Мирас • Бүгін, 08:45

Мың жылқының дүбірі

12 мин
оқу үшін

Биыл кереге таулы Кеген ауданының Қарқара жайлауында бесінші мәрте ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» этнофестиваліне еліміздің әр аймағынан бөлек, алыс-жақын шетелдерден туристер легі ағылды. Сан мың бояулы түкті кілемдей құлпырған жайлау төрінде өткен дәстүрлі халықтық мерекеге 35 мыңнан астам адам жиылып, дүбірлі тойдың көрігін қыздырды.

Мың жылқының дүбірі

Аспантау елінің бірегей брен­діне айналған Қымыз­мұ­рындық мерекесі қазақ­тың көреген әулие-абызы Әлмерек Жан­шықұлының 368 жылдығымен қатар аталып, халықтың ынтымақ-бірлігі мен жұмылған жұдырықтай тірлігін жаһанға әйгіледі. Қаз-қатар тігілген екі жүзге жуық ақшаңқан үй көк жайлауға көрік беріп, сонадан көз сүйсінтті.

Ақ қаладай бой көтерген этноауылда алтыбақан тербеліп, күй күмбірлеп, ән әуеледі. Көне дәуірден келе жатқан қолөнер көрмесі көптің назарын аударды. Ауылдың ақсамайлы қариялары, шеберқол әжелері жүн сабап, ұршық иіріп, киіз басып, кесте тігіп, енді бірі келі-келсапта бидай түйіп, талқан жасап, май шайқап, құрт-ірімшік әзірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан ата дәстүрді ұлықтап, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық тағам түрлерінің жасалу әдіс-тәсілдерінен мол мағлұмат берді. Алыс-жақыннан жиылған зергерлердің әше­кей бұйымдары, ер-тұрман, сауыт-саймандары, суретшілердің көрнекі картиналары тізіліп, көрменің көрігін қыздырды. Осылайша, ықылым заманнан Жібек жолы жәрмеңкесінің кіндігіне айнал­ған, биыл ақ патшаға қарсы бас көтер­ген Қарқара ұлт-азаттық көтерілісіне 110 жыл толған тарихи өлкеде халық­тық салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, әулие Әлмерек Жаншықұлы бабамыздың ұрпақ­тары ұлан-асыр тойға арқау болды.

«Қолөнер – ата-бабамыздың негізгі кәсібі. Он саусағынан өнер тамған шеберлер малдың жүні мен терісінен тұрмыстық бұйымдардың сан түрін жасаған. Біздің ауылдың аналары Қы­мыз­мұрындыққа арнайы қатысып, жүн­нен текемет жасаудың технология­сын көрсетіп отыр. Жүннен жасалған текемет үйдің көркін кіргізіп қана қой­май, денсаулыққа да аса пайдалы бола­тынын ғалымдар зерттеп-зерделеген. Өз қолымызбен жасаған киіз бұйым­дарын қыз жасауына қосып, жас ана­лардың қызығушылығын арттырып келеміз», дейді Ұзынбұлақ ауылының қолөнер шебері, ақсамайлы ана Қайша Бөкейқызы.

Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Түркия мен Моңғолия мемлекеттерінен арнайы қонақтар келіп, керегесі кеңге жайылған Қымызмұрындық тойы бата беру дәстүрінен бастау алды.

п

«Арудан асқан жан бар ма, жылқыдан асқан мал бар ма? Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?» деп Ақтамберді бабамыз жырлағандай, ұлттық құндылығымыз қайта жаңғыр­ған ұлы тойда кестелі ақ орамал тағып, бүрмелі көйлек, қызыл қамзол киген қыз-келіншектер бір мезетте жүз күбіні пісіп, таң-тамаша күйге бөледі. Осы күні жиылған қауым мың тонна қымыздан дәм татты.

Жазғытұрым ел жайлауға шық­қан­да желібауға құлын байлап, бие сауып, алғаш ашыған қымыздың дәмін көпшілікке татқызу ниетінен туған Қымызмұрындық тойы – ағайын-туыс, ел-жұрт арасындағы береке-бірліктің, ырыс-ынтымақтың бастауы болғанын атаған этнограф-ғалым Сағатбек Медеубекұлы:

«Тәуелсіздік алғаннан кейін осы мерекені халықпен қайта қауыштырған мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділов болатын. Алғаш Кеген ауданындағы Екіаша жайлауында аталып өтті. Одан кейін үзілген үміт қайта жалғанып, биыл төртінші мәрте халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Бұл – дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың қайта тірілуінің бастамасы. Сондықтан қымызмұрындық тойы жылдан-жылға жалғасып, бүкіл республикаға жайыла берсе, ұлттық рух оянып, ертең әлемдік кеңістікте өзін танытатын болады», деген пікірін білдірді.

