Айтулы мерейтойға орай Жамбыл облысында Астана күндері өтті. Осыған орай Әулиеата өңіріне Астана қаласынан қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған арнайы делегация келіп, жамбылдықтармен жүздесті. Әуелі елордалық делегация бірқатар өндіріс орындарын аралап, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуын оң бағалап, өздерінің пікірлерін білдірді.
Бұдан кейін олар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен «Аймақаралық ынтымақтастық бизнес-форумына» қатысты. Мұнда өз салалары бойынша тәжірибе алмасты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Астана барлық өңірдің, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың мақтанышы екенін айтып өтті. Сондай-ақ ол Әулиеата өңіріндегі Астана күндері аясында ұйымдастырылған бұл бизнес-кездесу өзара ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.
Өз сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тарихы терең Тараз жерінің, әлеуеті артқан Әулиеата өңірінің қонақжайлылығына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Астана қаласының әлем шаһарлары арасындағы абыройы мен беделін қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегін атап өтіп, бас қаланың гүлденуі жолында Жамбыл облысының да үлесі мол екенін айтты. «Бұл кездесу аймақтардың арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін береді» деп атап өтті Ермек Әмірханұлы.
Кездесу барысында Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Досбол Күшербаев, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Құсайынов, «Смартнет» жеке кәсіпкерлігінің директоры Таир Қожахметов және «Лед Солюшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қаныбек Айтақов сөз алып, Астана қаласында атқарылып жатқан келелі жобалар мен жарқын істерге тоқталды. Сондай-ақ бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Тараз қаласында да түрлі игі жобаларды бірлесе атқаруға ниет білдірді. Аталған форум аясында қос тараптың өкілдері арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Бұдан кейін астаналық делегацияның қатысуымен облыстық өлкетану музейінде «Ақ тілекпен, Астана!» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Мұнда қонақтар Астананың және Әулиеатаның тарихына қатысты дүниелерді тамашалады. Бас қаланың байтақ мерейтойына орай Жамбыл облысындағы Астана күндері аясында «Баласағұн» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы әулиеаталық көпшілікке «Астанадан ақ тілек...» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Концерт барысында Астана қаласы филармониясының «Шалқыма» би ансамблі, Эстрада би ансамблі, Қазақ оркестрімен қатар, Гүлмира Ақүрпекова, Клара Төленбаева, Алмас Кішкенбаев сынды танымал әншілер өнер көрсетті.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»