Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Көрші елдің Ойсылқара тұқымына қызығуының сыры неде?

1005 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстаннан Өзбекстан территориясына кірсеңіз бос жатқан алқапты емге таппайсыз. Жайқалып тұрған шаруашылық. Құлқын сәріден кетпенін арқалап тұратын өзбек диқаны кешті батырып бір-ақ үйіне қайтады. Есесіне өнім мол. Өнім мол болған жерде береке бар.

Көрші елдің Ойсылқара тұқымына қызығуының сыры неде?

Өзбекстанмен ортадағы тасшемен шекара ашылғалы ондағы диқандар­дың жүзіне қызыларай жүгіріп қалды. Ал бау-бақша, жылыжай өнімдерін сырт­қа қалаған бағамен өткізіп келген оңтүстік диқандары пы­шақтың жүзінде отырғандай қылпылдап қалды. Өйткені Өзбекстанның көкөніс баға­сы Қазақстандағы нарықпен салыс­­тырғанда жарты еседей арзан болып келеді. Өзбекстанда жұмыс күші арзан. Ағын су деген арықтарда мейміл­деп тұр. Көгілдір отынның бағасы Қазақ­стан­ның көкөніс, жылыжай шаруашы­лы­ғы­мен айналысатын өңірлеріне қара­ғанда сутегін. Қандай жағдайда да біздегі диқандардың ұтылатыны айқын.

«Өзбек ағайындарда жер аз, есесіне біздің мал өтімдірек» деп төрт түлікті өсіретін шаруалар өз ойына малданып, арқаны кеңге салған жағдайы бар еді. Ауыл шаруашылығына ерекше бір құлшыныспен кіріскен ала тақиялы ағайын бұл жағына да қамшы басқан сыңайлы. Бүгінде Өзбекстан Қызылорда облысынан ірі көлемде түйе сатып алып жатыр. Көрші елдің Тамды ауданындағы Ок такир кентіне сүтті аналық түйелерді қосқанда 1 500 бас түйе сатып алыныпты.

– Түйе өсіру үшін 61 мың 814 гектар жер бөлінді. Келесі жылға дейін бұл жерден шұбат жасап шығарылатын цех ашу жоспарланып отыр. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады. Бұдан бөлек, түйенің жүнін тиімді қол­дану бойынша шаралар жасалуда, – дейді «Навои-коракул» қауым­дастығының төрағасы У.Халилов.

Сондай-ақ осы мақсатқа Канимех ауда­нында 3 мыңнан астам түйе өсі­руге жайылымдық жер бөлінген екен.

Ала тақиялы ағайындар Қазақ­станмен шектес Айдаркөл маңында 1000 түйеге арналған мал шаруашылығы кешенін ұйымдастыруды қолға алып отыр. Бұл кешенде жылына 1000 тонна шұбат өндірілмек. Болашақта оны жылына 10 мың туристі қабылдайтын экоту­рис­тік орталыққа айналдыруды жоспарлапты.

Көңілге келмесін, өзбек ағайындар біздің қазекең сияқты жайбасарлау емес. Туристік кешендеріне талай мәрте жолымыз түскен. «Алтын олма» сияқты көлі көздің жасындай мөлдіреп жатқан аймақта жерде жатқан сынық шөп таппайсыз. Өте ықтият, таза ұстайды.

Олар түйе түлігіне жайдан-жай назар аударып жатқан жоқ. Түйе – төрт түліктің төресі. Оң­түстікте Ойсыл­қара тұқы­мының қасиетін көз майын тауысып отыз жылдан бері зерт­теп келе жатқан Мұсатілла Тоқанов деген ғалым бар. Ғалымның зерт­теуін­­ше, түйе сүтінде таби­ғи иммунды күш-қуатты күш­ейтетін, адам ден­сау­­лы­ғына пай­далы 120 химиялық эле­мент­­тердің құрамы бар. Басқа жан­уар­лар­­дың сүтіне қарағанда, химиялық құрамы жағынан ана сүтіне жақындау болып келеді. Түйе сүтінің сиыр сүті­нен ерек­шелігі – дәрумендер мен май түйір­шіктерінің сіңімділігі өте жоғары. Түйе сүтінен жасалған шұбат адам денсаулығына пайдалы биологиялық дәрумені мол емдік қасиеті бар тағам.

М.Тоқанов ғылыми-зерттеу нәти­желері бойынша шұбат­та дәрумендер мен микроэлементтер жоғары деңгейде бо­ла­тындығын анықтады. Бір литр түйе шұбаты адам ағзасын тәулігіне қажетті А, С, В1, В2, D, Е дәрумендерімен қамта­масыз етеді. Шұбат туберкулез, бауыр, қан жетіспеушілік, қант диабеті, обыр және Альцгеймер сияқты ауруларды емдеуде қол­данылатын бірден-бір тағам болып есептеледі. Міне, түйе сүтінің қасиеті. Біз көз алдымыздағы байлығымызды әлі бағалай алмай жүрміз. Осы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ жа­сауға қабілеті әбден жететін ғалым жайлы жазудай-ақ жаз­дық. «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырықтың» кері болып тұр.

Қазақстанда ғалым М.То­қанов­тың еңбегін пайдаланып, түйе сүтінің құрғақ ұн­та­ғын шығаратын ірі кешен салуға болар еді. Біз сөзбұй­дамен жүргенде қай жерден пайда табуға болатынын білетін өзбек ағайындар бұл шаруаға бел шешіп кірісіп кетті. Көрші, ағайын, туысқан. Қызғанбаймыз, қызығын көр­сін. Бірақ біз неге қамсызбыз?! Жері алақандай Өзбекстан түйе шаруашылығына үлкен мән беріп жатқанда салқар даласы бар қазақтардың түйе өсіретін Қытай инвесторларына күні түсіп тұр. Түйе түлігін бұған дейін хайуанаттар бағынан көрген қытайлықтардың неге осы шаруашылыққа қыруар қаржы салып жатқаны ойландыру керек еді. Мәселе осылай бола берсе қазақтар қолындағы бар түйесінен айырылып тынар. Қазақстанның Ауыл шаруа­шылығы министрлігі осы жағ­дайға сараптама жасап, бір шешімге келеді деп сенеміз.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы