Спорт • Бүгін, 09:00

Жарыс күнделігі

3 мин
оқу үшін

Чехия астанасы – Прагада дзюдодан Еуропа кубогі өтті. 60 кг салмақ дәрежесінде Шерзод Давлатов чемпион атанса, Нұрәділ Әлжан қола медаль еншіледі. 100 килодан жоғары салмақтағы алыптар сайысында Ғалымжан Қырықбай финалда жерлесіміз Жантілек Нұртілепұлымен күресіп, Еуропа кубогінің жеңімпазы атанды. Әйелдер белдесуінде Тасним Әбдуәли (48 кг) қола жүлде жолындағы жекпе-жекте неміс балуаны Хелен Хабибке есе жіберді.

Жарыс күнделігі
  • Швейцарияның Люцерн қаласында академиялық ескек есуден әлем кубогінің кезеңінде отандастарымыз Екатерина Носкова мен Мария Чернец жеңіл салмақта жұптық есу бағдарламасында қола медаль иеленді. Жапония құрамасы чемпион атанса, күміс медаль Перу спортшыларына бұйырды.
  • Шымкентте жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. «Qosanov Memorial – World Athletics Continental Tour Bronze Level» халықаралық додасына 11 елден келген 250-ге жуық спортшы қатысады. Бағдарламада саңлақтар 27 жекелей спорт түрінен, 4 эстафеталық сайыста бақтарын сынайды.
  • Швейцарияның Арозада (Щвейцария) қаласында батуттағы гимнастикадан өткен әлем кубогінің кезеңінде еліміздің бірқатар спортшысы өнер көрсетті. Виктория Бутолина мен Евгения Чернышева жұбы синхронды секіру бағдарламасында үздік көрсеткішпен финалдық бәсекеге жолдама алған еді. Жерлестеріміздің өнерін төрешілер 47,15 ұпайға лайық деп бағалап, 6-орын ғана бұйырды. Ерлердің жеке сынында Ерлан Тасмағамбетов 56,35 ұпаймен 13-орынды місе тұтты.
  • Англия астанасы – Лондонда теннистен үлкен дулыға санатындағы «Уимблдон» турнирі басталды. Мәртебелі жарыста жерлестеріміз арасынан бірінші болып кортқа шыққан Юлия Путинцева германиялық тәжірибелі спортшы Татьяна Мариядан 6:4, 6:4 есебімен жеңіліп қалды. Александр Шевченко да бірінші раундтан аса алмады. Ол канадалық шебер Феликс Оже-Альяссимнен ұтылды, есеп – 3:6, 1:6, 4:6. Кеше кешкілік еліміздің бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Александр Бублик алғашқы ойындарын өткізді. Биыл «Уимблдонның» жүлде қоры 64,2 млн фунт-стерлингті құрап отыр. Жарыс жеңімпаздарына 3,6 млн табыс етілсе, финалда ұтылғандар сол соманың тең жартысын алады.
  • Сауат Нұрғалиев шахматтан жас­тар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде олжалады. Италияның Монтесильвано қаласында FIDE-нің жаһандық додасы үш жас санатында өтті. 85 елден жиналған 742 шахматшы әлемнің үздігі атану жолында аянып қалмады. Елімізден бұл сынға 35 шахматшы қатысып, Сауат ғана жүлдеге ие болды. Сенім артқан жас спортшының бірі Марк Смирнов O14 санатында 5-орын алды. Оның командаласы Диас Қуандықұлы 11-орынға тұрақтады. G16 санатында Елназ Қалиахмет 4-орынды місе тұтты. O18 санатында Эдгар Мамедов те 8 ұпаймен 5-орын алды. 
Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Жас талғамайтын би байқауы

Қоғам • Бүгін, 08:55

Бір ғасыр бұрынғы суреттер

Жәдігер • Бүгін, 08:53

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Қараусыз қалған саяжайлар

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Мың жылқының дүбірі

Мирас • Бүгін, 08:45

Төскейдің сәні төрт түлік

Аймақтар • Бүгін, 08:43