Аймақтар • Бүгін, 08:48

Қараусыз қалған саяжайлар

4 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы 44 мыңға жуық саяжай учаскесінің үштен бірі ғана қолданыста. Жергілікті бағбандар жақын болашақта бау-бақша серіктестіктері мүлдем жойылып кетуі мүмкін деп алаңдап отыр.

Қараусыз қалған саяжайлар

Зейнеткер Людмила Смирнова өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері бау-бақшасында көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп келеді. Биыл жасы 74-ке келсе де, күн сайын өзіне тиесілі 6 сотық жеріне барады. Жаз бойы тырбанып, қара күз түскенше бақшасынан шықпайды. Онсыз зейнеткердің күні өтпейді. Айтуынша, саяжайларда көкөніс егіп, жеміс-жидек теретіндердің барлығы қариялар. Жас отбасылар бау-бақшаға мүлде қарамай бара жатыр.

– Жыл сайын көкөністің түр-түрінен тұздалған өнімдер дайындаймын. Алатын зейнетақым 110 мың теңгеден аспайтын бол­ған­дықтан, қысқа азықты өзім қам­даймын. Қазір дүкенде барлығы қымбат. Қыс айларында базарда қызанақ пен қиярдың килограмы 2 мың теңгеден асып кетеді. Әрі табиғи өнім емес. Сондықтан бәрін өзім аз-аздан өсіріп, қысқы уақытқа сақтап қоямын, – дейді қария.

Қарт бағбан бақшамен айна­лыс­қысы келетіндер бүгінде мүлде азайып кеткенін, бұған нақты себептер бар екенін алға тартады. Ең әуелі, бұған көп уақыт пен дене еңбегі керек. Екіншіден, бә­ріне ақша төлеу қажет. Людмила Николаевна биыл тек көн төк­кі­зуге 40 мың теңге жұмсаған. Оған қоса қаншама көшеттер, тұ­қым­дар сатып аласың. Қала сыр­тындағы бақшаға күнделікті қаты­наудың жол ақысы мен суға да аз ақша шығындамайсың. Бір маусымда жиыны 150–200 мың теңге жұмсалып кетеді. Бірақ өнімді тек өсіру аз, оны сақтап қалу да машақат. Саяжайда ұрлық көп, құрал-саймандарды жиі ұрлайды. Су бекіткіштерді шешіп әкетеді. Тұрақты барып тұрмасаң, ала жаздай баптаған жеміс-жидек пен көкөністерді бір-ақ күнде сыпырып кетуі мүмкін.

с

– Күзет біздің жеке мүлкімізді күзетуге міндетті емеспіз дей­ді. Мезгіл сайын құрал-сайман­дары­мыз жоғалып тұрады. Мұн­дай келеңсіздік көптеген саяжай серік­тестіктерінде болып тұра­тын жағдай шығар. Саяжайды пайда­ланғанымыз үшін алымдар салыс­тырмалы түрде тым жоғары. Учаскелеріміздің шағын болғанына қарамастан, бүгінде мүшелік жарна – 34 мың теңге. Бұл – мақсатты жарна, сонымен қатар адамдар құбырды ауыстыруға қосымша 10 мың теңгеден өткізеді, – деп мұңын шақты тағы бір саяжайшы Инна Коханова.

Павлодар қаласы әкімдігі­нің мәліметінше, бау-бақша иелері бір сотық жерге орта есеппен 7 700 теңге төлейді. Қаланың ­17 саяжай серіктестігінде 44 мың­ға жуық учаске бар, бірақ соның тек 17 мыңы ғана жұмыс істеп тұр.

– Түгендеу нәтижесінде пайда­ланылмайтын саяжай учаске­ле­рінің ең көбі «Восточный», «Фрегат-1», «Берёзка», «Надежда» саяжай серіктестіктерінде тіркелді. Азаматтық кодекстің 242-бабына сәйкес, иесіз қалған саяжай учаскесі коммуналдық меншікке берілуі мүмкін. Ол үшін учаске иесіз мүлік ретінде есепке алынады. Бір жыл өткен соң жергілікті атқарушы орган оны коммуналдық меншік деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы, – дейді қалалық әкімдік өкілдері.

Қазіргі уақытта 4 783 саяжай учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке қойылған. Мемлекет меншігіне 807 саяжай учаскесі қайтарылып алынған. Қараусыз қалған учас­келерді бүгінде арамшөп пен бұта басып, тұрғылықты жері жоқ адамдар мекендейтін орындарға айналған. Кейде әлгіндей адамдар­дың кесірінен саяжайларда өрт те шығып жатады.

Бағбандар айналасындағы учас­келерді іске қосып, көршілері­нің қарасы қалыңдағанын қалай­ды. Бұл ретте шенеуніктер тарапынан осы мәселеге көмек көрсе­тілуін сұрайды. Учаскелерге то­лық түгендеу жүргізіп, коопера­тивтердегі бос жатқан жерлерді ниет білдірушілерге берсе жөн болар еді. Кезінде қала айнала­сындағы саяжайлар дәл осылай пай­да болған. Егер саяжайлар жер­гілікті тұрғындардың қала сыр­тындағы демалыс орындарына айналса, ұрлық пен өрт сияқты өзекті мәселелер өздігінен жойылатыны анық.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Жас талғамайтын би байқауы

Қоғам • Бүгін, 08:55

Бір ғасыр бұрынғы суреттер

Жәдігер • Бүгін, 08:53

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Қараусыз қалған саяжайлар

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Мың жылқының дүбірі

Мирас • Бүгін, 08:45

Төскейдің сәні төрт түлік

Аймақтар • Бүгін, 08:43