Жайлау төрінде өткен Қымыз­мұрындық этнофестиваліне Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, жиылған қауымды мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ыстық сәлемін жеткізді.

«Президент ұлттық құндылықтар­ды ұлықтап, ата дәстүрімізді дәріп­теу­ге арналған осындай тағылымды іс-шара­ларға ерекше мән береді. Кереге таулы киелі мекен Кеген ауданында өтіп жат­қан Қымызмұрындық мерекесі ұрпақ­тар сабақтастығын нығайта түсе­тініне сенімдімін. Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің тәрбиелік мән-маңызы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау, Президентіміз айтқандай, баршамызға ортақ міндет» – деген Мәлік Нұржанұлы сөзін одан әрі сабақтай түсті.

«Бүгінде біз бабалар аманатына адал бола отырып, ұлттық мұрамызды заман талабына сай дамытып келеміз. Қымыз өндірісінде жаңа технологиялар енгізі­ліп, өнімді сақтау, өңдеу және нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығының нақты көрінісі. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған Әділетті Қазақстанды құру саясаты да дәл осындай сабақтастыққа негізделген. Біз жаңғыру жолына түскен мемлекет ретінде өткенімізден қол үзбей, ұлттық негізімізді сақтай отырып алға жылжуымыз қажет. Биыл өтіп жат­қан Қымызмұрындық мерекесінің маз­мұны ерекше. Ол қазақтың көреген абызы Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен сабақтасып отыр. Осыған орай қасиетті Қарқара төрінде ас беріліп, республикалық ұлттық спорт жарыс­тары ұйымдастырылуда. Бұл бастама Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи мұраны дәріптеу және салт-дәстүрді жаңғырту бағытындағы жұмыстардың нақты көрі­нісі деп білеміз.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Қымызмұрындық мерекесінің қайта жаңғырып жатқаны қуантады. Мұндай іс-шараларға туристердің қызығушылығы артып келеді. Хантәңірінің көрікті етегі, Қарқараның тамашасы мен Мыңжыл­қының сұлу келбеті кімді де болса там­сан­дырмай қоймайтыны анық. Қымыз­мұрындық сияқты тағылымы мол мерекелер халқымыздың рухын асқақтатып, елдік сананы нығайтып, Қазақстанның мәдени келбетін әлемге таныта береді деп сенемін», деді Президент кеңесшісі.

Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдени кел­бетін айшықтайтын, өңірдің турис­тік тартымдылығына оң әсер ететін Қымыз­мұрындық фестивалі биыл респуб­ликалық маңызы бар мәдени іс-шара­лар күнтізбесіне енгенін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев айрықша атап өтті.

Алматы облысы бүгінде табиғи бай­лығы мен тарихи мұрасын ұштастыра отырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Өткен жылы өңірге 2,5 миллионнан астам турист келді. Бұл – аймақтың табиғи әлеуеті мен тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылықтың тұрақты артып келе жатқанының айқын көрінісі. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқа­лы, Хантәңірі баурайы, Қарқара жайлауы – Алматы облысының ғана емес, тұтас еліміздің халықаралық деңгейде та­нылған туристік орындары.

«Біздің мақсат – туристер санын көбейту ғана емес, олардың туған жері­міздің табиғатын, тарихын және мәдение­тін терең танып қайтуына жағдай жасау. Сондықтан біз экотуризмді дамыту­ға ерекше басымдық беріп келеміз. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту – бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Бұл бағыт Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен толық үндеседі.

Қасиетті Қарқара төрі­не еліміздің әр өңірінен зиялы қауым өкіл­дері, мемлекет және қоғам қай­рат­керлері, ғылым мен мәдениет саласы­ның, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері, сондай-ақ алыс-жақын шетелден қонақтар арнайы келіп отыр. Осы игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан ақсақалдарымызға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға атсалы­сып жүрген ел азаматтарына ризашы­лы­ғымды білдіремін», деген облыс әкімі Марат Елеусізұлы елдің тірлігі берекелі, бірлігі бекем болуын тіледі.

