Биылғы додаға Беларусь, Үндістан, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Филиппин, Ресей, Швеция, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, АҚШ, Өзбекстан және еліміздің ең үздік деген 180-ге жуық былғары қолғап шебері қатысуға ниет білдірген. Сонымен қатар аталған елдердің қыздар құрамасы да Астанада өз бақтарын сынамақ. Қазақстан кубогында ерлер толық 10 салмақ бойынша, қыздар төрт салмақ, яғни 51, 57, 60 және 75 кило салмақта жұдырықтасады.
Болат Әбдірахмановтың айтуынша, бокстан VI Қазақстан Президенті кубогына ең көп боксшы Таиланд елінен келген. «Жарысқа қатысушы 15 елдің ішінен ең көп былғары қолғап шебері Таиланд құрамасына тиесілі. 17 боксшы. Екінші орында 16 боксшы әкелген Өзбекстан құрамасы болса, Үндістаннан 14 былғары қолғап шебері келді. Сонымен қатар жарысқа қатысушылардың басым бөлігі өз елінің нөмірі бірінші боксшылары. Мысалы, Өзбекстан құрамасынан Олимпиада чемпиондары – Хасанбой Дусматов (49 кг) пен Шахобиддин Зоиров (56 кг), Таиланд құрамасы сапындағы екі дүркін Азия чемпионы Вуттичай Масук (64 кг) және 2015 жылғы құрлық чемпионы Чатчай Бутди (52 кг). Сондай-ақ 2015 жылғы әлем чемпионатында Данияр Елеусіновпен кездескен филиппиндік Эумир Марсиаль (69 кг) мен Чарли Суарес (60 кг) де келді», дейді ол.
Ал құрама бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов бокстан Президент кубогы Азия ойындарына баратын құрамды анықтап береді дейді. Сондай-ақ ол аталған турнир Азия елдерінің құрамалары үшін Азия ойындары алдындағы соңғы дайындық іспетті екенін айтты. «Бірінші кезекте бокстан Президент кубогы Азия ойындары алдында өткізіліп жатқаны зор маңызға ие. Турнирге біздің Азиядағы бас-
ты қарсыластарымыз Өзбекстан, Қытай, Моңғолия сияқты құрамалар өз елінің үздіктерін алып келді. Бұл біз үшін де жақсы тәжірибе алмасу және Азия ойындары алдында күшімізді бір байқап алуға жақсы мүмкіндік. Осы жарыстан соң Азия ойындарына баратын құрама біршама анықталып қалады. Дегенмен бір-екі салмақта әлі де іріктеу болады», дейді бас жаттықтырушы.
Бокстан VI Қазақстан Президенті кубогы 10 маусымға дейін жалғасады. Бокс жанкүйерлері жекпе-жектерді «Qazsport» телеарнасынан тамашалай алады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»