Ата заң • Бүгін, 09:25

Жаңа Конституция: Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылыққа ресми мәртебе берілді

3 мин
оқу үшін

Бүгін республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа Конституция: Қазақстанда волонтерлік пен қайырымдылыққа ресми мәртебе берілді

Фото: Ақорда

Жаңартылған Конституция мәдениет, сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік, отбасы құндылықтары, дін, волонтерлік және қайырымдылық сияқты маңызды салаларды қамтиды. Аталған өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Конституцияда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Бұл музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің және шығармашылық ұйымдардың қызметін дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар архив және кітапхана ісін жаңғыртуға, қорларды цифрландыруға және ұлттық әдебиетті насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.

Жаңа Ата заң тілдік және мәдени әралуандылықты сақтауға да кепілдік береді. Әр азаматтың ана тілін пайдалануына, мәдениетін дамытуына және білім алу тілін еркін таңдауға құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуға және ортақ азаматтық бірегейлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Конституция сөз бостандығын, шығармашылық және ғылыми қызмет еркіндігін қорғайды. Ақпаратты еркін алу және тарату құқығы бекітіліп, цензураға тыйым салынады. Сонымен бірге зияткерлік меншік құқықтарын қорғау нормалары енгізілген. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, сондай-ақ креативті индустрия өкілдерінің қызметін қолдауға бағытталған.

Отбасы институтын нығайту да негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Конституцияда неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде айқындалып, отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны көрсетілген.

Жаңа Конституция күшіне енді: Қандай өзгерістер бар?

Дін саласында мемлекеттің зайырлы сипаты сақталып, ар-ождан бостандығына кепілдік беріледі. Сонымен қатар конфессияаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық маңызды құндылықтар ретінде танылған.

Жаңа Конституция волонтерлік пен қайырымдылық қызметті қолдауға да ерекше мән береді. Бұл азаматтық белсенділікті арттыруға, қоғамдық бастамаларды дамытуға және қайырымдылық мәдениетін кеңінен таратуға мүмкіндік жасайды.

Президент Қазақстан халқын Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады

Қорытындылай келе, жаңа Конституция Қазақстанның мәдени, ақпараттық және қоғамдық өмірін дамытуға бағытталған маңызды құқықтық құжат болып табылады. Оның нормалары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды нығайтуға қызмет етеді.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Жас талғамайтын би байқауы

Қоғам • Бүгін, 08:55

Бір ғасыр бұрынғы суреттер

Жәдігер • Бүгін, 08:53

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:50