Қайбір жылы домбыра шебері Орал Кәрібаевтың шағын шеберханасында болған едік. Сондағы алған әсер, көрген іс, түйген ой әлі есте. Иә, шеберхананың өз түсі, өз күйі бар. Анау бір тұста жаңадан жонылған домбыра шанақтары тізіліп қойылған. Қабырғада әр жылдары жасалған түрлі домбыралар сап түзеп тұр. Мұнда бәрі үнсіз көрінгенімен, әр жерде шашылып жатқан ағаш, құралдар өз тілінде сайрап жатқандай.
Шебердің айтуынша, әр домбыраның үні – мүлдем бөлек. Екі адамның мінезі екі түрлі болса, екі домбыраның да үні бір-біріне ұқсамайды. Ал бізге – тыңдаушыға, әрине, бар домбыраның үні бірдей сияқтанады. Қоңыр үн.
Орал Кәрібаев отыз жылдан астам уақытын қазақтың қара домбырасын жасауға арнап келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған домбыра жасап, ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оның қолынан шыққан аспаптар еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер ұжымдарында, музыка мектептерінде, кәсіби күйшілер мен жас талапкерлердің қолында күмбірлеп жүр.
Домбыра жасау – сырт көзге оңай көрінгенімен, күрделі жұмыс. Оған жонып-жонып ағаштың табы әбден сіңген шебердің қолы куә. Бәрі ағаш таңдаудан басталады. Шебер үйеңкі, шырша, қарағаш, жаңғақ сынды ағаштарды пайдаланады. Бірақ кез келген ағаш домбыра жасауға жарай бермейді. Ол бірнеше жыл бойы табиғи жағдайда кептіріледі. Ағаштың бойындағы артық ылғал толық кеткенде ғана оны өңдеуге болады.
«Жас ағаштан жақсы домбыра шықпайды. Ағаштың да өз мінезі бар. Оны күте білу керек», дейді шебер.
Одан кейін домбыраның шанағы шабылады. Бұл – аспаптың жүрегі. Шанақтың көлемі мен иілуі, бетқақпақтың қалыңдығы, мойынның ұзындығы – бәрі де домбыраның үніне әсер етеді. Бір миллиметрлік қателіктің өзі дыбыстың өзгеруіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан шебер әр бөлшекті қайта-қайта өлшеп, қолмен өңдейді. Тағы да бәріне куә шебердің қолы.
Домбыраның пішіні шығып, дайын болған соң жұмыс бітті дерсіз. Керісінше, ең жауапты кезең енді басталады. Аспаптың үні тексеріліп, қайта бапталады. Кейде бір домбыраны бірнеше күн бойы күйге келтіруге тура келеді. Домбырадан табиғи қоңыр үн шыққанша шеберде тыным жоқ.
Орал Кәрібаев қазір ұлттық өнерді шетелде де насихаттап жүр. Түркияның Ыстанбұл қаласына арнайы барып, жергілікті шеберлерге домбыра жасауды үйреткенін естіп елең еттік. Өзінің айтуынша, бұл сапардың басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларына ұлттық аспап қолжетімді болсын деген ниет.
«Диаспора өкілдерімен сөйлессем, бес балаға бір домбыра дейді. Содан бірден оларға домбыра жасауды үйретем деп шештім. Алдыма мақсат қойдым. Қалың қазағымның ұрпағына титтей пайдам тисін деген оймен келдім», дейді Орал Кәрібаев.
Иә, бұл шебердің шын арманы. Қазақтың қара домбырасы қай елде жүрсе де қазақ баласының қолынан түспесе екен деген жүрекжарды тілек.
Байқасақ, қазір ұлттық қолөнер саласында бәсеке қызу жүріп жатыр. Тіпті ұлттық музыкалық аспаптар жасаудың технологиясы жыл сайын жетіле түскен. Орал Кәрібаевтың айтуынша, дәстүрлі қолөнершілер нарықтық өмірге бейімделіп, өз өнімдерін барған сайын сапалы өндіруге тырысып жатыр. Нәтижесінде, бұл саладағы бәсекелестік іскерлік салалардың қай-қайсысынан кем түспейтін деңгейде. Саладағы қыза түскен бәсеке кәсіби қолөнершілердің бәсін биіктете түскен.
Қарап отырсақ, қазір домбыра жасаушы шеберлер саны да көп, әрі музыканттар немесе сала мамандары болмаса, былайғы жұртқа нағыз үздіктерін анықтау да қиын. Дегенмен, шебердің айтуынша, саладағы тәжірибе бәрінен маңызды. Әсіресе домбыраның үні мен сыртқы дизайнын қатар меңгерген кәсібилер ғана осы салада өз қолтаңбасын қалдырып келеді.
Бүгінде ұлттық өнерге қызығатын жастардың қатары қалың. Алайда домбыра жасаудың қыр-сырын меңгерген шеберлер көп емес. Сондықтан Орал Кәрібаев өз тәжірибесін жастарға үйретуді де маңызды міндет санайды. Оның ойынша, домбыра жасаудың дәстүрлі мектебі үзілмеуге тиіс. Өйткені домбыраның қоңыр үні – ұлттың рухани коды.
Шеберханадан шығарда қабырғада ілулі тұрған жаңа домбыраға тағы бір көз тоқтаттық. Сырттай қарағанда – ағаштан жасалған қарапайым аспап. Бірақ сол ағаштың бойында тұтас бір халықтың тарихы, қуанышы мен қайғысы, ғасырлар бойы үзілмеген үні жатқандай ыстық сезіледі. Қоңыр үн. Ал сол үнді келер ұрпаққа жеткізіп жүрген Орал Кәрібаевтай шеберлер барда қазақтың қара домбырасы да, оның қасиетті қоңыр үні де ешқашан жоғалмайтынына сенім мол.