын қосып, сұхбаттарды ағылшын тіліне аударып, Қазақстанның дәс­түрлі музыкасына арналған ар­найы веб-сайт ашқым келеді. Домбыра үйрену барысында тап болған үлкен қиындықтың бірі – ағылшын тіліндегі ақпараттың тым аздығы болды. Қазақ және орыс тілдеріндегі материалдар жеткілікті болғанымен, онлайн ­аудармашылар күйдің, өнердің шынайы мән-мағынасын дәл жеткізе алмайды. Мен әзірлейтін ресурс қазақтың бай музыкалық мұрасына қызығушылық танытатын кез келген шетелдікке қолжетімді болады деп үміттенемін.

– Сізге домбыра тартуды кім үйретті?

– 2022 жылдың басында «World Dombra Academy» (Дүниежүзілік домбыра академиясы) негізін қалаушы Әйгерім Мырзахметтен онлайн форматта дәріс алуды бастап, онымен 3,5 жылдай жұ­мыс істедім. Қазақстанға сапарым кезінде де күн сайын бетпе-бет кездесіп, сабақ өткіздік. Ал 2024 және 2025 жылдары Әйгерім Астана мен Алматы қалаларында екеуі­міздің бірлескен концертімізді ұйымдастырып, жоғары деңгейде наси­хаттады. Ол бұл жобаларды өте жоғары кәсіби шеберлікпен ұйымдастырды.

– Қазақтың күй өнерін мең­ге­ру сіз күткеннен қиын болды ма?

– Күй өнерін толық меңгердім деп айта алмаймын. Гитарада ойнай­тын тәжірибем басында пер­нелерді басу мен таза дыбыс шы­ға­ру ісін біршама жеңіл­дет­ке­ні­мен, қалған орындаушылық тәсілдер мүлдем жаңа әлем болды. Әсіресе медиаторсыз, тек саусақтармен ғана ойнау – ерекше қажырды талап етеді. Оң қолдың қағыстары, сол қолдың форшлагтері (қажау, іліп қағу секілді күрделі тәсілдері) өте үлкен шеберлікті қажет ететін дүниелер. Менің ең алғаш үйренген күйім – «Нарағаш». Ал қазіргі уақытта репертуарымда жиырмадан астам күй бар.

– Сіздің ойыңызша, қазақ мә­де­ние­тінің қай тұстары Америка жұртшылығына қызық­ты болуы мүмкін?

– Қазақтың ұлттық тағамдары, сиқырлы музыкасы, ат үстінде өте­тін ұлттық  спорт түрлері (көк­пар, аударыспақ т.б.) және ең бастысы – адамдары! Мен Қазақс­тан­ға саяхаттарымда да, мына жақта, Нью-Йорк қаласында да тек ең мейірімді, жанашыр әрі үнемі қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отыратын тамаша жандарды жолықтырдым.

– Қазақтың күй өнері халық­ара­лық деңгейде лайықты баға­сын алып жүр деп ойлайсыз ба?

– Өкінішке қарай, жоқ деп айтар едім. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген музыканттар мен түрлі мәдениеттер тоғысқан мына Нью-Йорктің өзінде Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның музыкасы өте аз насихатталады. Адамдармен музыкант ретінде немен айналысатыным туралы сөйлесіп, домбыраны тілге тиек еткенімде, олардың көбі бұл аспап туралы ешқашан естімегенін айтады. Ондай сәттерде оларға аспаптың тарихын айтып, фотосуреттерін, кейде өзімнің дом­быра шерткен видеоларымды көрсетемін. Нағыз хас шеберлердің орындауын тыңдату үшін YouTube-тен іздеп көруге кеңес беремін. Тура бүгін ғана Бронкс көшесінде домбырамды арқалап бара жатқанымда, бір кісінің: «Ей, мынауың банджо ма?» деп айғайлағаны бар. Мен кілт тоқтап, қапты аштым да, дом­быраны шығарып, дыбысын естірту үшін бірнеше секунд күй ойнап бердім. Сосын бұл аспаптың қайдан шыққанын түсіндірдім. Олар менің аялдап, уақыт бөліп, аспапты көрсетіп, әңгімелескеніме өте риза болды. Тіпті арасындағы бір жігіт өзіне де дәл осындай аспап сатып алғысы келетінін айтты.  Мен бір күні Америкада, одан тыс жерлерде домбыра мен қазақтың күйін білетін жандардың қатары күн са­йын артатынына кәміл сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар