Аймақтар • Бүгін, 08:43

Төскейдің сәні төрт түлік

7 мин
оқу үшін

Өңірде төрт түлік мал ішінара асылдандырылып, өз төлі есебінен көбейіп, мал өнімдерін өндіру көр­сеткіші көңіл тоғай­татын деңгейде.

Төскейдің сәні төрт түлік

Қазір мал бағуға қолай­лы кезең. Ең бастысы еткен еңбек, төккен тер өтеледі. Мал өнімдері­нің бағасы сәл қымбаттағаннан кейін малсақ қауым құлшыныс танытып отыр. Өңірдегі қара малдың басы 474,4 мыңға жеткен. Өткен жылмен салыстырғанда, 104,2 пайыз өсім бар. Жыл басынан бері 89,5 мың тонна ет өндірілді. Бүгінгі еңбек нәтижесін кешегі күнмен салғастырып, таразы басына тартатын болсақ, алға басқан қадамның қаншалықты құт болып отырғаны айқын көрініс табар еді. Ет өндіру өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 101,4 пайызға көбейсе, сүт өндіру көлемі 98,6 мың тоннаға жетіп, 113,3 пайызға артқан. Жұмыртқа өндіру тарапында да өсім бар. Құс фермалары өндіріп, халықтың дастарқанына ұсынып жатқан жұмыртқа саны 294,5 миллион данаға жеткен. Өсім көлемі – 107 пайыз.

Табыс сырын саралайтын бол­саңыз негізгі өнім көлемін өн­ді­ріп отырған ұйымдасқан шаруа­шылықтар екені белгілі. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылық­тар ірі қара мал өсіруге ден қой­ған. Осы арада таратып айта кетерлік бір жай, ұйымдасқан шаруашылықтардың мүмкіндігі мол. Олар бағымдағы малға жет­кілікті жем-шөп дайындай алады. Жайылымдық, шабындық жер­лері де бар. Малға қажетті дәру­мендер де қолжетімді.

с

Бүгінгі күні жеті ірі қара мал бордақылайтын алаң жұмыс істеп тұр. Бұл алаңдарда да 33,5 мың бас ірі қараны семіртіп, етке тапсыру мүмкіндігі бар. Бір әттеген-айы, бұл тараптағы жос-пар 52 пайызды ғана қамтыған. Өзгеге үлгі боларлық деңгейде жұмыс істеп тұрған ұжымдар туралы айтатұғын болсақ, алдымен тілге Зеренді ауданындағы «Щучинский ГМЗ» ЖШС оралар еді. Бұл алаңда 13 мың бас ірі қара бордақылануда. Сондай-ақ Ерейментау ауданындағы «Жаңа Береке – репродуктор», Көк­шетау қаласындағы «Биборд», Целиноград ауданындағы «Beef Park», Жақсы ауданындағы «Ново­киенка», Есіл ауданындағы «Заречный», Ақкөл ауданындағы «Ауыл бірлестігіне көмек» борда­қылау алаңдарын айта кетуге болады. Олардың әрқайсысында ­5 мың бастан 3 мың басқа дейін ірі қара бордақыланады.

– 2028 жылға дейін өңірде Канада технологиясын қолдану көзделіп отыр. Жаңа алаңдарда 150 мың басқа дейін ірі қара бордақыланатын болады. Осы жос-пар жүзеге асқанда ет молшылығы болары сөзсіз. Мұн­дай ұмтылыс еліміздегі ет баға­сына да ықпал ететіндігі даусыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Өңірде оң тәжірибелер қалып­тасқан. Мәселен, Ерейментау ауданында ет кластерін қалып­тастыру жобасы жүзеге асырылып келеді. Бір жақсысы өнімі аздау жергілікті тұқымнан арылып, малды асылдандыруға ден қойған. 11,7 мың қалмақ қара малының арқасында өңірдегі мал басын сіңіре будандастырып, асылдандыруға мүмкіндік туады. Мұнда 30 мың басқа лайықталған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оған қоса 5 мың бас мал бордақылайтын «Жаңа береке», «Ерейментау астық-2014» серіктестіктері ет өнімін молайтуға толымды үлес қосып отыр. Өңірде 46 ет өндіретін ферма 3,9 мың бас ірі қара мал бағып, төскейдің сәнін келтіретін төрт түліктің ішіндегі етті бағыттағы мал өсіруге маманданған.

Тауарлы сүт фермалары да азық-түлік молшылығын жасауға үлес қосып отыр. Қазір өңірде 33 тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Тұтастай алғанда 24 мың сауын сиыр бағып отырған 47 мамандандырылған тауарлы сүт фермаларының арқасында сүт және сүт өнімдері астаналық облыстың тұтынушыларының қажеттілігін толайым өтеуде.

– Мемлекет тарапынан төрт түлікті өсіруге толымды көмек көрсетіліп келеді. 2025 жылы агроөнер­кәсіп кешеніндегі инвестиция­лық жобаларды қаржыландыруға 13 мил­лиард теңге қаражат қарастырылып отыр. «Бурабай Милк» серіктестігіне 3,1 миллиард теңге несие берілді. 2026 жылы 3 миллиард 488 миллион теңге көлемінде 3 жоба қаржы­ландырылады, – дейді басқарма басшысы.  

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, 2030 жылға дейін өңірдегі ірі қара мал басын 198 мыңнан 565 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Ұсақ малдың басы да 748 мыңға жетеді деп жоспарланған. Төрт түліктің төресі жылқы саны да өз төлі есебінен көбейіп, 385 мыңға жетпек. Мал басын көбейте отырып, ауыл шаруашылығы құрылымдары сапалы ет өндіру көлемін де жыл сайын үдете түспек. Бұл арада айта кететін бір жайт, малсақ қауым мал санын өз төлі есебінен ғана емес шеттен сатып алу арқылы да көбейткісі келеді. Көзделген мақсатқа қол жеткізу мүмкіндігі де бар. Мәселен, жылдық өсімі 6 пайызбен берілетін «Береке», «Игілік» бағдарламаларымен жеңілдетілген несие алуға болады. «Береке» бағдарламасы арқылы 17 ауыл шаруашылығы құрылымы 35,4 мың ірі қара мал сатып алуға өтінім білдірген. Бұл орайда Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Ерейментау, Жарқа­йың тәрізді аудандардың ауыл шаруашылығы құрылымдары қызығушылық танытып отыр. Ал «Игілік» бағдарламасымен 36 ауыл шаруашылығы құрылымынан 7 мың бас ірі қара мал сатып алуға өтінім түскен.

Алға ұмтылған шаруашы­лықтар қатарынан төрт мың бас мал сатып алуды жоспарлап отырған «Торғай», «Сокольники и К» шаруашылықтарын айта кетуге болады.

Ел ішінде ырыстың үйірілуіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы да шарапатын тигізіп отыр. 2025 жылы 164 өтінім қанағаттандыры­лып, 2,5 миллиард теңге қаражат бө­лінді. Бұл қаражат бұрыннан жұ­мыс істеп тұрған бизнес жоба­ларға демеу болары сөзсіз. Осы бағ­дар­ламаның арқасында ауыл тұр­ғындары еңсесін көтеріп қалды.

 

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Жас талғамайтын би байқауы

Қоғам • Бүгін, 08:55

Бір ғасыр бұрынғы суреттер

Жәдігер • Бүгін, 08:53

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:50

Қараусыз қалған саяжайлар

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Мың жылқының дүбірі

Мирас • Бүгін, 08:45

Төскейдің сәні төрт түлік

Аймақтар • Бүгін, 08:43