«Қымызмұрындықтың қайта жаң­ғыруы – ұлттық құндылықтар мен дәс­түрімізді сабақтастыра түседі. Өйткені біз бүгінде қала мен ауылдарға шоғырлан­дық та, байырғы көшпелі дәуіріміздің көне ерекшеліктері көмескіленіп барады. Бүгінгі мереке арқылы ұлттық салт-сана, дәстүріміз, ұлттық спорт ойындарымыз қайта түлеп, өскелең ұрпақтың санасына жарық сәуле түсіруде. Оның үстіне жасыл жайлауда жасалған той халықтың тамырында, тегінде бар ұлттық кодты оятып, рухты жігерлендіреді, адамдарға соны серпін, жарқын шабыт сыйлайды. Сондықтан мұндай шараның бас­ты мақсаты ұрпақ тәрбиелеуге бағыт­талуы керек», дейді журналист, жазушы Дәулетбек Байтұрсынұлы.

Қарқара жайлауы салт-дәстүрдің ғана емес, ұлттық спорт орталығына айналды. Еліміздің барлық өңірінен келген 200-ге жуық шабандоз, сондай-ақ Қырғыз Республикасынан келген шабандоздар ұлттық ат спорты­ның ең беделді түрлері – аламан бәйге (32 км), топ бәйге (20 км) және құнан бәйге (9 км) бойынша бақ сынады. Ұлттық мереке рухындағы дүбірлі доданы сан мыңдаған көрермен тамашалап, шабандоздарға жігер берді.

а

«Алматы облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға тұрақты қолдау көр­сетіліп, жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық жағдай жасалуда. Биылғы бәйге жарысы қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткері, ойшыл әрі рухани тұлғасы абыз-баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналды. Осындай іс-шаралар тарихи мұрамызды сақтауға, жастардың ұлт­тық құндылықтарға деген құрметін арттыруға һәм дәстүрлі спорт түрлеріне қызығушылығын нығайтуға ықпал етеді», деді Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әділахметов.

Арқаландырған аламан бәйгеде Жамбыл облысының Айтолқын атты тұл­пары мәре сызығын бірінші болып кесіп, оның иесіне бас жүлдеге тігілген – JETOUR X70 FL Prestige автокөлігінің кілті табысталды. Топ бәйгеде Жамбыл облысының Бәйтерек атты сәйгүлігі бірінші болып мәреге жетіп, оның иесі CHERY TIGGO 2 PRO автокөлігін жеңіп алды. Құнан бәйгеде Қырғыз Республикасының Таңсұлу атты тұлпары топ жарды. Бас жүлде – JAC J7 автокөлігін иеленді. Сонымен қатар «Түйе балуан» турнирінің жеңімпазы да автокөлікке ие болды.

Мәдени-спорттық іс-шара аясында 2 литр қымызды сіміре ішу, асық ату, сырыққа өрмелеумен қатар, қошқар көтеру, арба сүйреу, бөрене көтеру сынды алыптар сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздар жүлделі сыйлықтармен марапатталды.

Қазақылықтың қаймағы бұзыл­ма­ғанын әйгілеген этнофестивальда есім­дері елге мәлім «МузАрт», «Алаш» тобы сынды эстрада жұлдыздары мен Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Бекіш бастаған өнер майталмандары әннен шашу шашты.

Қарқара жайлауындағы Қымыз­мұрын­дықта елді елеңдеткен ерекше оқиға – мың жылқының айдап өтілуі еді. Дала төсін дүбірлеткен тұлпарлар тұяғы – ұлттық рухымызды аспандатып, жылқыға деген құрмет-қошеметті арттырды. Жал-құйрығы самал желмен желбіреген мың жылқының шеруі халық­тық мерекенің мән-маңызын одан бетер айшықтай түсті.

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Жас талғамайтын би байқауы

Қоғам • Бүгін, 08:55

Бір ғасыр бұрынғы суреттер

Жәдігер • Бүгін, 08:53

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Қараусыз қалған саяжайлар

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Мың жылқының дүбірі

Мирас • Бүгін, 08:45

Төскейдің сәні төрт түлік

Аймақтар • Бүгін, 08:43