Өзбекстанмен ортадағы тасшемен шекара ашылғалы ондағы диқандардың жүзіне қызыларай жүгіріп қалды. Ал бау-бақша, жылыжай өнімдерін сыртқа қалаған бағамен өткізіп келген оңтүстік диқандары пышақтың жүзінде отырғандай қылпылдап қалды. Өйткені Өзбекстанның көкөніс бағасы Қазақстандағы нарықпен салыстырғанда жарты еседей арзан болып келеді. Өзбекстанда жұмыс күші арзан. Ағын су деген арықтарда меймілдеп тұр. Көгілдір отынның бағасы Қазақстанның көкөніс, жылыжай шаруашылығымен айналысатын өңірлеріне қарағанда сутегін. Қандай жағдайда да біздегі диқандардың ұтылатыны айқын.
«Өзбек ағайындарда жер аз, есесіне біздің мал өтімдірек» деп төрт түлікті өсіретін шаруалар өз ойына малданып, арқаны кеңге салған жағдайы бар еді. Ауыл шаруашылығына ерекше бір құлшыныспен кіріскен ала тақиялы ағайын бұл жағына да қамшы басқан сыңайлы. Бүгінде Өзбекстан Қызылорда облысынан ірі көлемде түйе сатып алып жатыр. Көрші елдің Тамды ауданындағы Ок такир кентіне сүтті аналық түйелерді қосқанда 1 500 бас түйе сатып алыныпты.
– Түйе өсіру үшін 61 мың 814 гектар жер бөлінді. Келесі жылға дейін бұл жерден шұбат жасап шығарылатын цех ашу жоспарланып отыр. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады. Бұдан бөлек, түйенің жүнін тиімді қолдану бойынша шаралар жасалуда, – дейді «Навои-коракул» қауымдастығының төрағасы У.Халилов.
Сондай-ақ осы мақсатқа Канимех ауданында 3 мыңнан астам түйе өсіруге жайылымдық жер бөлінген екен.
Ала тақиялы ағайындар Қазақстанмен шектес Айдаркөл маңында 1000 түйеге арналған мал шаруашылығы кешенін ұйымдастыруды қолға алып отыр. Бұл кешенде жылына 1000 тонна шұбат өндірілмек. Болашақта оны жылына 10 мың туристі қабылдайтын экотуристік орталыққа айналдыруды жоспарлапты.
Көңілге келмесін, өзбек ағайындар біздің қазекең сияқты жайбасарлау емес. Туристік кешендеріне талай мәрте жолымыз түскен. «Алтын олма» сияқты көлі көздің жасындай мөлдіреп жатқан аймақта жерде жатқан сынық шөп таппайсыз. Өте ықтият, таза ұстайды.
Олар түйе түлігіне жайдан-жай назар аударып жатқан жоқ. Түйе – төрт түліктің төресі. Оңтүстікте Ойсылқара тұқымының қасиетін көз майын тауысып отыз жылдан бері зерттеп келе жатқан Мұсатілла Тоқанов деген ғалым бар. Ғалымның зерттеуінше, түйе сүтінде табиғи иммунды күш-қуатты күшейтетін, адам денсаулығына пайдалы 120 химиялық элементтердің құрамы бар. Басқа жануарлардың сүтіне қарағанда, химиялық құрамы жағынан ана сүтіне жақындау болып келеді. Түйе сүтінің сиыр сүтінен ерекшелігі – дәрумендер мен май түйіршіктерінің сіңімділігі өте жоғары. Түйе сүтінен жасалған шұбат адам денсаулығына пайдалы биологиялық дәрумені мол емдік қасиеті бар тағам.
М.Тоқанов ғылыми-зерттеу нәтижелері бойынша шұбатта дәрумендер мен микроэлементтер жоғары деңгейде болатындығын анықтады. Бір литр түйе шұбаты адам ағзасын тәулігіне қажетті А, С, В1, В2, D, Е дәрумендерімен қамтамасыз етеді. Шұбат туберкулез, бауыр, қан жетіспеушілік, қант диабеті, обыр және Альцгеймер сияқты ауруларды емдеуде қолданылатын бірден-бір тағам болып есептеледі. Міне, түйе сүтінің қасиеті. Біз көз алдымыздағы байлығымызды әлі бағалай алмай жүрміз. Осы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ жасауға қабілеті әбден жететін ғалым жайлы жазудай-ақ жаздық. «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырықтың» кері болып тұр.
Қазақстанда ғалым М.Тоқановтың еңбегін пайдаланып, түйе сүтінің құрғақ ұнтағын шығаратын ірі кешен салуға болар еді. Біз сөзбұйдамен жүргенде қай жерден пайда табуға болатынын білетін өзбек ағайындар бұл шаруаға бел шешіп кірісіп кетті. Көрші, ағайын, туысқан. Қызғанбаймыз, қызығын көрсін. Бірақ біз неге қамсызбыз?! Жері алақандай Өзбекстан түйе шаруашылығына үлкен мән беріп жатқанда салқар даласы бар қазақтардың түйе өсіретін Қытай инвесторларына күні түсіп тұр. Түйе түлігін бұған дейін хайуанаттар бағынан көрген қытайлықтардың неге осы шаруашылыққа қыруар қаржы салып жатқаны ойландыру керек еді. Мәселе осылай бола берсе қазақтар қолындағы бар түйесінен айырылып тынар. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жағдайға сараптама жасап, бір шешімге келеді деп сенеміз.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы