Әлем • 09 Шілде, 2018

Павлодар облысында 9 күнде 8 адам суға кетті

445 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының хабарынша,  1-9 шілде аралығында жазғы суға  шомылу  кезінде судағы оқыс оқиғалар күрт көбейіп кетіпті. Суға кеткен  8 адамның  4-і бала көрінеді.

Павлодар облысында 9 күнде 8 адам суға кетті

«Ертіс өзенінің жағасында 22 жағажай ресми түрде ашылды. Бірақ, адамдар облыс орталығындағы  Өзен портының су айдыны, Усолка өзені жағалауы, автожол көпірі аумағы, «Алтын-Құм» демалыс аймағы, Ақсу ГРЭС-нің су төгу арнасы, мұнай базасының жағалауы,  Екібастұз ГРЭС-2 жасанды су қоймасы, Қ.Сәтбаев атындағы арнаның су қоймасы сияқты суға шомылу үшін аса қауіпті орындарға барып суға түседі», - дейді  құтқарушылар.

Жаз  маусымының басынан бері құтқару бөлімшелері  мен сүңгуір  апаттық-құтқару жасағы  судағы болып қалар төтенше жағдайларды жою үшін   күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Сенбі және жексенбі күндері  Жасыбай және Сабындыкөл көлдерінде демалыс аймақтарына демалушылардың саны  10 мың адамға жетеді. Өткен аптада құтқару жилетінсіз катамаранда  серуендеушілер Жасыбай көліне батып кеткен. Дер кезінде  құтқарылыпты.

«Бұл бір сәттік  қана  сәт. Суға түскен кезде де, жалпы демалуға шыққан кезде барлық жағдайда сақтық қажет. Біз тұрғындарға осыны талай рет ескерттік, олардың өмірлерін сақтап қалу үшін ескертуден жалықпаймыз: Өйкені, бұл біздің міндетіміз»,- дейді бас құтқарушы Ерқанат Аққозинов.

Қазір  Ертіс өзеніндегі судың деңгейі жоғары. Сондықтан суға шомылу кезінде  сақ болу қажет. Жағажайларға жақын  және суға шомылу үшін аса қауіпті жерлерде 100-ден астам ескерту және тыйым салу белгісі орнатылған. 

Фарида Бықай

«Егемен Қазақстан»     

ПАВЛОДАР